Кесарь тілігін жасаймын деп жатырымды алып тастады: Астанада 21 жастағы қыз бала сүю бақытынан айырылды
“Небәрі 21 жасымда тағы да бала сүю бақытымнан айырды”. Осылай деп мұңын шаққан келіншек арнамызға базынасын жеткізді. Жас ананың айтуынша “кесарь тілігімен” босандырып алған ақ халаттылар отаны дұрыс жасамаған.
Құрсағын тіккен кезде ішіне инфекция түсіп, асқынып нәтижесінде жатырын алып тастауға тура келген. Жансақтау бөлімінде бір апта жатқан әйел әупірімдеп тірі қалыпты. Ал, наусқасқа ем жүргізген дәрігерлер болса туыстарына отаның кім жүргізгенін білмейтінін мәлімдеген. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
21 жастағы қала тұрғыны Әйгерім Сәметтің жалғыз жұбанары да әупірімдеп аман қалған сәбиі. Ананың бауыр еті баласын қарауға әлі таусылса да, бар күшін жинап ыстық құшағына басады. Себебі, жоспардағы жүктілік келіншек үшін қорқынышты түсіне айналған. Өткен жылдың желтоқсанында айы күні жетіп перзентханаға барған әйелді ақ халаттылар “кесарь тілігімен” босандырып алған. Бірақ…
«Сол кезде мен операционный залда жатқан кезде маған врач қыз сұрақтар қойды. “Трубаңды” байлап тастайын ба? Тағы да туғың келеді ме? Осының алдындағы қызыңды кім босандырды? Мен операция жасадым ба саған? Мен жасаған болсам жатырыңды байлап тастаушы едім. Дегендей сұрақтар қойды. Мен ол кезде наркозбен жатқан болатынмын» – дейді зардап шеккен ана Әйгерім Сәмет.
Ота барысында дәрінің күшімен жатса да, Әйгерім дәрігердің айтқан ауыр сөздері санасында әлі сайрап тұрғанын айтады. Себебі, өмір мен өлімнің арасында жатқан қызымызға ақ халаттылар операция аяқталысымен дұрыс назар аудармады дейді келіншектің отбасы. Нәтижесінде әйелді арада 3-4 күн өтпей перзентханадан үйіне сап-саусың деп шығарып салған.
«Жаңағы жасаған кісіге жолығайын деп барсақ, анау шовын алдыруға барған кезде, ол жұмыстан шығып кетті жұмыс істемейді ол дейді. Ол неге жұмыстан шығып кетеді табан астында. Егер оның ешқандай жазығы жоқ болса. Ол ақ болса, білікті маман болса не үшін жұмыстан шығады?» – дейді зардап шегушінің анасы Мейрамкүл Арқабаева.
Алайда, келіншек сәбиін босанған қаладағы №2 перинаталдық орталықтан үйіне шыққан соң, арада көп ұзамай өзін жайсыз сезінген. Денсаулығына алаңдаған жолдасы оны шаһардағы басқа ақылы емханаға алып барған. Сонда оның жағдайын көріп, төбе шашы тік тұрған мамандар жас ананың сәл кешіккенде өлім кетуі де мүмкін еді деген болжам айтқан.
«Неге ол кісілер ондай тірлік істейді? Неге ондай сөз айтады? Адам жанының арашасы ғой олар. Адамның жаны қиналып жатқанда адамның жаны жадырайтын әңгіме айту керек. Ондай әңгімен неғылады? Барсақ айтады, біз білмейміз ондай әңгіме болған жоқ. Мен естіген жоқпын дейді» – дейді зардап шегушінің әжесі Фарида Тұртаева.
Анаға екінші рет ота жасаған хируругтар құрсағын көріп бастарын шайқаған. Себебі, бір айға жетпейтін уақытта ішке екі литрге жуық ірің жиналып қалған. Ұзаққа созылған операция 6 сағатқа созылыпты. Бірақ, әйелдің жатырын алып тастауға тура келген. Ал, перзентханада бірінші ота жасаған дәрігерді отбасы шарқ ұрып іздеп таппай жүр. Себебі, ол жұмыстан шығып кеткен көрінеді.
«Білмеймін мен. Сөйлесейін десем, сол врачпен сіз неге маған сондай сұрақтар қойдыңыз? Енді, менің сізге де сұрақтарым бар десем ол кісіні, врачты таба алмадым. Даже менен сұрайды. Түрі қандай оның түрі қандай болған деп. Біз тауып береміз ол кісіні тапқан кезде сізге хабарласамыз. Сонда өздерінің араларында жүрген врачтарды білмей ма ол кісілер? Олардың өздерінің бір нолары бар содан кейін қашады деп ойлаймын» – дейді зардап шеккен ана Әйгерім Сәмет.
Мән-жайды білмек болып, қаладағы перзентханаға да бардық, бірақ мардымды жауап ала алмадық. Ал, қалалық қоғамдық денсаулық сақтау департаментіне сұрау салғанымызбен ол жерден де үн қатқан ешкім табылмады. Енді, болашағына балта шабылып, қайтадан бала сүю бақытынан айырылған келіншектің отбасы ота жасаған ақ халаттыларды сотқа бермек.
Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

"Құс үркітіп сағатына 8 200 теңге таптым": Англияда жүріп 1 миллионнан аса айлық алатын қазақстандық жұмысы туралы айтып берді
