Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Кеншілер қандай жағдайда зейнетке ерте шығады - Еңбек министрлігі екі шартты атады

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова шахтерлердің зейнет жасын төмендету мәселесі қашан шешілетінін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына жауап берген министр зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін қазақстандықтар қандай жағдайда зейнетке ерте шығатынын мәлімдеді.

Оның айтуынша, тиісті заң жобасы осы жылдың соңына дейін енгізіледі. Қазір қаржы нарығын реттеу агенттігі өмірді сақтандыру компаниясымен бірлесіп есептеулер жүргізіп жатыр.

“Біз өз тарапымыздан екі талапты айқындадық – бұл шахтерлердің 55 жастан асуы және БЖЗҚ-да 7 жыл ішінде міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының болуы", –деді Жақыпова үкіметте өткен брифингте.

Жақыпова министрліктің бюджет өтінімін рәсімдегенін айтты. Оның үш жылға арналған сомасы 45 млрд теңгені құрайды. 

“Мұның бәрі шахтердің зейнетақы жинақтарының қорына байланысты болады. Зейнетақы жарналарын аудару 84 ай бойы жүруі тиіс. Осы төлемге үміткер адамдардың саны 46 мыңға жуық. Бірақ олар екі талапқа да сәйкес келуі керек – 55 жас және 7 жыл ішінде міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының болуы",  – деді министр.

Талқылау