Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Халықты зар жылатып отыр”: Астанада 5 жылдан бері үйін ала алмай жүрген үлескерлер шу шығарды

Астананың іргесіндегі ауасы таза аумақта салынып жатқан үйге қаржы салған үлескерлер бас көтерді. Себебі, 5 жыл бұрын басталған бизнес санаттағы кешен құрылысы бел ортасына келіп, тоқтап қалған. Енді барын сатып, қарызданып, қауғаланған жұрт күйген қаржысын кімнен дауларын білмей дал. Ал, сапалы пәтермен қамтамасыз етеміз деп бұқараны уәдеге қарқ қылған мердігер компания түрлі желеумен, қаржыны бермей келеді екен.

"Халықты зар жылатып отыр": Астанада 5 жылдан бері үйін ала алмай жүрген үлескерлер шу шығарды

Астанадағы Тельман тұрғын алабының айналма жолында орналасқан бизнес классты үйдің құжат бойынша бес қабаттан тұрады. Оның іс жүзінде тек екі қабаты ғана аяқталған. Ал, көптен күткен арманына қол жеткізе алмаған тұрғындардан бар қаржыны жиып алған компания өкілдері болса, әлі күнге дейін төбе көрсетпей келеді. Ашынған жұрттың игілігіне қашан берілетіні, бұл нысанның әлі күнге дейін белгісіз. Себебі, қар құрсауында қалып қойған мынадай құрылыс материалдары уақыт өткен сайын кәдеге жарамай барады, деп хабарлайды Еуразия бірінші арнасы.

«Бизнес классты, қаланың шетінде орналасқан шағын қала”. Осы тектес жарнамалар қазір ғаламтор беттерінде өріп жүр. 5 қабатқа дейінгі тұрғын үйдің о бастағы жобасы көзтартарлық. Ал, шындығында, қаңырап, жарым-жартылай салынған қабырғалар, қар астында қалып ысырап болған материалдар ғана тұр. Ашынған жұрт, құзырлы органнан осы былықтың барлығына себепкер болған мердігерді жауапқа тартуды сұрады.

«Біз Қазақстан билігінен бұл жағдайды анықтауды және Еділ Малдыбаевты жауапкершілікке тартуды сұраймыз», – дейді тұрғындар.

Астананың қытымыр аязына қарамастан үйлерін даулап, нысан басына жиналғандардың қарасы қалың. Бірі жоғары сапалы үй қаржысының жарты бөлігін құйса, екіншісі толық төлеп тастаған. Енді, не үй жоқ, не ақша жоқ, тентіреп далада жүрміз дейді, үлескерлер.

«Мен осы құрылысқа 2014 жылдан бастап ақша салдым. 2015 жылы үйді тапсырамыз деді. Мына Малдыбаев Еділ деген кісі нысанды салып жатқан «Сұңқар-777» деген компанияның бастығы. Бүкіл халықтан ақшаны жинап, халықты зар жылатып отыр. Бәріміз қазір пәтер жалдап тұрып отырмыз осы жылдар бойы», – дейді үлескер Ерлан Хайруллин.

Жұрттың сөзінше, үйдің құрылысын жүргізген мердігер келіссөзге келмейді. Қоңырауларына да жауап бермейді. Үлескерлер өлердегі сөзін айтып, нысан аумағына аттай қалатып шақыртқан компания өкілі журналистер келеді дегенді естіп, табанын жалтыратыпты.

«Бүгін біз құрылыс компаниясының басшысын ғимарат басына әрең дегенде көндіріп шақырдық. Алайда, ол үлескерлердің БАҚ өкілдерін шақырғанын естіп, көлігіне мініп қашып кетті. Бұл недеген бассыздық?» – дейді үлескер Әлия Өмірзақова.

Құрылысы тұралап қалған нысанға жауапты мердігер компанияның басшысы бізге телефон арқылы берген сұқбатында үлескерлердің барлығына жыл соңына дейін қаржы толық өтелетіндігін, ол үшін 1 млрд 600 млн теңге тұратын нысанның құр қара жерін сатылымға қойғанын мәлімдеді.

«Ведомствоаралық комиссияның отырысында біз өзімізге міндеттеме алдық. Соған сәйкес тұрғындардың бір бөлігіне құйған ақшасын толық өтейміз. Ол үшін қыруар қаржы тұратын активтерімді сатылымға қойдым. Тұрғындарға сабыр сақтауды өтінемін. Ғаламтордағы жарнамаға келсек, барлық үйлер жайында ақпарат алынып тасталған», – дейді «СҰҢҚАР-777» ЖШС құрылыс компаниясының директоры Еділ Малдыбаев.

Өткен аптада осы мәселе бойынша қала әкімінің орынбасары үлескерлердің басын қосып жиын өткізіпті. Отырыста проблемалық үйдің иелеріне өтемақы қарастыру жайында сөз болған. Ал, әкімдікке аталмыш жәйтке байланысты хат жібердік, жауап жақын арада болады деп сендірді.

«Сұңқар-777» құрылыс компаниясы, ғаламторда ашықтан ашық құрылыс тоқтап тұрған нысанды, жарнамалап келеді. Біз 2014 жылы пәтердің қаржысын толық құйдық. Арамызда қарызға белшесінен кіргендер де бар. Өткен апта әкімдікте болдық, бірақ ешқандай нәтиже жоқ” – дейді үлескер Сағындық Бекбауыров.

О баста басқа атпен сатылып, қазір атауы қайта өзгерген бизнес класты үйдің тұрғындары компания басшысының бір сөзіне сенбейтінін айтады. Өйткені, 5 жылдан бері уәдеге тойдық деп отыр. Енді, барлық үлескерлер жиылып мердігермен сот залында кездеспек.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр