Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қит етсе өшіремін деп қоқаңдайды": Депутат трансформатор иелері жарықты ойына келген бағамен сатып жүргеніне ашуланды

Мәжіліс депутаты Данияр Қасқарауов еліміздегі энергетика саласын кім көрінген жеке басына пайдаланатынын айтып, сауал жолдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: parlam.kz

Ол Алматы облысы Қарасай ауданына қарасты Кемертоған ауылында жекеменшік 160-тан астам подстанция бар екенін атап өтті.  

"Әр трансформатор иесі жарықты ойына келген бағамен сатады. Бір киловатт құны – 28 теңге мен 47 теңге аралығында. Қит етсе "жарықты өшіремін" деп қоқаңдайды. Неліктен энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы мемлекеттік саясатқа бақылау жүргізілмейді? Жекеменшік иелері трансформаторларға техникалық шарттарды, инженерлік желілерді жүргізуге қалай рұқсат алған? Желілер заңдылығын кім тексереді? Электр қуатына қосылу құны 350 мың теңгеден 700 мың теңгеге дейін және одан жоғары екен", – деп сұрады депутат.

Оның сөзінше, электр нарығы бақыланбайды.

"Бұл электр қуатын ұрлау, жатыпішер делдалдық емес пе? Кейбір жекеменшік иелері заңнан жалтарып, ауылда тұтынушы кооперативін ашып, жарық сатып жүр. Мұны қалай түсінуге болады?", – деді Данияр Қасқарауов.

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев мұндай мәселе бар екенін мойындады.

"Шынында да, осыған дейін өңірлерде жекеменшік кәсіпорындар жекелеген подстанциялар салған. Олар меншік иелері болғандықтан, бұл подстанцияларда бос электр қуаттарына қызмет көрсету мүмкіндігі бар. Олар реттелмейді, яғни баға келісімшартқа сай болады, осыған байланысты белгілі бір қарама-қайшылықтар бар. Себебі тұтынушыларда басқа көздерден электр энергиясын алатындай балама жоқ. Қазір осындай активтерді бұл иелерден өңірлік жергілікті электр желілік компанияларға беру бойынша үлкен жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Жоғарыда айтқанымдай, мұндай прецеденттер бар. Экономиканы монополиясыздандыру жөніндегі комиссия осыған ұқсас шешім қабылдаған", – деп жауап берді ведомство басшысы.

Бұған дейін мәжіліс отырысында депутат Бақытжан Базарбек энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевке сауал жолдап, жылу энергетикасы объектілері иелерінің жауапкершілігі мәселесін көтерді. Ол министрге "Олигархтарға жауапкершілік жүктеуге дайынсыз ба?” деген сауал жолдады.

Талқылау