Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Екібастұз ГРЭС-3 электр станциясын Қытайлық миллиардер салады

Фото: gres2.kz

Қытайлық миллиардердің компаниясы Екібастұз ГРЭС-3 электр станциясын салу бойынша тендерді жеңіп алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қуаты 2,62 ГВт болатын көмірмен жұмыс істейтін Екібастұз ГРЭС-3 құрылысын жүргізу жөніндегі тендерлік комиссия үкіметке GCL&Integra Energy Ltd. жеке компаниясын тендер жеңімпазы ретінде тану туралы ұсыныс жолдаған.

Тендерге жалпы екі өтінім түскен. Бірінші өтінімді "Сан Мир Астана" ЖШС ұсынған, алайда бұл компания тендер шарттарына сәйкес қаржылық қамтамасыз ету бойынша талапты орындамаған.

Ал екінші GCL&Integra Energy Ltd. компаниясының өтінімі, керісінше, тендер талаптарына сай болған, яғни компания қаржылық қамтамасыз етуді ұсынған. Алайда "Электр энергетикасы туралы" заңға сәйкес, тендердің өткізілді деп танылуы үшін талаптарға сай кемінде екі үміткердің қатысуы қажет. Сонымен қатар, заң бойынша жаңа генерациялық қондырғылардың құрылысын жүргізуге арналған қайталама тендер өткізілмеді деп танылған жағдайда, үкімет энергетика министрлігіне электр станциясын салу жөнінде келісімшарт жасауға тапсырма береді.


Қытайлық компания қазақстандық шенеуніктерге миллиардтаған теңге пара беріп келген


Бұл келісімшартты Энергетика министрлігі тендер қорытындысы шыққан күннен бастап 20 күнтізбелік күн ішінде жасауы тиіс. Бұдан бөлек, ГРЭС-3 құрылысына арналған келісімшарт жасалған күннен бастап 30 күн ішінде "Жаңартылатын энергия көздерін қолдау бойынша есеп айырысу және қаржы орталығы" электр қуатының дайындығын қамтамасыз ету қызметін сатып алу туралы келісімшарт жасасуы қажет.

2025 жылдың 3 қазанында Астана халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) аумағында тіркелген жеке компания GCL&Integra Energy Ltd. қытайлық GCL-POLY (TAICANG HARBOUR) LIMITED компаниясына және 2024 жылдың қараша айының соңында АХҚО-да тіркелген Gas Technology Ltd. жеке компаниясына тиесілі. Екінші компанияның басшысы әрі жалғыз иесі – Шахмұрат Мүтәліп.

Ашық деректерде көрсетілгендей, GCL-POLY (TAICANG HARBOUR) LIMITED компаниясын Zhu Family Trust арқылы Жу отбасының мүшелері басқарады, оның ішінде негізгі бенефициарлар Zhu Gongshan (Жу Гонгшан) және Zhu Yufeng (Жу Юфенг). Жу Гонгшан пен оның отбасы Forbes журналының әлемдегі ең бай адамдар тізімінде 1577-ші орында, байлығы – 2,5 млрд АҚШ доллары. Негізгі бизнесі – күн панельдері үшін материалдар өндіру.

Ал Шахмұрат Мүтәліп Integra Construction KZ компаниясының иесі. Бұл компания Түркістан облысында 1000 МВт қуатты бу-газ турбиналы қондырғыға негізделген электр станциясын салу консорциумына кірген.

Сонымен қатар ол Қазақстан бокс федерациясының президенті, Мүтәліп бұл қызметке 2024 жылдың ақпанында келіп, кәсіпкер Кеңес Рақышевті алмастырған.

ГРЭС-3 құрылысына үміткерлер үшін қаржылық қамтамасыз ету жобаның алдын ала техника-экономикалық негіздемесі бойынша 3,03 триллион теңге құнының 0,5%-ын, яғни 15,2 млрд теңгені құрайды. Станцияның отыны ретінде Екібастұз көмірі қолданылмақ.

Сонымен қатар, дайын электр қуатымен қамтамасыз ету қызметін (айына 2429 МВт) есепке алғанда, жобаның жалпы құны 8,4 трлн теңгені құрайды. Инвестициялар қатысушыларға жобаның тарифтері арқылы 15 жылдың ішінде қайтады деп жоспарланған.

Инвестор айына әр МВт қуат үшін 19,3 млн теңге табыс алады және ГРЭС-3 өндірген электр энергиясын "Жаңартылатын энергия көздерін қолдау бойынша есеп айырысу және қаржы орталығы" арқылы бірыңғай сатып алушыға сатады.

Еске салсақ, бұған дейін Қытай Қазақстанда екі АЭС салатыны туралы жазған едік.

Дана Русланқызы
Дүйсенбі, 20 Қазан, 2025 22:16
Талқылау