«Қыс келді vs «қыс түсті». Дұрысы қалай?
Бір айдан соң ақ шапанын сүйретіп қыс келеді. Осы орайда көпшілігі қателесіп жүрген жыл мезгілдеріне қатысты сөз тіркестерін ұсынамыз.
Қазіргі таңда «қыс келді, көктем келді, жаз келді» деп жыл мезгілдерін «келу» етістігімен айтып жүрміз. Шын мәнінде бұл тіркестер дұрыс емес. Себебі дана халқымыз әр мезгілге өзіне тән етістік қолданған.
«Қыс келді» - дұрыс емес. Дұрысы – «қыс түсті».
«Көктем келді» - дұрыс емес. Дұрысы – «көктем туды».
«Жаз келді» демейміз, «жаз шықты» дегеніміз дұрыс.
Күз мезгіліне «келу» етістігін қолданғанымыз қателік емес.
Бұл жердегі «қыс түсті» тіркесі қардың түсуімен байланысты болса, «көктем туды» деген тіркес көктемгі кезде табиғаттағы күллі тіршіліктің қайтадан жаңаратынын айқындап тұр.
Халықтың «көктем туды» дегенін «жақсы күн туды», «төл туды» деген ұғымдарымен астасқандығын көруге болады. Күллі әлем жаңарып, қайтадан туған соң, жадырап жаз шығады. Әр сөзін ойланып сөйлейтін атам қазақ мағынасыз ештеңе айтпағаны осының дәлелі.
Дайындаған: Аққибат АҚЖІГІТОВА
Біз, Stan.kz редакциясы, қазақстандықтар қазақ тілінде сауатты жазып, сөйлегенін қалаймыз. Осы орайда, "Таза тіл" шығарылымдар сериясын жарияладық.
Қазақ тілінде сөйлеуде тағы қандай сәттерде қиындық туындайды? Адамдар қай кезде жиі қателеседі? Егер сауалдарыңыз болса, келесі форма арқылы бізге сұрақ жолдаңыз

"Құс үркітіп сағатына 8 200 теңге таптым": Англияда жүріп 1 миллионнан аса айлық алатын қазақстандық жұмысы туралы айтып берді
