Қызылордада 2,5 миллиард теңгеге салынған оқушылар сарайының жұмысы тұралап тұр
Қызылордада осыдан бір ай бұрын 2,5 миллиард теңгеге салынған оқушылар сарайы ашылды. Алайда 50-ге тарта үйірмелері бар мекеме балаларсыз, қаңырап тұр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Жаңа оқушылар сарайының ашылғанын білетін қызылордалықтар мекеменің қала сыртында орналасқаны ыңғайсыз екенін айтады. Ал кейбір қала тұрғындары оқушылар сарайының ашылғанынан мүлдем бейхабар. Сол себепті болар күндізгі уақыт болса да ғимаратқа кіріп-шығып жүрген балалар жоқ.
“Оқушылар сарайының ашылғанын естіген жоқпын. Газеттен оқығанмын салынып жатыр деп. Бірақ ашылғанын естімедім”, “Үйірмелерді ашпаса мемлекеттен ақша бөліп, үлкен ғимарат ашудың қажеті не? Қаңырап бос тұр”, “Немерелерімді жібере алмаймын, апаратын адам керек, қатынас қиын”, – дейді қала тұрғындары.
Қаланың сол жағалауында орналасқан оқушылар сарайына қатынайтын қоғамдық көлік мәселесі де шешілмеген екен. Бір қызығы, бастапқыда бос тұрған кабинеттер түсірілім тобы келген соң балаларға тола бастады. Сол кезде мекеме басшылары жұмысқа толық кірісе алмай отырғандарын мойындады.
“Қалай айтсам екен. Үздіксіз жұмыс процесі басталғанға дейін жарнама жүре береді. Келген балаларды қамтып, оларды әрі қарай топтарға бөле береміз. Жалпы 50-ге тарта үйірме жүргізіледі деп жоспарланған еді. Бүгінде қабылданған мұғалімдерге байланысты 10 үйірменің жұмысы жүйелі түрде жүргізіліп отыр”, – дейді оқушылар сарайы басшысының міндетін атқарушы Гаухар Құдайбергенова.
Кәсіпкерлердің демеушілігімен 2,5 миллиард теңгеге жуық ақшаға салынған оқушылар сарайы қазір білім бөліміне тиесілі. Ал басшының міндетін атқарушы үйірме ұстаздары түгел болмаса да неліктен кешеннің лентасы ерте қиылғаны туралы айта алмады. Айтуынша, қазір мамандар қабылдау үшін конкурс өткізіліп жатыр.