Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қытайлық компанияға жұмыс істейтін қазақстандық жүргізушілер үш айдан бері еңбекақысын алмаған

Қызылорда-Жезқазған тас жолын қытайлық компания салып жатыр. Онда жұмыс істейтін 300 жүргізуші үш айдан бері жалақыларын ала алмай жүр. Айтуларынша, тендерді ұтқан компания өкілдері кейін береміз деп алдап жүр. Енді жұмысшылар мердігердің кеңсесінде шу шығарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Видеодан скриншот

“Лунцзян” қытайлық компаниясы жүргізушілері жұмыс істеуден бас тартып, кеңсе алдында бас көтерді. Айтуларынша, олар салынып жатқан күре жолға қиыршық тас тасып, жақсы жұмыс істеген. Алайда адал еңбегімізді бағаламады дейді.

“Несиені несиемен төлеп жатырмыз. Біздің бала-шағамыз, ол балдардың киімі бар, тамағы бар. Камазды айдау да оңай емес. Әр доңғалағының өзі 130-140 мың теңге. Әр бұзылғанда, жөндетуіне миллиондай ақша кетеді”, – деді жүргізуші Серік Пернешев.



Екі кәсіпкер мердігермен келісімшартқа отырып, жүк көліктерінің жүргізушілерін жалдаған. Бірақ олардың өздері де қытайлық компаниядан ақшамызды алмадық дейді. Сөздеріне сенсек, қарыздың жалпы сомасы 800 миллион теңгеден асады.

“Жұмыс беруші Қытай компаниясының әне-міне деген уәдесіне тойып келе жатырмыз. Жұмыс қазір толықтай тоқтап тұр. Өйткені ақшаны қашан беретіндері белгісіз болып кетті”, – деді кәсіпкер Ертай Ермекбай.

Мемлекеттен тапсырыс алып, Қызылорда-Жезқазған тас жолының бір бөлігін салып жатқан қытайлық “Лунцзян” компаниясы қаржылық қиындыққа тап болдық дейді.

“Біздің құрылтайшыларымыз Қытайда. Сол жақтан ақша келу керек. Бірақ олар да қаражат бере алмай қалды. Сондықтан кешігіп жатыр. Өйткені қаражат мәселесін бір ғана адам шешпейді. Бірнеше процесс болады және басшылардың талқылауынан өтеді”, – деді “Лунцзян” компаниясының өкілі Ван Ю Эвен.

Еңбектерінің ақысын талап еткен жүргізушілер тапсырыс беруші “Қазавтожол” компаниясына да барды. Алайда ұлттық компания өкілдері қытайлық мердігерге берешегіміз жоқ дейді. Осылайша шетелдік компания басшылары жүргізушілерге қарызын қашан, қалай қайтаратыны әзірге белгісіз.

Талқылау