Kia-ның жаңа зауыты: Шетелдік капитал – индустриялық саясаттың жетілгенінің көрсеткіші
Кеше Қостанай облысында Kia Qazaqstan-ның жаңа зауыты ашылды. Бұл – Kia брендінің Оңтүстік Кореядан тыс жерде ашылған алғашқы толық циклды зауыты және Қазақстан машина жасау саласының тарихындағы ең ірі инвестициялық жобалардың бірі. Зауыттың ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев телекөпір арқылы қатысты. Мұндай өнеркәсіптік жаңалық сарапшылар арасында өзінің оң бағасын алып үлгерді.
"Еуразиялық мониторинг" талдамалық зерттеу орталығының директоры Әлібек Тәжібаевтың пікірінше, Қостанайда Kia автозауытының ашылуы – Қазақстанның өнеркәсіп саясатындағы өзгерістерінің айқын көрінісі. Бұған дейін индустриялық жобалар мемлекеттен қолдау алып, квазимемлекеттік құрылымдарға сүйенсе, енді олардың негізгі даму көзі тікелей шетелдік инвестициялар болып отыр. Бұл көрсеткішті әкімдердің тиімділігін бағалау рейтингіне енгізу де бекер емес.
Жалпы инвестиция көлемі 131,5 млрд теңге болды. Оның шамамен 90%-ы – Kia Corporation компаниясының өз қаражаты. Мемлекет тек инфрақұрылымға яғни жолдарға, инженерлік желілер мен кіреберіс жолдарға жауапты болды. Бұл – инвестор негізгі қаржылай және технологиялық ауыртпалықты өз мойнына алып, қауіп-қатерді бюджетке артпаған сирек жағдайлардың бірі.
"Әңгіме құрастыру көлемін ұлғайту туралы ғана емес, технологиялар мен инженерлік құзыреттерді, корпоративтік стандарттарды енгізу туралы болып отыр. Қостанай алғаш рет осындай ауқымды жеке инвестицияны шикізаттық емес секторға бөлді. Әлемдік деңгейдегі зауыттың іске қосылуы — Қазақстанның инвесторлар үшін ережесі айқын, болашағы сенімді және тұрақты елге айналып келе жатқанының айқын дәлелі", – деп түсіндірді Әлібек Тәжібаев.
Kia компаниясынан кейін оңтүстіккореялық компания Seoyon E-Hwa алғашқы автокомпонент жеткізуші ретінде қосылды. Оның инвестиция көлемі – 27 миллион доллар және 800 жұмыс орнымен қамтылған. Бұл жерде барлығы қарапайым нарық логикасына сай. Бір ірі қозғаушы жобаның іске қосылуы басқа инвесторлардың нарыққа кіруі үшін кедергілерді азайтып, ұқсас салалардың дамуына серпін береді. Экономикада мұны “капитал сенімі эффекті” деп атайды.
Сарапшының айтуынша, Қостанайдағы зауыт – облыс қана емес, республика билігі үшін де сынақ іспетті. Қазір Қазақстан әр инвестициялық доллар үшін күресіп жатыр. Өйткені 2024 жылдың қорытындысы бойынша, елімізде тікелей шетелдік инвестициялар ағынының азайғаны тіркелді. Бұл – 1992 жылдан бергі алғашқы жағдай. БҰҰ-ның 2025 жылғы сауда және даму жөніндегі дүниежүзілік инвестициялар туралы баяндамасында Қазақстан Орталық Азия елдері арасында инвесторлар үшін тартымдылығы ең төмен мемлекет ретінде аталды. Қазақстанда Kia бренді зауытының ашылуы еліміз үшін тек өндірістік жетістік қана емес, халықаралық серпіліс болып отыр.
"Сарапшылардың есебінше, автозауыттағы әр жұмыс орны логистика, қызмет көрсету саласы және инфрақұрылымда да қосымша бес-алты жұмыс орнын жанама түрде ашады. Бұл – жай ғана өндіріс көлемін ұлғайту емес, шағын және орта бизнеске тұрақты дамуға нақты мүмкіндік беретін, толыққанды өнеркәсіптік кластер қалыптастыруға бағытталған үлкен қадам. Өндірісті ұйымдастырудың мұндай кешенді тәсілі индустриялық әлеуетті Қостанай облысында ғана емес, тұтас елімізде арттыра түседі", – деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Өндірістік тұрғыдан алғанда, бұл зауыт локализацияның жаңа стандартын орнатып отыр. Мұнда ұсақ торапты жинақтаудан бастап, көлік шанағын дәнекерлеу мен бояуға дейінгі толық циклды өндіріс іске асады. Келешекте бұл зауыт халықаралық стандарттармен жұмыс істей алатын отандық жеткізушілер желісін қалыптастырудың бастамасы бола алады. Келесі қадам – біздің автокомпоненттерді экспорттау.
Тағы бір маңызды жайт – Kia адамдарға да инвестиция салады. Қазақстан және Оңтүстік Корея университеттері бірлесіп, корпоративтік оқу орталығын құрып жатыр. Бұл – "импорттық" құзыреттерді жергілікті мамандармен алмастыруға бастайтын жол.
Жобаның жоспарланған қуаты – жылына 70 мың автокөлік. Өткізетін нарықтар – Орталық Азия және ЕАЭО елдері.
Бұл кезеңде жобаның басты нәтижесі сандарда емес, логиканың өзгеруінде көрінеді. Шетелдік капитал елге субсидия үшін емес, нарық пен серіктестік үшін келді. Егер бұл тәжірибе тұрақтылығын дәлелдесе, ол Қазақстанның жаңа, жетілген экономика құру үлгісіне айналуы мүмкін.

Жинағыңызды алтынмен сақтау тиімді ме – Сарапшылар бағалы металдың грамы 100 мың теңгеге жететінін болжады
