Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Кеңседе қыз зорлау оқиғасы: Антикор Талдықорған полициясы экс-бастығының әйеліне қатысты істі тергеп жатыр

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Талдықорған полициясының бұрынғы басшысы Марат Күштібаевтың әйеліне қатысты істі тергеп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: time.kz

Бұған дейін Күштібаев қыз зорлағаны үшін бас бостандығынан айырылған еді. Ал оның әйелі жәбірленушіге пара берді деген күдікке ілінді.

Жетісу облыстық прокуратурасының мәліметінше, Қылмыстық кодекстің 422-бабының 1-бөлігімен (Жалған айғақтар беруді немесе айғақтар беруден жалтаруды, жалған қорытынды беруді не қате аударуды параға сатып алу немесе оларға мәжбүрлеу) жәбірленушіге пара беру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып жатыр.

“Қазір қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне қатысты өзге ақпараттар жария етілмейді”, – делінген хабарламада. 



Айта кетейік, Жетісу облысының Көксу аудандық соты бұған дейін сотталған Талдықорған полициясының бұрынғы бастығы Марат Күштібаев пен алаяқтық ісі бойынша тағы екі адамға үкім шығарған еді. Сот мәліметінше, бұрынғы полиция бастығы Марат Күштібаевтың әйелі жәбірленуші мен оның жігітіне хабарласып, белгілі бір сомаға іс бойынша бастапқы айғақтарын өзгертуді сұраған. Қалалық соттың хатшысы "мәмілеге" делдал болып, тартылған сома көлемі 40 миллион теңге болған. Ақшаны алған жәбірленуші іс бойынша берген айғақтарын өзгертуден бас тартқан. Өз кезегінде Күштібаевтың әйелі зардап шеккен тарапты алаяқтық жасады деп айыптап, полицияға арыз берген. Нәтижесінде хатшы, қыз және оның жігіті 6 жылға сотталды. 

Еске сала кетейік, бұған дейін Талдықорған полициясының басшысы қыз зорлады деген күдікпен ұсталған. Кейін ол екі айға қамауға алынды. ҚР Қылмыстық кодексінің 120-бабының 2-бөлігі ("Адамның қызметтік міндеттерін атқару кезінде жасаған зорлау") бойынша қылмыстық іс қозғалған. 29 ақпанда Марат Күштабаевтың қыз зорлау ісі бойынша сот процесі басталғаны хабарланған.

Бұған дейін Талдықорғандағы қыз зорлау оқиғасынан кейін орта шенді полиция қызметкерлерін аттестациядан өткізбек екені белгілі болған.

Талқылау