Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Туризм, ІТ-саласы бойынша жұмысқа тұра алады: Жастар ресурстық орталығы басшысы жастарға арналған мүмкіндіктер жайлы айтты

Елімізде жастарды қолдау және кеңес беру мақсатында Жастар ресурстық орталықтары ашылған. Бүгінгі таңда мұндай орталықтар барлық қалаларда бар. Бір Алматы қаласының өзінде ресурстық орталықтар 3 жылда 300 мың адамға қолдау көрсеткен. Сонымен қатар жастарды жұмыспен қамту, білім беру және отбасылық өмірге дайындау бағыттарында да нәтижелі жұмыс атқарған. Stan.kz тілшісі оңтүстік астанадағы Жастар ресурстық орталығының басшысымен тілдесіп, алдағы жоспарлары туралы сұрап көрді. 

Ырысбек Ахатай

Алматы қаласында Жастар ресурстық орталығы 2020 жылы құрылған. Бүгінде орталықтарда "Атамекен" ҰКП, Алматы қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығы және "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" АҚ қызметкерлері жүгінген жастарды қолдау бойынша кеңес береді. Орталық төрағасы Ырысбек Ахатай қазіргі таңда 8 ауданда бөлімше ашып, белсенді жұмыс атқарып жатқанын айтады.  

Мамандық таңдауға жәрдемдесеміз

"Орталық Жастар саясатын дамыту мемлекеттік қоры атынан аутсорсинг негізінде жұмыс істейді. Басты мақсатымыз – жастарға қолдау көрсету, кеңес беру. Сонымен қатар шығармашылық тұрғыдан жол сілтеп, мамандық таңдау кезінде де жастарға қол ұшын созамыз", – дейді Ырысбек Ахатай. 

Ырысбек Ахатайдың айтуынша, 2023 жылдың алғашқы 5 айында жастарға қатысты 90 шара өткізген. Оның аясында 90 мыңға жуық азамат қамтылыпты. 

"Биыл ұйымдастырылған шаралардың ішінде ең үлкені 15 сәуір – "Қозы Көрпеш – Баян сұлу" күніне орай Көк-Төбеде өткен байқау. Сондай-ақ спорттық шаралар да қалыс қалмады. Ал 9 мамыр қарсаңында Алматыдағы қарттар үйінде концерт қойдық. Бұдан бөлек, аудан деңгейіндегі 26 концерт, 10-11-сынып оқушыларына арналған университеттерге экскурсиялар өтті", – деп қосты ол. 

Жастар ресурстық орталықтары тек түрлі шаралар ұйымдастырып қана қоймай, әртүрлі акциялар мен тренингтер де өткізеді екен. 

"Мәселен, Алмалы ауданында полиция департаментімен бірлесе отырып "ғасыр дертіне" айналған есірткіге қарсы профилактикалық акция өткенін айтқым келеді. Акция аясында жастар ғимарат қабырғаларындағы есірткіні тарату бойынша жарнамалық жазуларды тазалады", – дейді орталық басшысы. 

Отбасы өміріне дайындалуға жәрдемдесеміз

Ырысбек Ахатай жастар ресурстық орталығының негізгі міндеттерінің бірі жастарға отбасы өміріне дайындалуға жәрдемдесу екенін айтады.

"Жастарды отбасылық өмірге дайындау үшін семинар-тренингтер ұйымдастырылады. Бізде "Отбасы" және "Ұя" атты демалыс орталықтары бар және мұнда түрлі кездесулер болады. Тәжірибелі психологтар отбасылық мәселелерге байланысты көмек көрсетеді. Отбасы тақырыбында семинар-тренингтерге кез келген адам қатыса алады", – деп түсіндірді ол.

Туризм мен ІТ-саласы бойынша жұмысқа орналаса алады

Орталық басшысының сөзінше, кәсіп ашқысы келетін және жұмыс таба алмай жүрген жастарға да қолдау көрсетіледі. 

"Егер жастар кәсіп ашқысы келсе, біз қаражат бермейміз. Тек қандай мекемеге жүгіну керегі туралы және мемлекет тарапынан берілетін гранттарды жеңу үшін қолдау білдіреміз. Бізге "Атамекен" немесе "Қолдау" секілді орталықтар қандай бағдарлама бар екенін, кәсіп ашуға арналған гранттар туралы мәлімет ұсынады. Ал бізден көмек сұраған жастарға кеңес беріп, қажетті деректерді береміз. Сондай-ақ NEET жастарға арналған "Жастар саясатын қолдау" орталығымен бірлесіп түрлі курстар өткізіледі. Үш ай курс оқыған соң белгілі бағытта жұмыс таба алады. Мұндай мамандықтар қатарында туризм мен ІТ-саласы бар", – дейді Ырысбек Ахатай. 

Сұхбат барысында орталық басшысы келешекке арналған жоспарлармен де бөлісті. 

"Алдағы уақытта NEET жастарға арналған мобильді жұмыспен қамту орталықтарын ашу жоспарланған. Әр ауданда кино кештері мен футбол жарыстары, "Жанашырлық" атты акция өтеді. Бұдан бөлек мектеп түлектерінің мамандық таңдауына қолғабыс көрсету үшін университеттерге экскурсия өткізу де жалғастыра береміз. 3 жылда 300 мың жасқа көмек көрсеткен орталықтың есігі кез келген адамға ашық", – деп аяқтады ол.

Талқылау