Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

63 немересі 26 шөбересі бар: Қызылорда облысында 18 баланы дүниеге әкелген алтын құрсақты ана тұрады

Қызылорда облысы Жалағаш ауданына қарасты Еңбек – батыр аналарды түлеткен берекелі ауыл. Бүгінде мұнда 37 "Алтын алқа" және 61 "Күміс алқа" иегерлері тұрады. Сонымен қатар елді мекенде 47 көп балалы отбасы мамыражай күн кешуде. Stan.kz ақпарат агенттігінің өңірдегі тілшісі атақты ауылға арнайы барып, көп балалы отбасылар шаңырағымен кездесіп, бала тәрбиесінің қыры мен сыры жайлы батыр аналардан сұраған еді.

Фатима Нұрмағанбетованың ұрпағы

Еңбек ауылы халықаралық "Батыс Еуропа –  Батыс Қытай" күре жолының бойында орналасқан. Қазір мұнда 1527 адам тұрады. Жергілікті халық негізінен күріш егумен шұғылданады. Соның нәтижесінде ауылда тұрмысы төмен отбасы жоқ деседі.

Жалағаш ауданына қарасты Еңбек ауылының бір ерекшелігі – мұнда алтын құрсақты аналар көп.

Солардың бірі – 76 жастағы Фатима Нұрмағанбетова. 18 баланы дүниеге әкелген ана бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отыр. Тұрмысқа 16 жасында шыққан. Саналы ғұмырын шаруашылық жұмысына арнаған ақ жаулықты ананың жастарға айтатын өсиеті жетерлік.

Фатима Нұрмағанбетова

"Жас кезімізден еңбекпен шұғылдандық. Жанұялы болып, 18 баланы дүниеге әкелдік. Өкінішке қарай, бір балам қайтыс болды. Қалғанын барлығын аяқтандырдық, қатарынан кем қылмадық. Бүгінде балаларымның өз алдына отбасылары бар. Немере, шөбере сүйіп отырмыз. Балаларымызды жақсы тәрбиелеуге тырыстық, еңбекті сүйіп өсірдік. Маңдай термен табылған нан қашанда тәтті", – дейді қарт ана.

Фатима апа бүгінде 63 немересі 26 шөбересінің қызығын көріп отыр.

Тағы бір ауыл тұрғыны Дәрікүл Тоқабаеваның биыл жасы 80-нен асты. Ақ жаулықты ана 10 балаға өмір сыйлаған, бүгінде оның сегізінің көзі тірі. Сөзінше, тұрмысқа 20 жасында шыққан екен.

Дәрікүл ана жас кезінде шаруашылықта сауыншы әрі сушы болып еңбек еткен. Бүгінде де ісмерлік істі жалғастырып келеді. Келіндері мен немерелеріне кілем тоқып, киіз басуды үйретуден жалыққан емес. Еңбектің арқасында шаңырақтан береке алыстаған емес.

Дәрікүл Тоқабаева

"Өткен жылы күйеуім екеуміздің отбасылы болғанымызға 60 жыл толып, дүркіретіп той жасадық. Аллаға шүкір, бала-шағамыздың қызығын бірге көріп келе жатырмыз. Бүгінде 70-тен аса немереміз бен 50-ден аса шөбереміз бар. Ісмерлікпен айналысқан өзіме қатты ұнайды.

Бұл кәсіпті қыздарым мен келіндерім де жақсы меңгерген. Ауылымызға шынымен қасиет дарыған деп ойлаймын. Мұнда батыр аналар өте көп. Ең қуаныштысы, жас келіндер де біздің ізімізді жалғап келеді", – дейді Дәрігүл Тоқабаева.

Батыр аналар бүгінде кенже ұлдарының шаңырағында тұрады. 

Дәрікүл Тоқабаева отбасымен

Көп балалы әжелердің қатысуымен ауылда “Батыр аналар" ансамблі өнер көрсетеді екен. Алтын құрсақты аналардан құралған шығармашылық ұжымның репертуарында қазақтың ұлттық әндері бар. Мәдениет үйінде өнерлі топтың үлгілі жолын дәріптейтін арнайы кабинет жасақталған. Мұнда ансамбьлдің тарихымен тереңнен танысуға болады. Оның құрылғанына 30 жылдан асып кеткен.

“Аңызға айналған өнер ұжымының жеткен жетістіктері өте көп. Облыстық және республикалық конкурстарға қатысып, топ жарып келеді. Ауылымызда тәрбиелік бағытта батыр аналарымызбен жиі кездесулер, түрлі іс-шаралар ұйымдастырып тұрамыз. Ақ жаулықты аналарымыздың ғұмыры өскелең ұрпаққа үлгі болары сөзсіз", –  дейді Еңбек ауылдық округінің әкімі Қайрулла Қалданов.

Талқылау