Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Халықтан кешірім сұраған Төреғали Төреәлі сахнадағы ерсі әрекетіне қатысты жауап берді

Павлодарда өткен кешінде халыққа ерсі мінезін көрсетіп, ғаламторды дүр сілкіндерген Төреғали Төреәлі, концертінде орын алған шулы оқиға қатысты барлық мән-жайды Stan.kz тілшісіне баяндап берді.

«Өзімнің жанымды қоярға жер таппай кеттім. Мен халықтан үлкен емеспін. Мен халықтың батасын алып, бір дәрежеге жеткен болсам, ол өз қабілетім, өз талантымнан деп айтпаймын. Ол әуелі Алла, одан кейін халықтың қолдауы», – дейді Төреғали Төрәлі.

Әншінің сөзінше, сол күні денсаулығы сыр беріп, көңіл-күйі болмаған. Алайда, афиша ілінген, билет сатылған, артқа шегінерге жер жоқ.

«Сол шу шығарған ағамызды қолымнан келгенше іздеп көрдім, таба алмадым. Кешірім сұрау үшін әрине. Пендеміз ғой, мүмкін жүйке сыр берген шығар. Ашуға бой алдырып қойғаным рас. Өйткені шынымен қытығыма тиетін сөздерді көп айтты. Біреулердің жаны қалмай жақтасып жатқанын көріп, кейбіреулердің жаны кіріп жамандап жатқанын көріп, өзім жауап берейін дедім. Ол жерде менің кешім болғаннан кейін, адамдар қанша айтқанмен, ешкім сенбей жатқан сияқты. Құлақ аспай жатқан сияқты. Ауырып шыққаным рас. Солтүстіктің аязын жақсы білесіздер. Павлодардағы кешті жасамауға да болушы еді. Бірақ, кішкентай бүлдіршіндерді көріп, қандай жағдайда болсам да шығуға бел будым», -дейді Төреәлінің ұлы.

Ал, әнші жігіттің ашуына тиген өзінің жерлесі екен. Көрермендер арасында отырған қызылордалық тыңдарман, кеш иесінің ар-намысына нұқсан келтірген. Көпшілікке түсінікті болу үшін, Төреғали болған жайды басынан бастап баяндап берді.

«Менің кешім болғаннан кейін, мен айтыскер ақын болғаннан кейін, көп адам менен сөз күтеді. Әңгіме күтеді. Мен бір әнді орындар алдында міндетті түрде ол әннің авторын айтуым керек. Ол менің міндетім. Соны көп кісілер көп сөйлейді дейді. Халық өзі таразылап алады ғой. Әркім әр түрлі талап қояды. Деседе кішкентай бүлдіршіндер суретке түсуге шығады. Мен олардың бетін қайтарып, көңілдерін қалдырғым келмейді. Халықтан суретке түсейін бе деп сұраймын, олар «иә» дейді. Сол кезде балконда отырған үлкен ағаның «Ей, Төреғали» деген дауысы естілді. Жалт қарап едім, «тоқтат суретке түсуді» деді. Мен үндеген жоқпын, «жарайды көке, сіздердің ауылдарыңыз, өздеріңіз би, қожасыздар» дедім. Екінші рет кісілер гүл беріп жатыр еді, тағы да айқайлады. Оған да үндеген жоқпын. Үрген иттің бәріне жауап бере берсем, аузымда не қадір қалады» дедім де іштей үндемедім. Үшінісінде тағы да сөйледі.

Павлодардағы бүкіл халық тыңдап отыр. «Ей, Төреғали! Мен Қызылордаданмын. Сен Қызылорданы масқара қылып жүрген адамсың, білесің бе?» деп айқайлады. Бәрі естіп отыр. Менің намысыма тиіп кетті. Менде де намыс бар ағайын. Мен де жігітпін. Басымнан сөз асырғанды жақсы көрмеймін. Кесем десе кесіп алсын басымды. Содан кейін мен «Ей, көке! Қызылорданың намысын жыртып жүрген мен бе, әлде сіз бе?» деп айттым. Сол кезде ол аузына келгенді боқтады. Мен сол кезде ғана залдан кет дедім. Неге десеңіз, сондай тым жақсы болып жатқан концерттің шырқын бұзды. Сіздер ол кісінің айқайлаған видеосын көрген жоқсыздар. Өйткені, мені қаралау мақсатында шыққаннан кейін, ол адам өз мақсатына жетті. Ал, менің кешіме келген қонақтарға кет деп айтатын, тәрбиесіз емеспін», – дейді Ұлы дала баласы.

Сонымен қатар, Төреғалидің әндері радио эфирлерінен де алып тасталған-ды. Әнші бұл ақпараттан хабардар екен.

«Әркім әр түрлі жазып жатыр. Радиодан әндерімді алып тастады дейді. Оған қол шапалақтап жатқан адамдар да бар екен. Менің қолымда қатты күш жоқ. Билік жоқ. Мен бірақ еліме аянбай қызмет етемін. Мен шаршамаймын. Мұндай сынақтардың  әдейі жасалған кездері де болды. Кішкене ашуға тез берілетінім рас. Бірақ, ешкімге барып шүйліккен емеспін», – дейді Төреш.

Әнші соңғы посттарының бірінде, «Өтірік» деп жазба қалдырған болатын. Төреғали бұл қадамына қатысты да түсініктеме берді.

«Ең алғашқыда өтірік деп салдым. Себебі видео толық нұсқада болмағаннан кейін, ол өтірік болып жетті халыққа. Қазіргі үлкен кісілер төстен алып, бет шабады ғой. Өтірік жазған себебім, сол еді. Бір уақыт келеді ғой. Түсіндіремін бе десем, ушығып бара жатыр. Енді қате жасаған, ағаттық кеткен жерім болса Алланың атымен сіздерден кешірім сұраймын. Өйткені менің де жаныма қатты батып жатыр. Мүмкін жиырма беске дейін қалып қойған балалығым шығар. Өзгеру керек шығар, мүмкін. Мен тырысамын. Кеудемнен шыбын жаным шырылдап шыққанша, мен еліме қызмет жасаймын», – деп Төреғали сөзін қорытындылады.

Материалды көшіріп басу үшін Stan.kz сайтының хат түріндегі рұқсатын алу керек.

Бізбен бөлісетін қызықты жаңалығыңыз, оқиғаңыз болса Stan.kz сайтының WhatsApp номеріне жолдаңыз: +77021152981

Оқи отырыңыз:

Төреғали мен павлодарлық қария арасындағы даудың не себепті туындағаны белгілі болды

Бауыржан Байбек “Голос. Дети” байқауының жеңімпазы Данэлия Төлешовамен кездесті

Алматыда әкесі өртеп жіберген қыз қайтыс болды

Еліміздегі беделді «OrdaFM» радиосы Төреғалидың барлық әндерін эфирден алып тастады

Меруерт Түсіпбаева қарияға ұрысып, залдан қуған Төреғали Төреәліні сынап тастады

Талқылау