ҚазҰУ-дағы медициналық мекеме өкілі "пәк" қыздардың тізімінде қандай мәліметтердің болғанын айтты
Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінде оқитын "пәк" қыздардың тізімі тарап, бұл оқиға дауға айналған еді. ҚазҰУ әкімшілігі бұған медициналық орталықты кінәлап, қылмыстық іс басталғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
190 тәлімгердің аты-жөні, ЖСН мен ұялы байланыс нөмірлері жазылған ақпарат ватсап топқа түскен. Студенттердің жеке деректерінің ішінде"вирго", яғни "пәк" деген жазу үлкен дау тудырды. Бұл тізімді студенттер флюрографиядан өтсін деп механика-математика факультетінің деканатына жеке медициналық орталықтың маманы жолдаған. Тәлімгерлердің жеке деректері мен дәрігерлер ғана білуі тиіс ақпараттың тарауына қатысты қазір тексеріс басталды. Іске тіпті құқық қорғау органдары да араласады.
Тізімде флюрографиялық тексеруден өтпеген механика-математика факультетінің 3 және 4 курс студенттерінің жеке деректері жазылған. Енді мұндай қателікке жол берген медициналық орталықпен келісімшартты тоқтату мәселесі қарастырылып жатыр екен.
Қазіргі уақытта медициналық орталықтағы қызметкерге де, факультет деканатындағы маманға да еш шара қолданылмаған. Барлығы тексеруден кейін белгілі болмақ. Ал емхананың басшысы қыздардың пәктігін дәрігерлер арнайы тексермейтінін айтады. Сөздерінше, "вирго" деп жазылмаған қатар қыздың жыныстық қатынасқа түсті дегенді білдірмейді. Яғни бос тұрғаны медициналық тексерістен өтпегендері. Енді, әрине, пәк-пәк еместігі де белгісіз дейді.
“Өздері жыныстық қатынаста өмір сүреміз деп айтпағанша, біз оны тексере алмаймыз. Ондай заң жоқ. Бірақ жүктілік пен аборттың алдын алу үшін қыздардан сауалнама жүргізіп, медкабинетте гинеколог қарайды. Бүгін болған жағдай ғой. Әрине, шара қолданамыз. Қазір өзіміздің жұмыста түсініктемесін алып, шара қолданылады. Ары қарай жұмыстан шығарыла ма, ол мәселені менен жоғары бастықтар шешеді”, – деді "Smart Health University City" ЖШС емханасының медициналық басшысы Жанна Жүнісова.
Университет қызметкерлері ректор тізімге іліккен студенттерден кешірім сұрайтынын да жеткізді. Сонымен бірге тексерістен кейін өтемақы берілуі де мүмкін. Ал тізімге ілінген студенттердің шағымданып немесе күйзеліске түскені туралы ешқандай ақпарат жоқ.
Еске салсақ, бұған дейін Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінде “пәк” қыздардың тізімі тарап кеткені туралы жазған едік. Кейін студенттердің жеке деректерін таратқан адам медициналық қызмет көрсететін мекеменің қызметкері екені анықталды.