Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Визажист қазақстандық қыздар бет әрлеуде жиі жіберетін қателіктерді айтып берді

Бүгінгі күні бетіне опа-далап жақпайтын, боянбайтын әйел кемде-кем болғанымен, дұрыс боянудың қыр-сырын білмейтін, бірақ соны үйреніп алғысы келетін нәзік жандылардың саны басым. Әдетте әйелдер қауымы макияжды әдемі жасау үшін өнерлі болу керек деп ойлайды. Еліміздегі танымал визажисттер Сәния Ілиясова мен Сердар Қамбаровтың шәкірті Әйгерім Малдыбекова Stan.kz ақпарат агенттігінің тілшісімен сұхбаттасып, бұл тұжырымның бұрыс екенін, макияжды қалай жасау керектігін және қыздар боянғанда қандай қателіктер жіберетінін айтып беріп, кеңестерімен бөлісті. 

Әйгерім, макияжды неден бастаймыз, қалай бояну керектігін түсіндіріп өтсеңіз екен.

Біріншіден, бетті мицеляр суымен тазалап, тоникпен ылғалдандырамыз. Макияж әдемі шығуы үшін бетті дұрыстап тазалап, ылғалдандырып алу өте маңызды. Егер осыған аса  қатты мән бермесеңіз, макияжыңыз нашар шығуы мүмкін. 

Екіншіден, тоникпен ылғалдандырып алған соң, бетке арналған эмульсияны жағамыз. Жоғарыда аталған өнімдерді бетіңізге жаққанда теріге сіңіп кетуін күтіңіз. 

Үшіншіден, эмульсия кепкеннен кейін тоналды иіс майды (реңкілік иіс май — ред.) бетіңізге баттастырмай, кішкене-кішкенеден жағыңыз. Оны бетке ғана емес, мойын мен екі құлаққа да жағу керектігін ұмытпаңыз. Көбінесе қыздар аталған дене мүшелерін бояу қажет екенін ескермейді. Жүздері - бір реңді, мойны, құлақтары басқа реңді болып тұрады. Егер бетіңізде безеулер, көзіңіздің астында қара дақтар болса, оларды тоналды крем жақпай тұрып, консилермен бояйсыз.



Мұрныңыз үлкендеу немесе қоңқақ болса, оны корректор, хайлайтермен бояудың қажеті жоқ. Жалпы, бүгінгі күні арулар корректорды бет сүйекті көрсетіп, ұртты жасыру үшін ғана пайдаланады. Корректор қолданыстан шығып, хайлайтерге деген сұраныс өсіп келе жатыр десек, қателеспейміз. "Бетімді жылтыратып, мені көрікті етіңізші" — деп сұрайтындар аз емес. 

Тоналды кремді жағып болған соң, оны бекіту үшін үгілгіш HD пудраны жағасыз. Қас, көз, ерніңізді бояған соң, мысалы, кешке арналған макияж "ағып кетпеуі" үшін бетіңізге фиксатор себесіз. 

Нәзік жандылардың макияж жасағанда жіберетін қателіктері қандай?

Қыздар боянғанда қателік жіберсе де, оны қателік деп емес, өз стилі, ерекшелігі деп түсінеді. Сонымен қатар, боянуды өздері үйренген арулар әдемі болу үшін бетке бояуды неғұрлым көп жағу керек деген пікірде. Негізінен, косметиканы аз-аздан, шамалы ғана жаққан дұрыс. 

Қас, көз, ерінді қалай дұрыс бояу керектігіне жеке-жеке тоқталып өтсек. Қасты бояғанда қандай ережелерді сақтау керектігін айтып беріңізші.

Қазір татуаж жасалған, перманентті макияж жасалған қастар сәннен шығып, табиғи қастарға деген қызығушылық артқан. Екі қасты қатты бояп жібермеңіз. Қас дұрыс әрленбесе, адамның ажары кетіп, макияж әдемі көрінбейді. Қасты қатты бояп жіберсеңіз, артық кеткен тұстарын тоналды крем немесе консилермен алып тастаңыз. 

Көз әдемі әрі үлкен болып тұру үшін қалай бояу қажет?

Бүгінгі күні көзді тек қана көз бояғымен (тени — ред.) бояу керек деген талап жоқ. Мысалы, қабағыңызға бояудың орнына құрғақ хайлайтер жақсаңыз да әдемі көрінеді. Жалтырап тұрған көзіңізде ешкім бояу бар деп ойламайды. Ерін далабына ұқсас сұйық бояуларды (жидкие тени — ред.) жаққыштың көмегінсіз, қолыңызбен қабағыңызға оп-оңай жаға аласыз. Бірінші екі көзіңізді бір түспен бояп алып, әрі қарай қиялыңызға ерік бере отырып, бірнеше түспен бояйсыз. 

Көздеріңіз үлкен әрі әдемі болып көрінуі үшін қабағыңыздың жоғарғы жағын күңгүрт түспен, мысалы, ашық-қоңыр түспен бояңыз. Кешке арналған макияжды жасағанда, көздерді күңгірт түстермен араластырып бояған дұрыс. Төменгі қабақтарыңызды да бояуды ұмытпаңыз. Жасанды кірпіктер де көздеріңіздің көркін арттыруға көмектеседі. Кешке арналған макияжды жасағанда, көздерді күңгірт түстермен араластырып бояған дұрыс. Бәрібір жарық, камера, макияжды "жеп қояды". Бояу  неғұрлым ұзақ сақталуы үшін осы кеңесті пайдаланыңыз. 

Ерінді ше?

Қазір барлығы дерлік еріндерін үлкейтуге тырысады. Үлкейтуге келетін және келмейтін еріндер бар. Бір адамның ернінің жиегі анық көрінсе, екінші адамдікі білінбейді. Жиектері аса қатты білінбейтін еріндерді  сәл үлкен етіп бояуға болады. Егер макияж жасағанда басты акцентті көзге жасасаңыз, ерніңізге жарқын, ашық түсті далапты жақпаңыз. Ал макияжыңыз жеңіл болса, керісінше ерніңізге үлкен мән беріңіз. 

Бетті макияждан соң қалай тазалаған дұрыс? Арнайы ережелері бар ма?

Бетіңізде BB крем ғана болса да, бояуды кезең-кезеңмен сүртіп тазалау қажет, бірден сабынмен, сумен жуып тастауға болмайды. Демакияж жасау керек. 
Бетті майсана майымен немесе шербеттермен тазалаңыз. Содан кейін барып қана сабынмен жуасыз. Жуып болған соң, крем жағасыз немесе масканы қолданасыз. 

 

Автор: Ай-Ару Шаймерден

Ескерту! Эксклюзив материалды көшіріп басу үшін редакцияның хат түріндегі рұқсаты қажет! Хат түріндегі рұқсат берілген жағдайда, эксклюзив материалды жарияланған уақытынан 24 сағаттан кейін ғана көшіруге рұқсат беріледі.

 

STAN.KZ
Бейсенбі, 31 Қазан, 2019 17:34
Талқылау