Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қиындықты еңсеріп, құрметке бөленді": Ампутациядан кейін сағы сынбаған қазақстандық спортшы паралимпиаданың күмісін қалай жеңгенін айтты

Пауэрлифтингтен 2016 жылғы паралимпиаданың күміс жүлдегері, Қазақстан Ұлттық паралимпиада комитетінің атқару комитеті омбудсмені Раушан Қойшыбаева көптеген түйіткілдерді көтеріп қана қоймай, үлкен жетістіктерге де жетіп жүр. Ол спорттағы қиын жолы, армандары және паралимпиадалық спорттағы мәселелер туралы сұхбатында айтып берді.

Фото: kazinform

Бүгінде Раушан Зауытбайқызы екі лицензиялық жарысқа қатыспақ. Бірі Тайландта, екіншісі Грузияда. Бұл жерде 2024 жылғы Париж паралимпиадасына кімдердің баратыны шешіледі. Лицензия алу үшін бұл жолдан өту керек. Спортшының мақсаты – әлемнің басты ойындарына қатысу. Бұл Раушан Қойшыбаеваның үшінші паралимпиадасы болмақ.

"Мен 1966 жылы 7 наурызда Қызылордада көпбалалы отбасында дүниеге келдім. Әкем көп жылдар бойы локомотив депосында, тепловоз машинисі, анам нан зауытында жұмыс істеді. Олар он баланы – бес қыз бен бес ұл тәрбиелеп өсірді. Менің бауырларым да өте еңбекқор. Мектеп бітіргеннен кейін трикотаж фабрикасына жұмысқа орналастым. Онда жеті жыл жұмыс істедім. Ал 1990 жылы теміржолда жарақат алып, екі жіліншіктің ампутациясын жасады. Әрине, бұл үлкен стресс болды. Өте қиын кезең еді, мен төрт қабырғада қалдым. Бірақ отбасым, ата-анам қолдады. Екі айдан кейін, жарам жазылған соң Алматыға протез жасауға бардым", – дейді Раушан Зауытбайқызы.

Раушан Қойшыбаева 2003 жылы аяғының ампутациясынан соң аман қалған болашақ жары Бауыржан Қасымбековпен танысқан. 2004 жылы үлкен қыздары Назеркені дүниеге әкелген.

"Бір жылдан кейін екінші қызымыз Дания, ал 2008 жылы Алуа дүниеге келді. Назерке қазір спорт Академиясының бірінші курсында, өте жақсы оқиды. Бұл мені қатты қуантады. Әрқашан таңдауды дұрыс жасау керек екенін айтып отырамын. Өйткені олардың болашағы осыған тығыз байланысты. Дания да заң факультетінің бірінші курсында, ол бала кезінен әрқашан шындық үшін күресетін. Ал кішіміз колледжде, мамандығы – маркетолог", – дейді ол қыздары туралы.

Танымал спортшы парапауэрлифтингпен 2010 жылдан бастап айналысады. Ұйғыр ауданындағы спорт мектебінде мүгедектігі бар адамдарға арналған филиал ашылып, жолдасымен сол жерге жазылған. 

"Маған бұл спорттың атмосферасы бірден ұнады. Ондағы спортшылар Қазақстан чемпионатына дайындалып жүр екен. Оларға қарап, мен де жаттығуды бастап кеттім. 2011 жылы өмірімде бірінші рет жарысқа бардым. Бұл Талдықорғандағы облыстық турнир еді. Мұнда бірінші орынды жеңіп алып, қуанышымда шек болмады. Сол жылдары чемпионаттың "алтынын" да алдым", – деп қосты ол.

Раушан Қойшыбаева 2015 жылы Азия чемпионатында 106 келі штанганы көтеріп, күміс жүлдеге ие болды. Кейін ол атақты бапкер Денис Орловпен жаттыққан. Осылайша БАӘ мен Малайзияда іріктеу турнирлерінде "қола" алып, Рио Олимпиадасына лицензия алды. 

Раушан тоғыз жылдан аса уақыт Қазақстанның паралимпиадалық комитетін басқарған Қайрат Боранбаевтың параспортшылар үшін көп жағдай жасағанын алға тартты. 

"Өкінішке қарай, Қазақстанда мамандандырылған спорттық протездер өндірісі жоқ. Сондықтан оларды шетелден алдыруға тура келеді. Ал олардың бағалары өте қымбат. Мен Қайрат Советайұлына жүгіндім. Ол Германияда протездер жасау үшін 50 000 еуро бөлді. Бұл протездер жеңіл, ыңғайлы және өте берік! Бұл маған спортта ғана емес, күнделікті өмірде де көмектеседі. Енді мұндай протездердің біздің барлық параспортшыларымызға қолжетімді болғанын қалаймын", – деп қосты ол.

Раушан Қойшыбаева бүгінде Қазақстанның паралимпиада комитетінде омбудсмен болып жұмыс істейді.

"Өткен жылы мені паралимпиада комитетінің отырысына шақырды. Онда менің параспортшылардың ресми өкілі рөліне кандидатурамды қолдады. Өзіме көрсетілген сенімді ақтауға, паралимпиадалық спорт пен ерекше қажеттіліктері бар спортшылардың игілігі үшін табысты жұмыс істеуге тырысамын. Үнемі мәселелерді көтеретінімді байқағандықтан бұл орынға мені таңдады деп ойлаймын. Ал Риодағы жеңіс маған одан сайын сенімділік әкелді", – деп атап өтті спортшы.

Раушан Зауытбекқызы бұл жолдың қандай екенін біледі. Ол қазір параспортшылардың мәселелерін айтып жүр. Мысалы, массаж терапевтері сияқты өзге де мамандар жетіспейді. Көптеген аймақтарда халықаралық деңгейдегі жабдықтар жоқ. Арнайы тақталар мен ыңғайлы пандустар, спортшыларды тасымалдайтын инватаксилер жетіспей жатқанын айтып жүр.

Өткен жылдары ҚР Ұлттық паралимпиада комитеті Астанадағы "Тарлан" мұз айдынында парахоккейден әлем чемпионатын жоғары деңгейде өткізді. Оған алты ел қатысқан. Айта кетейік, "Тарлан" – бұл Орталық Азиядағы қысқы спорт түрлерінен ерекше қажеттігі бар адамдарға арналған жалғыз жаттығу орталығы. Қазақстан халықаралық Паралимпиада комитетінен чемпионатты осындай деңгейде өткізгені үшін өте жоғары баға алды. Бұл ретте Раушан Қойшыбаеваның да еңбегі зор. 

"Біз ерекше қажеттігі бар балаларды қолдауға арналған "Жұлдыз" қорымен бірлесіп жыл сайын балалар фестивалін өткіземіз. Енді Қазақстанның барлық облысынан балалар спорттың 12 түрінен чемпионаттарда өнер көрсету мүмкіндігіне ие. Бұл – бұрын-соңды болмаған нәтиже. Сондай-ақ "Қайрат" ФК базасында зағиптарға арналған футболдан Қазақстан чемпионатын өткіздік. Бұл спорт түрі тек "Қайрат" футбол клубының қатысуымен жүзеге асырылады. Айтпақшы, команданы Қайрат Советайұлы басқаратынын білесіздер. Елімізде көптеген паралимпиадалық спорт түрлері мен командалар пайда болды", – дейді спорт омбудсмені.

Раушан Қойшыбаеваның тағы бір арманы – алдағы паралимпиадада жүлдеге ілігу. Осыншама күш-жігер, дарыны мен дамуының арқасында жетістіктерге жетіп келе жатқан параспортшы бұл белесті де еңсеретініне сенеді.

Талқылау