Қытай жолаушыларға арналған автономды ұшатын такси жасап шығарды
Фото: (EHang / Fox News)
Қытайлық EHang Holdings компаниясы осы аптада бір қуатпен 100 мильден (160 км) астам қашықтықты ұша алатын жолаушыларға арналған ұшатын такси – VT35 моделін таныстырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Foxbusiness.com порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Таныстырылым Аньхой провинциясының Хэфэй қаласында өтті. Бұл такси тік ұшып-қона алатын электрлі ұшақтардың (eVTOL) ұзақ қашықтыққа арналған жаңа түрі.
"Бұл құрылғы қалалар арасындағы әуе қатынасын қауіпсіз, ыңғайлы және тиімді көлік құралына айналдыру үшін жасалды", – делінген компанияныңбаспасөз хабарламасында.
VT35 – екі адамға арналған автономды басқарылатын ұшатын аппарат. Оның ерекшеліктері:
- – Электрлі қозғалтқыш пен автономды басқару жүйесі бар;
- – Тік ұшып-қона алады – яғни шатырлар, автотұрақтар немесе басқа да шағын алаңдарға қонуға мүмкіндік береді;
- – Іші кең әрі жайлы, терімен қапталған салон және сенсорлы экран орнатылған. Бұл панель әрі мультимедиа орталығы ретінде қызмет етеді.
Фото: (EHang / Fox News)
Interesting Engineering дерегі бойынша, бұл технология қалалық әуе қатынасын тиімді әрі қауіпсіз етуге бағытталған.
"eVTOL технологиясындағы көшбасшы ретінде біз өз аппараттарымызды үнемі жетілдіріп, қауіпсіз, ақылды және қолжетімді көлік шешімдерін ұсынып келеміз. Мақсатымыз азаматтық авиацияның болашағын экологиялық әрі ортақ ету", – деді EHang компаниясының негізін қалаушысы және бас директоры Хуачжи Ху.
Жаңа модельдің әлемдік нарыққа қашан шығатыны нақты айтылған жоқ. Бірақ бағасы шамамен 913 000 АҚШ долларын құрайды деп болжануда.

Әлеуметтік желіде танымал қала әкімі кім: Шымқала басшысы 109 мың, Петропавл әкімі 2 мыңнан аса адамға есеп береді
