"Қыз керек", "Танысайық": Қазақстандық декреттегі ана Threads-те нөмір қалдырғаны үшін өкініп қалды
Фото: pixabay.com
zaaarrrri есімді жас ана декреттік демалыста жүргенде Threads желісінен онлайн жұмыс туралы жазбаны көріп, қызығушылықпен WhatsApp нөмірін қалдырған. Алайда түнгі уақытта бейтаныс нөмірлерден бейнеқоңыраулар мен хабарламалар келе бастаған. Кейін жазба мәтіні "қыз керек" деп өзгеріп кеткені белгілі болды. Әйел өзін қатты ыңғайсыз сезініп, ер адамдардың осындай әрекетке қалайша баратынына қынжылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Әйел пост астына көп адам нөмірін қалдырып жатқанын көріп, ол да қызығушылықпен өз нөмірін жазады. Артынша тыныш ұйқыға кеткен жас ана бұл әрекетінің күтпеген салдарға әкелетінін білмедім дейді.
"Таңғы сағат 04:00-те бейнеқоңырау келіп жатыр, бейтаныс нөмір еді. Шала ұйқыда не болып жатқанын түсінбей, қоңырауды қоя салдым. Артынша қайта бейнеқоңырау шалып жатыр. Автомат түрде телефонды әуе режиміне қойып тастадым. Таңертең оянғанда әуе режимін өшірсем, WhatsApp, Telegram, Instagram-нан 1500-ге жуық хабарлама келіп тұр. Түрлі бейтаныс нөмірлерден қоңыраулар, хабарламалар... Шошып кеттім. Қарасам, бәрі бір-біріне ұқсас. "Сәлем, сұлу", "Танысайық", "Не істеп жатырсың?", "Кездесейікші" деген сияқты. Есеңгіреп қалдым, бұлар кімдер? Нөмірімді қайдан алды?" – деп жазды әйел.
Әйел сол кезде нөмірін жазған пост есіне түсіп кетеді. Threads-ке қайта кірсе, әлгі жұмыс туралы пост өзгеріп кеткен.
"Енді "ҚЫЗ керек" деген атауға ауысыпты, ал менің нөмірім әлгі комментарийде тұр. Тура бір "кандидат" сияқты көрсетілген. Оны біреу репост жасаған екен, солай жалғасып кетіпті... Бірден комментарийімді өшірдім. Жазып жатқандардың бәрін бұғаттап, ешкімге жауап бермедім. Қоңыраулардың бәрін сөндіріп, қайтадан бұғаттадым. Бірақ өзімді сол күні өте лас сезіндім, біртүрлі күйде болдым. Дәп, мені мың еркек таптап өткендей. Шын мәнінде, ешкіммен сөйлескен жоқпын", – деді оқырман.
Жас ана тұрмысқа шыққанын, екі баласы бар екенін және күйеуіне адал екенін атап өтті.
"Өте ұяң, таза адаммын. Бірақ ішім қатты ашыды... Сосын бір ой келді. Ер адамдар өздерінің әйелдеріне осындай нәрселерді қалай оп-оңай істей береді екен? Қалай басқа әйелдермен сөйлесіп, кездесіп жүре береді? Өздеріне жиіркенішті болмай ма екен?! Қорытынды, ешқашан, ешқайда, бейтаныс орындарға нөмір қалдырмаңыз", – деп түсіндірді жас келіншек.
"Тамыр-таныстық па?": Көкшетау әкімінің 26 жастағы жаңа кеңесшісінің өмірбаяны қызу талқыға түсті
"Досымның қарындасы": Әділет Майғазиев жарымен қалай танысқанын баяндады
Еске салайық, бұған дейін Алима есімді бойжеткен әлеуметтік желідегі парақшасын белсенді жүргізіп, сталкингтің құрбаны болған. Оны үш жыл бойы Бақтияр есімді жігіт сырттай бақылап, жеке өмірі туралы мәлімет жинаған. Жақындасу үшін ортақ таныстарын пайдаланып, "кездейсоқ" кездесулер ұйымдастырған. Эмоциялық манипуляциялар мен бақылау салдарынан Алима күйзеліске түсіп, денсаулығы нашарлаған. Қауіпке қарамастан, ұзақ уақыт ешкімге айтпаған. Қазір ол психолог көмегімен сауығып, Бақтиярмен байланысты үзген. Әйелдерге жеке шекараны қорғап, алғашқы күмәнді белгілерге көз жұма қарамауға кеңес береді.

Қазақстандық студенттер оқу ақысының негізсіз қымбаттағанына наразы: ЖОО-лар келесі оқу жылына бағаны қаншаға өсірді
