Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Билікте "отбасылық жүйе" жоқ – Тоқаев

Қасым-Жомарт ТоқаевФото: t.me/aqorda_resmi

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман" тақырыбында өткен ұстаздардың республикалық тамыз конференциясында баяндама жасады. Ол мемлекеттік қызметте меритократия қағидаты басты орынға шыққанын атап өтті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Президент ұстаздарға арналған жиында нақты реформалар қолға алынғанын, қызметке тағайындау кезінде ел азаматтарының білімі мен кәсіби білігі ескерілетінін айтты.

"Біз бір ел, бір халық болып, Әділетті, Таза әрі Қуатты Қазақстанды құрып жатырмыз. Ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру үшін нақты реформаларды қолға алдық. Бұл – ауқымды әрі күрделі жұмыс. Бүгінге дейін біраз шаруа атқарылды. Елдегі саяси жүйе толық жаңғырды. Ұлттық экономиканың жаңа бағдары айқындалды. Қоғамымыз дамып, азаматтардың сана-сезімі өзгеруде.
Мемлекеттік қызметте меритократия қағидаты басты орынға шықты. Билікте де "отбасылық жүйе" жоқ. Азаматтарды қызметке тағайындау кезінде ең алдымен олардың білімі мен кәсіби білігі ескеріледі", – деді ол.

Сондай-ақ мемлекет басшысы Қазақстан жаңа сипатты ел болу жолына бет бұрғанын, бұл ретте ұстаздарға зор жауапкершілік артылып отырғанын бас айтты.

"Қазір елімізде рухы азат, ойы еркін ұрпақ өсіп келеді. Заңды сыйлау, тәртіпке бағыну қоғамның мызғымас қағидасына айнала бастады. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстан жаңа сипатты ел болу жолына бет бұрды. Бірақ өзгерістерді жасау – бір бөлек болса, оны біржола орнықтыру – бір басқа мәселе. Ол үшін, ең алдымен, қоғам санасы түбегейлі жаңғыруы қажет. Осы ретте сіздерге, яғни ұстаздар қауымына зор жауапкершілік жүктеледі. Себебі, нағыз "Адал азамат" мектеп қабырғасында қалыптасады", – деді Тоқаев.

Аида Тақабаева
Жұма, 15 Тамыз, 2025 11:37
Талқылау