Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"ҚазҰУ студенттеріне несие алдырған": Белгілі айтыскердің қызы алаяқтық жасады деп айыпталды

Айбек калиевФото: Ашық дереккөзден алынды

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттері бизнес бастап, қосымша ақша табамыз деп белгілі айтыскер Айбек Қалиевтің қызы Махаббат Қалиеваға алданғанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Сағи мен Елдиярдың сөзінше, олар есімі елге белгілі айтыскер ақынның қызымен бизнес бастамақ болған.

“Махаббат Қалиева – менің сыныптасым Науанның әпкесі. Әкесі – Айбек Қалиев, айтыскер ақын. Мен сол жігіттің үйінде тұрып жүрген кезде әпкесі бизнеспен айналысатын. Бір күні досымыз “Қосымша ақша тауып, істеп көрсеңдерші” деп ұсыныс айтты. Қытайдан машина кіргізетін. Оны біздің атымызға рәсімдеп, сатады. Үстіндегі пайдасын аламыз. Рәсімделген көліктердің құжаты қолымызда бар. “500 мың теңге бересің, мен саған 500 мың теңге қосып қайтарамын” деді әпкесі. “Ақшасын қайтара алмасам, әр кешіккен күнге 50 мың теңге жіберемін” деді. Ол ақшаны тауып бере алмаған кезде “Мен саған заң жүзінде ештеңе беруге міндетті емеспін” дейді. Мен сенен ақша сұрамадым дегенді де айтты. Өзінің айтқанынан қашып отыр”, – деді Елдияр есімді студент. 

“7 миллион теңге ақшамызды ала алмай жүрміз”

Олар алғашында көмек қолын созу мақсатында қарызға ақша берген. Кейіннен несиеге алып, достарынан да қарыз сұраған. Елдиярдың сөзінше, бүгінде екі займ да төленбей тұрған көрінеді. Ең өкініштісі ешқандай заңды құжат жоқ.

“Әкесі Айбек Қалиев менің анама аудиохабарлама жіберіпті. “Біздің күйеу бала кішкене лудоман еді” депті. Біз көліктен түскен пайданы сұрап отырған жоқпыз. 5-6 досым несиеге кіріп кетті. Махаббаттың бізге беруі керек 7 миллион теңгеге жуық қарызы бар. Бірақ басқа да адамдарға қарыз екен. “Елдияр, қиналып тұр едім. Займ алып берші” деп өтінеді. Өз атымнан екі займ алып бердім. Оның өзін әлі жапқан жоқ, төлеген де жоқ. Төлемеймін деп отырған сияқты. Сағи досым да алып берді. Қазір екі займға 500 мың теңгедей қарызбын. Махаббатқа көмектесу үшін жан-жағымдағы адамдардан ақша алдым. Олар менен ақшаларын сұрап жүр. Оны өзіне айтсам, “Сен өзің алғансың” деп жала жауып тұр. Қолдағы бар дәлел – өзінің жазған хабарламалары. Өзі несие алып, төлемей кеткесін оған банк қарыз бермейді екен. Інісі де қарыз алып, бермей жүретін. Әпкесі де сондай екен. Әкесіне хабарласып, халыққа айтамыз деп едік, өздеріңді сотқа беремін” деді. Қызының қарыз алып, қайтармай жатқанымен шаруасы жоқ. Жұртты шулатпауға да болатын еді, бірақ тығырыққа тірелдік”, – деді Елдияр.

ҚазҰУ студентінің сөзінше, ақшаларын сұрап, Жаркентке дейін іздеп барған. Алайда ақшаларын ала алмай кейін қайтқан. 

“Достарымызбен Жаркентке дейін бардық. Махаббатың күйеуі 7 миллион теңгені құмар ойынға салып жіберген сияқты. Ақша кешіккен сайын түрлі сылтау айтатын. Бізге көп өтірік айтты. Әкесінің де абыройын ойламайтын адам болып тұр. “Сендердің 7 миллион теңгелеріңді күйеуім Қытайдан алып келе жатыр. Ақшаларыңды шығарып береміз” деген. Бірақ кездескенде күйеуі де жоқ, ақша да жоқ болды. Күйеуі Қытайдың шегарасына өтіп кеткен. Махаббат өзі де білмей қалған түр жасады. Негізі, ақша Қытайдан келген, күйеуі ойынға салып жіберген. Басқа себеп жоқ. Махаббат күйеуінің құмаройынға тәуелді екенін жасырады. Бірақ біз әкесінен естіп алғанбыз”, – дейді ЖОО-ның студенті. 

Коллаж: Stan.kz

Stan.kz тілшісі Қалиева Махаббатқа хабарласып, істің ақ-қарасын сұрады. Сөзінше, Елдиярға осы күнге дейін 7 миллион теңгедей аударған. 

“148 мың теңге ғана қарызбын”

“Елдияр қараша айынан бастап бізбен бірге жұмыс істеді. Ол – туған бауырымның сыныптасы. Ақпан айында қарызға ақша сұраған едім. Ол маған сұраған ақшамды тауып берді. Бірақ несие алғанын немесе займ алғанын айтқан жоқ. Менің есепшотыма 7 миллион теңге ақша келіп түсті. Түбіртекті де көрсете аламын. Ай сайынғы төлемді жіберіп отырдым. Осы күнге дейін менен жіберілген сома 7 миллион 202 мың теңге. 148 мың теңге ғана қалды. Менің Елдиярға қарызым – осы. Бірақ жігіттер несиенің пайызы бар деп отыр. Мен оларды несие алуға мәжбүрлеген жоқпын. Олар өз еріктерімен алды. Өздері жіберді. Мен де оларға уәде еткенімдей қайтардым. Мен Сағи деген баланы танымаймын. Елдияр ақшаны сол баладан алдым деді. Сағиды көрген емеспін”, – деді Махаббат. 

Сондай-ақ Махаббат мәселені сот арқылы ғана шешетінін алға тартты. Одан кейін жолдасының ойынқұмар екенін растаған жоқ. 

“Елдиярдан қарыз алғаным рас. Олар менің отбасымды даттап жатыр. Жолдасымды да араластырды. Күйеуі ойынқұмар дегені – жалған. Әкемді де қозғады. Енемнің де мазасын алған. Соңғы 10 күн бойы хат-хабарсыз қалдым. Баламның денсаулық жағдайына байланысты ауруханаға түсіп қалдық. Одан басқа арамызда түсінбеушілік болған емес. Анасымен де сөйлестік. Сотқа барамыз деді. Мен де авдокаттармен жұмыс істеп жатырмын. Істің бәрін сот бойынша шешеміз. Бұл Елдияр екеуміздің арамызда болған нәрсе. Сағи “Журналистерді шақырып, Айбек Қалиевтің қызы деп айтамын. Сол маған жеткілікті” деді. Әкемнің атын пайдаланып, мені бопсалап тұр. Бұл тірлікке әкемнің қатысы жоқ. Олар менің әкем арқылы хайп жинамақ”, – деді Махаббат.

Коллаж: Stan.kz 

STAN.KZ
Дүйсенбі, 30 Маусым, 2025 16:48
Талқылау