Қытай Трамптың 100 пайыздық баж салығын енгізу туралы шешіміне жауап берді
Фото: Reuters
Қытай сауда министрлігі АҚШ-тың қытай тауарларына 100 пайыздық баж салығы енгізу және маңызды ақпараттық технологияларды экспорттауға шектеу қою шешіміне қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қытай АҚШ мәлімдемелерін “қос стандарттың” мысалы екенін атап өтті. Министрлік АҚШ-тың экспорттық шектеу тізімінде 3000-нан астам позиция бар екенін, ал Қытайдың тізімі шамамен 900 позицияны қамтитынын еске салды.
“АҚШ 0 пайыздық шекті көрсеткішпен de minimis ережесін қолданады. Бұл әрекеттер компаниялардың заңды құқықтарын айтарлықтай бұзады, халықаралық экономикалық тәртіпті тұрақсыздандырады және ғаламдық өндіріс пен жеткізу тізбектерінің қауіпсіздігіне зиян келтіреді”, – делінген мәлімдемеде.
АҚШ пен Қытай TikTok бойынша келісімге келді
Қытай билігі соңғы 20 күнде Мадридтегі сауда келіссөздерінен кейін АҚШ Қытайға қарсы “жаңа шектеу шараларының тұтас сериясын” қабылдағанын, соның ішінде бірнеше компанияны қара тізімге енгізгенін атап өтті.
“Жоғары баж ставкалары арқылы қысым жасау – Қытаймен қарым-қатынаста қате әдіс. Қытайдың сауда соғысы жөніндегі ұстанымы өзгеріссіз: қаламаймыз, бірақ қорықпаймыз”, – делінген министрлік жауабында.
Министрлік АҚШ-ты “қателіктерін түзетуге” және екі ел басшылары арасында жасалған келісімдерді сақтауға шақырды.
Еске салсақ, бұған дейін Трамп 1 қарашадан бастап Қытайдан әкелінетін тауарларға 100 пайыздық баж салығын енгізетінін мәлімдеген еді.

"Неге сонша нақұрыс болдыңдар": Желіде қазақтарды "құлдар" деп қорлаған әйелге шағым түсті
