Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасында тағы да атыс болды

Қырғызстан мен Тәжікстан шекарашылары арасында атыс болды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 24.kg басылымына сілтеме жасап.

атыс

Қырғызстан шекара қызметінің деректеріне сәйкес, шамамен сағат 10.50-де Баткен ауданының Тескей шекара аумағында Тәжікстанның шекара жасағы бұрынғы қозғалыс бағытын өзгерткен. Олар күзеттің жаңа шебіне шығып, Қырғызстан шекарашыларынан осы аумақтан кетуін талап еткен.

Көп ұзамай Тәжікстан шекарашыларына қосымша күш келген. Олар сан жағынан басым екенін пайдаланып, жаңа шекараға шығуға тырысқан. Қырғыз шекарашылары өз кезегінде қарсылық көрсеткен. Атыс шамамен 10 минутқа созылған.

Қырғыз тарапынан жаралылар мен зардап шеккендер жоқ. Алайда алдын ала мәліметтер бойынша, Тәжікстан тарапынан жараланғандар бар.

Екі елдің шекара өкілдері шекара жасақтарын оқиға орнынан алып кетуге шешім қабылдаған. Сонымен қатар келіссөздер жүргізіліп жатыр. Тескей аймағы мемлекеттік шекараның белгіленбеген аумағы болғанымен, оны Қырғызстан азаматтары пайдаланады. Ал Баткен облысында орналасқан шекара бөлімшелері күшейтілген қызмет түріне ауыстырылған.

Айта кетейік, 26 қаңтарда Қырғызстан мен Тәжікстан шекарашылары арасында қақтығыс орын алған еді. Ал 28 қаңтарда екі ел атысты тоқтату жөнінде келісімге келген. 

Назархан Уән
Бейсенбі, 10 Наурыз, 2022 14:36
Талқылау