Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қызылордада оқушылар арасындағы жанжал пышақ жарақатымен аяқталды

15 жастағы оқушыны пышақтап кеткенФото: Іstockphoto.com / MuhammadAlimaki

Қызылорда қаласында жасөспірімдер арасындағы дау ауыр жарақатқа ұласты. Қаладағы №267 мектептің 15 жастағы оқушысын пышақтап кеткен. Оқиға күндізгі уақытта, яғни сабақтан тыс мезгілде болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Куәгерлердің айтуынша, жоғары сынып оқушысы мен колледж студенті арасында сөзге келіспеушілік туындап, артынша жанжал төбелеске ұласқан. Сол сәтте тараптардың бірі екіншісіне суық қару қолданған. Осфлайша мектеп оқушысы іш және кеуде тұсынан жарақат алған. Дәрігерлер зардап шеккен жасөспірімнің жағдайын орташа ауыр деп бағалап отыр. Қазір ол қалалық аурухананың жансақтау бөлімінде ем қабылдауда.

Ал күдікті көп ұзамай полиция қызметкерлерімен ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қызылорда облыстық полиция департаменті басшысының орынбасары Серік Тоқтыбаевтың айтуынша, оқиға бойынша Қылмыстық кодексінің 106-бабы, 1-бөлігі "Кәмелетке толмаған адамға қасақана ауыр дене жарақатын салу" бойынша қылмыстық іс қозғалған.

"Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Сараптамалар тағайындалды", – деді Серік Тоқтыбаев.

Мектеп әкімшілігі болса, оқиға сабақтан тыс уақытта болғанын айтып, бұл жағдайдың білім ордасына қатысы жоқ екенін жеткізді. Құқық қорғау органдары ата-аналар мен ұстаздарды балалардың мінез-құлқына, ортасына және әлеуметтік желідегі белсенділігіне көбірек назар аударуға шақырды.


"Полицейлер оны пышақтап жатқанын көрген": Астанада түнгі клубта көз жұмған 19 жастағы жігіттің әпкесі оқиғаның қалай болғанын айтып берді


"Інісінің көзінше ұрып өлтірген": Жамбыл облысында қатарластарының қолынан қаза тапқан жасөспірімнің анасы оқиғаның қалай болғанын айтып берді


Еске салайық, бұған дейін Жамбыл облысында оқушылар қатарласын ұрып өлтірді деген күдікке ілінгенін жазған едік. Жамбыл облысы, Шу ауданының Көкқайнар ауылында 10 және 11-сынып оқушылары арасындағы футбол ойынынан кейін жанжал туындап, 10-сыныптың оқушысы соққыдан қаза тапты. Оқиғаға байланысты 16 және 17 жастағы екі күдікті ұсталды, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 08 Қазан, 2025 08:51
Талқылау