"Кешірім де сұрамады": Алматыда ойын алаңында ер адам қатыгездікпен тепкен 5 жасар баланың анасы оқиғаны баяндады

Фото: Видео кадрларынан скрин
Алматыда ер адам ойын алаңында шабуылдаған бес жастағы баланың анасы оқиғаны толығырақ баяндады. Айтуынша, азамат бұл әрекетінен кейін кешірім сұрамаған, ал оның әйелі тіпті отбасын қорқытып кеткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Астана арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Желіде тараған видео көпшілікті шошытты. Кадрларда ойын алаңында екі бала бір-біріне зат лақтырып ойнап жүрген. Сол сәтте ер адам жүгіріп келіп, баланы аяғымен қатты тебеді. Бала жерге құлап, тұра алмай қалады. Шабуылдаушының жұбайы да жақындап келіп, баланың құлағынан тартқан.
“Баланың әкесі кешірім де сұрамады. Учаскелік полицияға "кешірім сұрауға бардым" деп жалған айтқан. Шын мәнінде, ешкім келмеді. Керісінше, оның әйелі екі рет келіп, 80 жастағы анамды қорқытып кеткен. Содан анамның қан қысымы көтеріліп, өзін нашар сезініп отыр”, – деді зардап шеккен баланың анасы:
Әйелдің айтуынша, баласы ауыр жарақат алған – миы шайқалған. Түнде жағдайы нашарлап, ауыруы күшейіп, құсуы мен мазасыздануы артқан. Анасы баласын стационарда жалғыз қалдырудан қорқып, үйге алып кеткен. Полиция қылмыстық іс қозғады.
“1989 жылы туған ер адам 5 жасар балаға өте қатігездікпен дене жарақатын салған. Бала ауруханаға жеткізілді. Қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Кәмелетке толмағанға жасалған мұндай әрекеттер мүлдем жол берілмейді. Ол заң алдында міндетті түрде жауап береді”, – деді Алматы полиция департаментінің өкілі Салтанат Әзірбек.
Қазір тергеу бейнежазбаларды, куәгерлердің сөзін зерттеп, оқиғаға қатысқандардың рөлін анықтап жатыр. Іс полиция мен бала құқықтары жөніндегі омбудсменнің бақылауында. Кінәлілер заңға сай жазаланады деп уәде берілді.
Еске салсақ, Алматыда ер адам кішкентай баланы аямай теуіп жібергені туралы хабарлаған едік.