Қазақстанда отбасылардың жәрдемақы алу үшін әдейі ажырасатыны рас па? Зерттеп көрдік
Фото: Stan.kz / ЖИ көмегімен жасалған
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев таяудағы жолдауында елімізде бір кездері "әлеуметтік саланың жанашырлары" ойлап тапқан "толық емес отбасы" ұғымы ажырасу толқынын күшейтіп, жалқаулық пен масылдықтың тамыр жаюына жол ашқанын қатаң сынға алды. Мемлекет басшысы бүгінде отбасы мүшелерінің көбі нысаналы әлеуметтік көмек пен жәрдемақыға үміт артып, еңбекке құлық танытпай отырғанын айтты. Осыған байланысты Stan.kz редакциясы соңғы он жылдағы деректерді саралап, әлеуметтік көмек енгізілгеннен бері қанша қазақстандықтың некесін бұзғанын және қанша отбасының жәрдемақыға тәуелді болғанын есептеп шықты.
Атаулы әлеуметтік көмекке қанша теңге бөлінді және қанша адам алды?
Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің Stan.kz редакциясының ресми сауалына берген жауабына сәйкес, соңғы бес жылда атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны жыл сайын өзгеріп отырған. 2020 жылы республика бойынша 184 662 отбасы немесе 936 189 адам АӘК алған. 2021 жылы бұл көрсеткіш 198 418 отбасыға (990 539 адам) дейін артқан. Алайда кейінгі жылдары алушылар саны азая бастаған:
• 2022 жылы – 141 529 отбасы (728 687 адам);
• 2023 жылы – 113 559 отбасы (595 714 адам);
• 2024 жылы – 78 097 отбасы (413 655 адам);
2025 жылдың 1 қыркүйегіне қарай – 50 328 отбасы немесе 270 656 адам көмек алған. Министрлік мәліметінше, АӘК санаттарға бөлінбейді. Бұл көмек толық, толық емес, көпбалалы немесе аз қамтылған отбасыларға, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі азаматтардың отбасыларына да тағайындалады.
"Кім өтініш білдіріп, критерийлерге сай келсе, соған төленеді. Біз жәрдемақыны санаттарға бөліп бермейміз. Сондықтан тек жалпы статистиканы ғана ұсына аламыз", – деп хабарлады министрлік.
Алайда министрлік редакция сауалына берген жауабында әр жылдары атаулы әлеуметтік көмекке қанша қаражат бөлінгенін және соңғы бес жылда қандай жәрдемақы түрлері тағайындалғанын ашып көрсетпеді. Сол себепті редакция ұлттық статистика бюросының ашық деректеріне сене отырып, 2015 жылдан 2025 жылға дейінгі кезең бойынша әлеуметтік төлемдердің көлемі мен алушылар санын өз бетінше жинақтап, талдау жүргізді.
• 2015 жылы АӘК 34,7 мың адамға төленіп, әр адамға орта есеппен 2407 теңгеден берілген. Жалпы төлем көлемі 752,5 миллион теңге.
• 2016 жылы көмек 12,4 мың адамға беріліп, жалпы сома 163,2 миллион теңге.
• 2017 жылы жобаны жалғастыру үшін республикалық бюджеттен 7,1 миллиард теңге қарастырылып, шамамен 150 мың аз қамтылған азаматты қамту жоспарланған.
• 2018 жылы атаулы әлеуметтік көмек 571 584 адамға төленіп, жалпы сома 33,2 миллиард теңге болды.
• 2019 жылы көмек 285,7 мың отбасына берілді, бұл мақсатқа 124,3 миллиард теңге бөлінді.
• 2020 жылы 168,6 мың отбасының 858,2 мың адамы атаулы әлеуметтік көмек алды. Жалпы төлем көлемі 58,3 миллиард теңге.
• 2021 жылы 128,8 мың отбасының 649 мың адамына көмек тағайындалған, 122,8 миллиард теңге бөлінген.
• 2022 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша атаулы әлеуметтік көмек 127,6 мың отбасының 657,3 мың адамына берілді. Бұл мақсатқа 83,8 миллиард теңге бөлінген.
• 2023 жылы 114 мың отбасы атаулы әлеуметтік көмек алып, оларға 57 миллиард теңге төленді.
• 2024 жылы Қазақстанда 78,1 мың отбасының 413,7 мың адамы әлеуметтік көмек алған. Бұл мақсатқа барлығы шамамен 39,5 миллиард теңге бағытталған.
• 2025 жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмектің мөлшері табыс негізінде есептеледі. Жаңа тәртіп бойынша ол 169,1 мың адамға тағайындалып, жалпы сомасы 2,3 миллиард теңге болды.
Инфографика: Stan.kz
Кейінгі онжылдықта Қазақстанда әлеуметтік қолдау көлемі ұлғайған сайын, некесін бұзған отбасылардың саны да арта түскен екен. 2010 жылдары 40-45 мың неке бұзылса, 2018 жылы олардың саны 54,8 мыңға, ал 2019 жылы – 59,8 мыңға жеткен. Бұл Қазақстан тарихындағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі.
Инфографика: Stan.kz
Ажырасудың “прагматикалық” себебі
"Дағдарыс орталықтары одағының" басқарма төрайымы Зүлфия Байсақова президенттің сынымен келіседі. Ол бірнеше жыл бойы жүргізген зерттеулерден кейін көптеген отбасылардың ресми түрде ажырасуы әлеуметтік төлем алу мақсатында болғанын анықтаған.
"Мысалы, күйеуім және бес балам бар делік. Сонда екі жалақы (немесе тек күйеуімнің жалақысы және менің көпбалалы ана ретінде алатын жәрдемақыларым) қосылып, бәріне теңдей бөлінеді. Егер осы жиынтық табыс белгілі бір ең төменгі деңгейден жоғары болса, онда мен АӘК алмаймын. Сондықтан маған бұл жағдайда күйеуімнен ресми түрде ажырасу тиімдірек. Бірақ онымен азаматтық некеде, ресми емес қарым-қатынаста бірге тұра беремін. Ол өз еңбекақысын ала береді. Оған алиментке арыз жазбаймын, себебі ол автоматты түрде тағайындалмайды. Тек өтінішім негізінде беріледі. Ал мен, әрине, арыз бермеймін", – дейді Байсақова.
Зүлфия Байсақова жуырда жүргізген зерттеулерінің де осы құбылысты дәлелдегенін атап өтті. Байсақованың айтуынша, мұндай ажырасулар кез келген жастағы адамдар арасында кездеседі.
"Кейде неке тек атаулы әлеуметтік көмек немесе басқа жеңілдіктерді алу үшін ғана бұзылады. Ал мұндай жағдайда отбасы ешқашан жаңа даму деңгейіне көтеріле алмайды. Соның салдарынан біз, салық төлеушілер, оларды шексіз қолдауға мәжбүр болып отырмыз", – деді Зүлфия Байсақова.
Зүлфия Байсақованың айтуынша, әлеуметтік жеңілдіктердің қолданыстағы тәртібі кейде кері әсерін тигізеді. Ол есептеу жүйесінде қате барын 2019 жылдан бері айтып келеді.
“Сол жылы жәрдемақы мөлшері арттырылғанда АӘК алу үшін кірістерді жасыру, жұмыстан босату, отбасындағы ажырасу фактілері көп болды. Сонымен қатар Қазақстанда алғашқы болып ашылған "Бақытты отбасы" орталығында көпбалалы аналар келе бастады, осы кезде атаулы әлеуметтік көмек енгізілген еді. Белгілі бір критерийлерге сәйкес әрбір отбасы мүшесіне ең төменгі табыс мөлшері есептелді. Соның салдарынан ажырасулар көбейді, адамдар жұмысынан шыға бастады, себебі ең төменгі жалақы да отбасының табысына қосылып есептелді. Осылайша күннен күнге мұндай тәжірибелердің қатары көбейе берді", – деп түсіндірді ол.
Маман қазір бар жеңілдіктерді тым көп деп айтуға болмайды деп отыр. Бірақ отбасылардың жағдайын анықтайтын ережелердің өзі дұрыс ойластырылмаған дейді Зүлфия Байсақова.
"Біз бір отбасыға белгілі бір мерзімге ғана көмек төлеуіміз керек. Егер осы уақыт ішінде отбасы тұрмысын жақсарта алмаса, мемлекет “Біз қаржы бөлдік, бірақ неге отбасы жағдайын жақсарта алмады?” деген сұрақ қоюға тиіс. Мысалы, неге міндетті түрде жиынтық табысты, тұрғын үйдің бар-жоғын есептеу керек? Адамдар әдейі үйлерін тастап, ауылдық жерден қалаға көшіп келіп, өздерінде тұрғын үй жоқ екенін көрсету үшін қаладағы пәтерлерге уақытша тіркеліп жатты", – дейді сарапшы.
Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантайұлы елімізде жалған ажырасу жағдайларының көбейгеніне алаңдаушылық білдірді. Оның айтуынша, кейбір отбасылар атаулы әлеуметтік көмек пен тұрғын үй алу үшін әдейі құжат жүзінде ажырасып, шын мәнінде бірге өмір сүруін жалғастырады.
"2025 жылдың басында өңірлерді аралап, сайлаушылармен кездесіп, олардың қоғамды ілгерілетуге байланысты пікірін тыңдап, біраз аманатты арқалап келдік. Сонда жергілікті жердің әкімдері жалған ажырасу фактісі көбейгенін қаперімізге тағы салды. Шыны керек, өтірік ажырасқандардың көздегені – оңай жолмен пайда табу. Мәселен, 2015 жылы ресми ажырасып, мемлекеттен көмек алып, әлеуметтік осал топтың қатарына еніп, тұрғын үй кезегінде тұрған отбасылар да 2017, 2020 жылы ортақ балалары дүниеге келіп, әкесінің тегін алған. Тіпті, ағайын-туысы да көрші-қолаңы да олардың ешқашан ажыраспағанын айтады. Яғни, кейбір отбасылар саналы түрде құжат негізінде ажырасқанымен бір үйде тұрып, бала тәрбиесімен бірге айналысып, тіршілік етіп отыр. Мұндай қадамға барған отбасылар мемлекеттен субсидия мен жеңілдік алу үшін барын салады", – дейді депутат Жарқынбек Амантайұлы.
Депутат мұндай әрекеттерді "оңай жолмен пайда табу" деп атап, бұл жағдай отбасы құндылықтарының әлсіреуіне және шынымен көмекке мұқтаж жандардың құқығының шектелуіне әкеліп отырғанын айтты. Жарқынбек Амантайұлы "Неке және отбасы туралы" заңды жетілдіріп, жалған неке мен жалған ажырасуды реттейтін нормаларды енгізу қажеттігін ұсынды.
Дарина Дәулетбек: “Мәселенің түп тамыры халықта емес ”
Демограф Дарина Дәулетбек желідегі парақшасында президенттің айтқан сынын түсінсе де, мәселенің түп тамыры халықта емес, саясатта жатқанын айтады. Оның сөзінше, әлеуметтік жеңілдіктер мен ажырасу деңгейінің арасында дәлелденген себеп-салдарлық байланыс жоқ.
"Мәселе адамдарда емес, саясаттың өзінде. Егер мемлекет адамдарға бірнеше төмен жалақылы жұмысты қатар істеуден гөрі “толық емес отбасы” болып тіркелуді тиімді етіп қойса, олардың сондай жол іздеуі табиғи нәрсе. Кей отбасылардың ресми түрде ажырасып, шын мәнінде бірге өмір сүруі алдау емес, жүйеге бейімделудің қалыпты түрі. Мұндай жағдай тек Қазақстанда емес, кез келген елде болуы мүмкін, себебі адамдар кез келген қоғамда өз өмірін оңтайландыруға тырысады”, – дейді Дарина Дәулетбек.
Оның айтуынша, экономикалық тұрақсыздық жағдайында азаматтар қосымша табыс көзін іздеуге мәжбүр, ал төмен жалақы мен тұрақсыз еңбек жағдайы адамдарды амалсыздан мемлекеттік бағдарламаларға жүгінуге итермелейді.
Дарина Дәулетбек мұндай көзқарастың қауіпті екенін атап өтіп, әлеуметтік жеңілдіктердің өздері емес, олардың дұрыс жоспарланбауы мен бақылау тетіктерінің болмауы мәселені ушықтырғанын айтты. Демографтың пікірінше, халықты “масыл” немесе “жалқау” деп айыптау қоғамның әлеуметтік институттарына деген сенімді әлсіретіп, биліктің жауапкершілігінен назарды басқа жаққа аударады.

Қазақстанда отбасылардың жәрдемақы алу үшін әдейі ажырасатыны рас па? Зерттеп көрдік
