Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Кентау жылу орталығындағы апат: Алты көп қабатты және 40 жеке үйге әлі жылу берілмеген

Кентау қаласындағы ауа райының қолайсыздығына байланысты болған жағдайдың салдарын жоюға қатысты кеңес өтті. Бүлінген инфрақұрылым қалпына келтірілуде. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды жедел штаб отырысын өткізді. Аймақ басшысы барлық құрылым басшыларына зардаптарды жою жөнінде тапсырмалар берді. 

Қазір ЖЭО-5 орталығында қазандықтар жұмыс істеп тұр. Дегенмен қалада 6 көпқабатты үй мен 40 жеке тұрғын үйде жылу беру қалпына келтірілмеді.

“Инфрақұрылымды қалпына келтіру үшін 11 бригада мен бірнеше мамандандырылған техника жұмылдырылды. Қаланы ауыз сумен қамту мәселесі толығымен жойылды. Дауылдың салдарынан болған үзілістерге байланысты алты көпқабатты және 37 жеке тұрғын үйлердің жарықтандыруын қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде", – деп хабарлады қала әкімдігі.

Естеріңізге салайық, Кентауда екпінді желдің салдарынан сорғы станциясында электр қуаты үзілген болатын. Қазір гидравликалық режим толығымен қалпына келтірілді, станция тұрақты режимде жұмыс істеуде. Дегенмен үйлерде әлі жылу жоқ. Кентаулықтардың айтуынша, кейбір құбырлар суықтан жарылып, су атқылауда. Бұған дейін Кентауда жылу электр орталығындағы төрт қазандық түгел өшіп қалғаны туралы хабарлаған едік. 

Талқылау