Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қызылордада қарапайым жігіт "Халық қалаулысы" атанды: Халық галстук киген әртістерден шаршады

Қызылорда облысының тұрғындары Ерлан Мұсаев есімді жігітті жақсы таниды. Қоғамдық қор төрағасы, атышулы блогер аймақ дамуының келеңсіз тұстарын сынға алып, проблемаларды шешудің нақты жолын көрсетіп келді. Белсенді азамат өзінің ойын ашық айтудан жасқанған емес. Міне, сол Ерлан өткен жылы Қызылорда қалалық мәслихатының депутаттарының қатарын толықтырып, мандат иегері атанды. Stan.kz сайтының тілшісі жас депутатпен сұхбаттасып қайтқан еді. 

- Қайырлы күн, Ерлан. Өзіңізді оқырмандарымызға жақынырақ таныстыруыңызды сұраймыз?

- Қайырлы күн  Мен қарапайым отбасында дүниеге келгенмін. Негізінен интернационалды ортада өстім. Көршілеріміз корей, орыс, өзбек, татар, тіпті еврей ұлтының өкілдері болды. Бала кезімнен футбол ойнағанды ұнаттым. Өз ортамда көшбасшы болдым. Бұзақылыққа, төбелеске жақын едім. Энергиямның көп болғанынан керек, ата-анам мені бал биіне жаздырды. Көрші қыздың би билейтін серігі болмай қалған, содан мені би орталығына апарды. Достарым арасында "бал биімен" айналысу деген күлкілі естілетін, тіпті мазақ еткендер де болды. Әпкеммен би орталығына барғанымда, мені ұстаздар қабылдағысы келмеді. Үстімде ақ майка мен аяғымда кір-кір шалбарым болатын. Өзім қап-қарамын. Мұғалімдер мені "биге жарамайды" деп қайтарып жіберді. Үйге келген соң, анам әбден жуындырып, таза киімдерімді кигізіп, орталыққа қайтадан жібергені есімді. Нәтижесінде мен бимен кәсіби тұрғыда айналыстым. Би орталығында өнерлі балалар көп болды. Көпшілігі өзге ұлт өкілдері еді, қатты намыстанатын едім. Қатарымнан қалмауға тырыстым. Арада біршама уақыт өткеннен кейін, түрлі сайыстарға қатысып, жеңімпаз атанып жүрдім. Қаладағы №4 мектепті қазақ тілінде бітірдім. Қарап отырсам, мен көбіне өзге ұлт өкілдерімен бірге өстім. Бұл жағдай менің көзқарасымның қалыптасуына, тұлға болып жетілуіме әсер етті. Кейбір кезде қазақша сөйлесем, таныстарым таңғалып жатады. 

Менің мамандығым - мұнайшы. Қазіргі таңда мұнай компаниясында инженер болып еңбек етемін.  Бұдан бөлек 5 жылдан бер қоғамдық қорды басқарып келемін. Көбіне қоғамдық жұмыстармен айналысқан ұнайды. Бұл - менің азаматтық позициям. 

- Ерлан, сіз қай аумақтың депутатысыз? Ол учаскеде қандай проблемалар бар?

- Мен негізінен қаланың орталығына жауап беремін. Мұнда әлеуметтік мәселелер шаш-етектен. Көп жағдайда мердігер компаниялардың өз жұмысына селсоқ қарайтындары алаңдатады. Қазір жеке бизнес субъектілерін тексеруге тыйым салынған. Бұл жағдайды мекемелер өз есебіне пайдаланады. Тұрғындар арызданғанымен, олардың шағымына құлақ түріп жатқандар жоқ. Жергілікті билік өкілдері де кәсіпкерлерге қарсы шыға алмайды. Өйткені кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауға көп көңіл бөлініп кеткен. Ал, қарапайым адамның мүддесі ескеріле бермейді. Бұл жағдай мен үшін өте түсініксіз. Ойын алаңдарының да жағдайы мәз емес. Кейбір кезде тұрғындардың мәдениеттілігі ақсаңдап жатады. Бізге жауапкершілік жетіспейді. Әкімшіліктегілер де есеп үшін жұмыс жасауды доғаруы керек. Көзбояушылықтың қажеті жоқ, халық галстук киген әртістерден шаршап кетті. Қазір бұл салады оң өзгерістерді байқап жүргенім рас. 

- Сіздің "ағашка" депутаттардан айырмашылығыңыз қандай?

- Қазір мен қалалық мәслихат депутатымын. Қасымдағы депутаттар, сәйкесінше менің әріптестерім. Оларды "ағашка" деп атағаным дұрыс болмайды. Мәслихатқа жасы үлкен кісілер керек. Өйткені олардың бізбен бөлісетін тәжірибесі бар. Менің ол кісілерден басты артықшылығым, мен әлеуметтік желіні халықтың қажеттілігі үшін пайдалана алуымда шығар. Жас болғандықтан, энергиям да басым. Сонымен қатар, сессия кезінде мен өз ойымды ашық айтудан қорықпаймын, проблемаларды көрсетуден сескенбеу керек. Өкінішке орай, қаланың бюджеті шексіз емес. Қаржыны ескере отырып, ұсыныс беруді үйреніп жатырмын. Мәслихатқа ұйықтауға келмегенім анық. 

- Қалай ойлайсыз, халық депуттарға неге сенбейді?

- Мен қазіргі шақырылым туралы айта алмаймын. Өйткені депутаттар жұмысқа енді кірісіп жатыр. Біздің алдымыздағы халық қалаулылары туралы айтып, пікір білдіруге болады. Жасыратыны жоқ, көптеген адамдар депутаттарға "Әмиян" ретінде қарайды. Яғни, олардың пікірі бойынша депутат ол қалталы әрі бай азамат. Бұл дұрыс пікір емес. Депуттарға айлық төленбейді, тек мандат беріледі. Бұл мандат арнайы ресми ұсыныстар беруге ғана керек. Депутаттардың барлығы бірдей ашық болды деп айта алмаймын. Әлеуметтік желілерді қолдана алмайтын халық қалаулылары да болды. Негізі халыққа жағу өте қиын, барлығына бірдей көмек беру мүмкін емес. Менің жұмысыма да көңілі толмайтындар кездеседі. Маған "бала" ретінде қарайтындар да кездеседі. Мен қолымнан келгенше мәселені шешуге тырысамын, шағымданып келген азаматтың арқасынан қағып шығарып салу менің мақсатым емес.

- Ақшасыз депутат болуға болады ма?

- Қазіргі уақытта бұл стереотип толығымен ескірген. Қазір депутаттыққа шынайы жанашыр адамдарды шақырады. Бүгінгі күні мәслихатта жомарт кәсіпкерлер, қоғам белсенділері мен өз ісінің шынайы мамандары топтастырылған. Депутат болу үшін ақша беру ақымақтық деп ойлаймын. Өйткені, ол ақша қайтпайды. Кейбір кісілер тендер үшін немесе мемлекеттің қамқорлығы үшін ұмтылуы мүмкін. Бұрын мұндай жағдайлар кездесті, оны жасыра алмаймыз. Бірақ қазір мәслихат құрамындағы депутаттар - қадірлі азаматтар. Жергілікті депутаттарды елордадағы халық қалаулыларымен шатастыруға болмайды. Миллиондап айлық алатын әріптестеріміздің жағдайы тіпті басқаша.      

- Мандат "дух" бере ме? Қоғамға деген көзқарасыңыз қаншалықты өзгерді?

- Мандат алғаннан кейін айтарлықтай өзгердім деп айта алмаймын. Мен қарапайым ұстаздың баласымын. Өз күнімді өзім көріп жүрген жігітпін. Менің жанұям да қарапайым. Мектеп кезінде бал биін билеп, ақша тапқан кездерімді ұмытпаймын. 9-сынып оқып жүргенімде мейрамханаларда даяшы болып жұмыс жасап, отбасымды асыраған кездерім де болды. Адам өткен жолын ұмытпауы керек, қазіргі күні осы уақытқа дейін толғандырған мәселелерді жоғарыдан айтуға мүмкіндік туды. Мен осы жағдайға қуанамын. 

- Сұхбатыңызға рахмет! 
  
  

            
 

Талқылау