Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Артында үш баласы қалды: Қызылорда тұрғыны әйелін ұрып өлтірді

Қызылордада 3 тамыз күні күйеуінен таяқ жеген үш баланың анасы көз жұмды. Жұбайын аямаған 29 жастағы күдікті ұсталды. Алайда марқұмның туыстары қылмысқа қатысы бар деп тағы төрт адамнан күдіктеніп отыр. Олар кінәлілердің жазаланғанын қалайды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Бұл туралы "Не молчи.КЗ" қоғамдық қорының жетекшісі Дина Таңсәрі Facebook парақшасында жазды. 

Таңсәрі марқұмның туыстары жазған хаттар мен деректерді жария етті. 27 жастағы келіншек сол күні туған күнін атап өту үшін күйеуімен бірге дәмханаға барған. 

"Екеуі 2015 жылы отбасын құрды. Үш ұлы бар: 5, 3 және 2 жаста. Күйеуі бұған дейін де оны ұрып-соққан. Ол балалары үшін кешіріп, қайта қабылдап жүрді. Сіңілім жоғары білімді. Бір аптадан кейін лицензиясын алып, нотариалдық қызметпен айналысуы керек еді. 
2-сі күні оның туған күні болды, 27 жасқа толды. Сол күні екі баласын анасына тастап кетті, өйткені тек күйеуімен атап өткісі келді. Олар үнемі тек екеуі тойлайтын, өйткені күйеуі қатты қызғаншақ", – дейді марқұмның туысы. 



Үш баласын анасынан айырған қылмыскер ұсталды. Полицияның хабарлауынша, ол досының үйінде жасырынған. Алайда марқұмның туыстары қылмысқа қатысы бар өзгелердің де жазаланғанын қалайды. 

"Әйелді қаскөйдің қолына қалдырып, аса ауыр қылмыстық орын алуына жол берген полицейлерді жауапқа тартуды талап етеміз. Ағасы Нұрболды қылмыстың қатысушысы ретінде тануды, ал оның әйелін қылмыс туралы хабарламағаны үшін, ал караоке қызметкерлерін жазбалардың көзін жойғаны үшін жауапқа тартуды сұраймыз. Осы екі жылдың ішінде өлтірілген барлық әйелдер үшін "Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы" Заңының күшін жойғандарды жауапқа тартуды сұраймыз. Ол заңды қабылдаңыздар! Тағы қанша адам өлуі керек? Қызылорда ПД басшысының қызметтен кетуін талап етеміз", – делінген марқұмның туыстары жазған хатта. 

Ал Қызылорда облыстық полиция департаменті аталған факті бойынша тергеу жүріп жатқанын хабарлады. 

​"Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 99-бабы, 1-бөлімі (адам өлтіру) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды", – деп хабарланды полициядан. 

Бұған дейін Қызылордада мас ер адамның әйелін белгісіз себеппен ұрып өлтіргенін жазған едік.
 

Талқылау