Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Кептелісте жүргің келсе, төле": Алматылық тұрғын жолда келе жатып тұрақ үшін айыппұл алған

Фото: Желі кадрларынан скрин

Желіде алматылық "Алматы Паркинг" компаниясының енді жолда жүріп келе жатқан көліктерге тұрақ деп айыппұл салатынын көрсетіп сынға алды. Айтуынша жол ағымымен кептелісте келе жатқанында камер орнатылған компанияға тиесілі көлік суретке түсіріп, кейін төлем туралы шот жіберген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Оқиғаның видеосы Threads әлеуметтік желісінде жарияланды. Видеодағы ер адам болған жағдайға наразылық білдірді.

"Мен түсінбедім, сіздер жалпы жолда жүріп, суретке түсіріп, айыппұл салып жүрсіздер ме? Бұл не нәрсе?" – деді ол.

Одан кейін жүргізуші компанияның көлігіне жақындап, не болып жатқанын нақтылады.

"Сәлеметсіз бе. Сіз қазір өтіп кеттіңіз, маған бірден хабарлама келді. Егер мен жалпы жолда келе жатсам, бұл қалай сонда?" – деп сұрады ол.

Жауап ретінде компания қызметкері “есепшотты 15 теңгеге толтыр” деген.

Видеоның астында қолданушылар бұл жағдайды қызу талқылауда. Кейбірі мұндай тәсілді кептеліспен күресудің тиімді жолы деп санаса, енді біреулері құқықбұзушылықтарды тіркеудің заңдылығына күмән келтіріп, айыппұл алған жеке тәжірибелерімен бөлісуде.



“Бұл көлік ағынының жылдамдығын мәжбүрлі түрде реттеу механизмі. Жол – шектеулі ресурс. Жылдамдықты айыппұлдар немесе төлем арқылы реттеу қарбалас уақытта сұранысты азайтады. Яғни кептеліс кезінде жүргің келсе, төле. Төлегің келмесе күте тұр. Кептеліс мәселесін шешетін уақыт әлдеқашан келді, басқа әдістер жұмыс істемейді", “Мынау шектен шығу. Әбден басымызға мінді. Бассыздықты тоқтату керек”, “Иә, жақында апаттық сигнал қосылған, екінші қатарда тұрдым. Тіпті тұрақ белгісіне дейін жетпеген едім. Сол кезде олардың көлігі өтіп кетті, ал мен тұрақ үшін төлеуім керек болды” , “Бұл қалжың ба, әлде ащы шындық па?", – деп жазды жұртшылық. 

Компания өкілдері мұндай тәсілді жоққа шығарды.

"Әлеуметтік желілерді бақылау барысында қате есеп шығару және компания қызметкерінің дұрыс емес кеңес беру фактісі анықталды. Бұған дейін автокөлік иелерін қандай да бір мәселелер туындаған жағдайда кол-орталыққа бағыттау қажеттігі ескертілген болатын. Алайда видеожазбада қызметкер жүргізушіге қате ақпарат бергені көрініп тұр", – деп атап өтті компания.

Компания мамандары мен банк қате push-хабарламалардың жүргізушілерге жіберілуін болдырмау үшін жұмыс жүргізіп жатыр.

"Бұрын мұндай мәселелер туындаған емес. Сондықтан жауапты тұлғаларға қатысты тиісті шаралар қабылданды. Туындаған қолайсыздық үшін кешірім сұраймыз", –  деп қосты компания.

Сонымен қатар компания кол-орталыққа жүргізушілер +7 727 390 8000 арқылы хабарласа алатынын ескертті.

STAN.KZ
Сейсенбі, 23 Желтоқсан, 2025 16:07