Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Кепілдікпен босату үшін 10 млн сұраған": Алматыдағы дәмханада төбелес шығарған шетелдік студенттер депортацияланады

Әлеуметтік желіде жаңа жыл түні Көктөбедегі дәмханалардың бірінде төбелескен шетелдік студенттердің қамауға алынғаны және оларды сотқа дейін кепілдікпен бостандыққа шығару үшін 10 миллион теңге ақша сұрады деген ақпарат тарады. Алматы қаласы полиция департаментіндегілер Stan.kz тілшісіне желіде тараған ақпаратқа қатысты түсініктеме беріп, істің қалай жүріп жатқанын айтып берді. 

Видеодан скрин

Желі қолданушысы TikTok парақшасына Көктөбедегі дәмханалардың бірінде шетелдік студенттердің қатысуымен болған төбелестен видео жариялады. Оның айтуынша, жаңа жыл түніндегі жанжал болмай тұрып, екі ай бұрын Каспий университетінің 20 студенті Асфендияров атындағы университеттің бір студентіне шабуыл жасаған. Денсаулығына ауыр зиян келгеніне қарамастан шетелдік студент полицияға шағым түсіруден бас тартқан.

“Достары “төзуге болмайды” деп полицияға шағым түсіруге үгіттеген. Алайда ол жергілікті полиция өзіне көмектесе алмайтынын, керісінше, шағым түсірсе басы бәлеге қалатынын айтқан. Сөйтіп екі айдан соң олар Көктөбедегі дәмханада кездейсоқ кездесіп қалған. Каспий университетінің 30 студенті шетелдік студенттің жанындағы 9 шақты адамға жабылған. Полиция 6-7 адамды қамауға алды. Біреуін денсаулық жағдайына байланысты босатты. Негізгі сот 2 айдан кейін болады екен. Оған дейін шетелдік студенттердің төлқұжаттарын алып қойған. Оларды кепілдікпен бостандыққа шығару үшін 10 миллион теңге сұраған”, – дейді желі қолданушысы. 

Оның айтуынша, студенттер сұраған ақшасын таба алмай, Үндістандағы ата-анасына хабарласқан. Олар ақша табу үшін күнделікті табыс әкелетін дүкенін кепілге қойып, сол күні Үндістаннан Алматыға ұшаққа билет алған. 

Осыған қатысты Алматы қаласы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек істің мән-жайын түсіндірді. Ол күдіктілерді кепілдікпен босату үшін 10 миллион теңге сұрағаны туралы ақпаратты жоққа шығарды.

“Аталмыш дерек бойынша қылмыстық кодекстің 293-бабының тармақтарына сәйкес, қылмыстық іс қозғалды. Алты адам күдікті ретінде ұсталып, қамауға алынды. Қазір қылмыстық іс аясында тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Желіде тараған ақпарат жалған. Жалған ақпарат таратқандар жауапкершілікке тартылатынын ескертеміз”, – деді Салтанат Әзірбек.

Бүгін үкімет отырысында ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек төбелеске қазақстандық студенттердің қатыспағанын және шетелдік студенттердің депортацияланатынын мәлімдеді.

“Төбелеске қатысқан 6 студент Үндістаннан келген. Арасында біздің студенттер жоқ. Бұл – тек өз араларындағы мәселе.  Қазір Алматы полиция департаменті тексеру жүргізіп жатыр, нәтижесін күтейік. Мен елшілікпен тікелей байланыстамын, біз сөйлесіп, бұл студенттерді депортациялау туралы ортақ шешім қабылдадық. Бұл – біздің ұстанымымыз. Президент жуырда берген сұхбатында әр шетелдік азамат өз елінде заңдарды қалай сақтаса, Қазақстанда да дәл солай заңға бағынуға міндетті екенін айтты”, – деді Саясат Нұрбек.

Осылайша министр елшілікпен студенттерді депортациялау мәселесі шешілгенін айтты.

Еске салайық, бұған дейін жаңа жыл түні студенттер Алматыдағы дәмханада жаппай төбелес шығарған еді. 

Талқылау