Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қайсар" клубына Қызылорда облысының әкімдігі 858 млн теңгеден астам қаражат бөлмек

Қайсар фкФото:”Қайсар” фк

Қызылорда облысының әкімдігі жекенің қолына өткен “Қайсар” футбол клубына 858 млн теңгеден астам қаражат бөлмек. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

2025 жылдың қазан айында жекеге берілген клубты күтіп ұстау және дамыту үшін шамамен 1 млрд теңге қарастырылған. Тиісті тендерді облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы жариялады. Өтінімдер 19 ақпанға дейін қабылданады.

Клубтың жаңа директоры  “TAU Group Ltd” компаниясының иесі, кәсіпкер Исламғали Қозбақов.

Қаражат:
– жаттығу процесін ұйымдастыруға;
– командалардың Қазақстан Премьер-лигасы, Екінші лига және Қазақстан кубогына қатысуына;
– оқу-жаттығу жиындарына (Қазақстанда және шетелде);
– спорттық киім, құрал-жабдық, тамақ, медицина, сақтандыру;
– жалақы, сыйақы, іссапар, әкімшілік және коммуналдық шығындарға жұмсалады.

Клуб федерация талаптарын және спорт туралы заңнаманы сақтауға міндетті.

Сонымен қатар құны 25,7 млрд теңге болатын “Қайсар Арена” стадионы 5 жылға кепілді басқаруға берілмек. Яғни толық сатып алу құқығы жоқ. Нысан 11 мың көрерменге арналған, УЕФА-ның 4-санатына сәйкес келеді. Бұл клубтың өз аренасы болмақ.

Басқарушы компания жыл сайын таза табысының 50%-ын бюджетке аударуы тиіс.

Айта кетейік, клуб жеке басқаруға өткен соң алдағы уақытта академия мен инфрақұрылымды дамытуға шамамен 12 млрд теңге инвестиция тарту жоспарланып отыр.

"Қайсарды" жекеге беру Қазақстан футболын жеке инвестиция есебінен дамыту бағытындағы алғашқы қадамдардың бірі ретінде бағалануда.

Ақерке Өмірхан
Сәрсенбі, 18 Ақпан, 2026 21:03