Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қызылордада оқушылар түрменің ғимаратында білім алуға мәжбүр

Қызылорда қаласында “Жайлы мектеп” жобасы аясында шенеуніктер құрылысы басталуы тиіс жаңа білім ордасына әлі күнге дейін орын дайындамаған деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап.

мектепТүсірілімнен скриншот

Нысан салынады деген жердің біраз бөлігі жеке кәсіпкерлердің меншігінде. Сол үшін мыңға жуық оқушы бірнеше жылдан бері бұрынғы түрменің ғимаратында білім алуға мәжбүр.

Қызылорданың Ақмаржан шағын ауданындағы бұрынғы түрме ғимараты болған мектептің орнына екі айдан соң жаңа мектеп қабырғасы қалануы керек. Бұл үшін "Самұрық – Қазына" Constracion-нан  қаражат бөлінді. Соған қарамастан, жергілікті шенеуніктер жұмыстарын атқара алмай отыр. Ата-аналардың айтуынша, жаңа нысан тұрғызылуы керек 2,4 гектар жердің төрт мың шаршы метрі әлі күнге жеке азаматтардың еншісінде.

“Осы жерге мектеп салынады деп жоба бойынша сызба сызылды. Ал енді мектеп салынады деп тұрып, неге мына жердің барлығын коммерциялық мақсатқа сатады? Әкімдік "сіздерге ондай мектеп салуға қаражатымыз жоқ" дейтін болса, халықтан жинайық”, – дейді ауыл тұрғыны Дәрігүл Жалбырова.

10 жылдан бері құр уәдеден шаршаған ата-аналар әлі күнге орны дайын емес нысанға бөлінетін қордың қаражатынан қағылып қалудан қорқады. 40 жыл бұрын түрме болған қазіргі мектепте мың оқушының білім алуына жағдай жасалмаған. Ғимарат тар болғандықтан, дәлізде екі оқушы қатар жүре алмайды. Оның үстіне акт залы, зертханалық кабинеттер жоқ. Ескі ғимараттың талапқа сай келмейтінін мектеп директоры да растап отыр.

“Балалар үшін тығыздау. Оқу стандартына сәйкес келмейді. Соған байланысты қазір бұл мектептің жарамсыздығы жөнінде жұжаттар дайындалып жатыр. Осы бір-екі күннің көлемінде аяқталса, қорытындысын аламыз. Егер қорытындысын алатын болсақ, мектеп бұзылуға жатады”, – деді Қызылорда қаласы №197 орта мектептің директоры Еркін Ақшалов.

Жауапты басқармадағылар кәсіпкерлермен екі жақты келісім жүргізіліп жатыр дейді. Айтуларынша, азаматтар меншігіндегі жер телімдерін мемлекет меншігіне бермесе де, мамандар жаңа мектептің жобалық құжаттарын дайындап жатыр.

“Ол жерге мектеп салынатыны анық. Сондықтан қала әкімдігінен мемлекет мұқтажына алу жөнінде қаулы шықты. Шектеулердің барлығы қойылды. Құрылысқа байланысты ешқандай тоқтау жұмыстары болмайды”, – деп мәлімдеді Қызылорда облысы сәулет және қала құрылысы басқармасының бөлім басшысы Дінмұхамед Сырлыбаев.

Әлі күнге жерінің біраз бөлігі жекенің меншігіндегі мектептің екі айдан кейін құрылысы басталады дегенге ата-аналар сенімсіздікпен қарайды. Бұрын түрме болған нысан сараптамадан кейін сүрілуі мүмкін. 

Қырмызы Скендирова
Жұма, 24 Ақпан, 2023 07:36