Қоғам белсендісі Мұхтар Тайжан саяси партия құратынын мәлімдеді
Қоғам қайраткері Мұхтар Тайжан саяси партия құратынын мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
“Достар, ағайын! Бүгіннен бастап мен жаңа саяси партияны құруға кірісемін. Нағыз саяси және экономикалық реформаларды жүзеге асырту үшін бүгінгі билік - яғни бүгінгі залында отырғандардың - Мәжіліс, Сенат және үкімет 80-90% сөзсіз ауысу керек”, – деді ол Facebook парақшасында.
Тайжанның айтуынша, ел мен ұлт жанашырлары жаңа партия құрып, келесі сайлауда Нұротан-Аманат партиясын адал жарыста жеңе отырып билікке келуі қажет.
“Біздің жаңа саяси партиямыздың атауы ЖЕР ҚОРҒАНЫ болсын. Жер деген ұғым әр қазақ үшін қасиетті деп білем. Жерімізді қорғай алсақ ұрпақ үшін болашаққа жол ашамыз деген сөз. Менің жанжақты ұстанымдарымды, пікірлерімді жақсы білесіздер деп ойлаймын”, – дейді ол.
Қоғам белсендісі оның саяси және экономикалық көзқарасын қолдайтындар jerqorgany.kz сілтемесіне өтіп, тіркелуін сұрады.
“Келесі сайлаудың нәтижесінде (бәлкім биыл) біздің партиямыздың белсенділеріміз парламент пен мүлдем жаңа үкіметте табылып Елімізге нағыз, өтірік емес, шынайы реформаны енгізетін боламыз!”, – деп жазды қоғам белсендісі.
Мұхтар Тайжан – қоғам қайраткері, саясаткер, экономика ғылымдарының кандидаты. Қазақстан президенті жанындағы ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі болды. Қазақ КСР СІМ бұрынғы бас хатшысы Болатхан Тайжанның ұлы. 1973 жылы туған.
Айта кетсек, бүгін президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауында елде жаңа партия тіркеу ережесі жеңілдейтінін айтқан еді.
"Партияларды тіркеу үдерісі айтарлықтай жеңілдейтін болады. Бұл ретте партиялар үшін қарастырылған тіркеу шегін төрт есе – 20 мыңнан 5 мың адамға дейін төмендету керек. Ал өңірлердегі өкілдердің саны үш есеге төмендеп – 600-ден 200 адамға дейін азайтылады. Партияны құру үшін бастамашыл азаматтар тобының ең аз саны 1000 адамнан 700-ге дейін азайтылады", - деді мемлекет басшысы.
Бұған дейін қоғам белсендісі Санжар Боқаев болашақ "Намыс" партиясының жобасымен таныстырған еді. Сонымен қатар кәсіпкер Болат Әбілов те партия құруға ниетті екенін айтқан.