Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазнетте анайы ойын ойнаған жеткіншектердің видеосы тарады

Анайы ойын ойнаған ақтаулық жеткіншектердің аты-жөні анықталды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "Еуразия бірінші" арнасына сілтеме жасап.

Облыстық полиция басқармасының мәліметінше, эротикаға еліктеген ұлдардың жасы небәрі 10-да екен. Қазір олардың ата-аналарына қатысты тергеу амалдары басталыпты. Ал, білетіндер  болашақта мұның салдары қауіпті болуы мүмкін деген пікірде. Оған қоса, ерсі қылығымен көзге түсіп жүрген жеткіншектердің де қарасы азаяр емес.

Ұятсыз ойын ойнаған жеткіншектердің жасына емес, жынысына таңданысын білдірген видео авторының  балаларды не үшін тоқтатпағанын желдегі жұрт сол күйі түсінбей-ақ қойды. Естеріңізде болса, бейнежазба ғаламторда бір апта бұрын тараған еді. Дереу тексеріс бастаған құзырлы орган өкілдері дүйім жұрттың жағасын ұстатқан оқиға Ақтау қаласында болғанын анықтапты. Қазір тергеу амалдары жүргізілуде.  

"Балалар интернетте бұрын көрген эротикалық видеодағы әрекеттерді еліктеп, қайталаған. Бұл факт ҚР Қылмыстық кодексінің 121-бабының 1-бөлігі, яғни сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері бойынша  сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізілімінде тіркелді", - делінген Маңғыстау облысының полиция басқармасы баспасөз қызметінің жазбаша берген жауабында.

Мамандардың сөзінше, бала шақтағы мұндай ерсі ойындар кері әсерін болашақта міндетті түрде береді. Өйткені кез-келген ақпарат санада жылдар бойы сақталады. Балалықпен болған ойынның салдары өскесін біреудің бүтіндей тағдырын талқандауы мүмкін.

"Видеоны әсерлі қылып түсірсе, дауыстарын назар аудартатын қылса, онда сезімі берілсе, балаларға ол тартымды қылып тұрады. Сол тартымды болғаннан кейін бала соны жасауға тырысады. Ол ойлауы мүмкін, ол басқа балаларға ұнайды деп.  Балада қиындық проблемалары туған кезде олар осындай әрекетке үнемі баруы мүмкін. Кейін ол рефлекс түрінде қалыптасып кетуі мүмкін", - деді психолог Ақгүл Молдабекова.

"Ерсі қылыққа барып, жасы кішіге дөкейлігін көрсетуге әзір тұратын балалар да жетеді елімізде", - деді телеарна тілшілері.

Желіде де осы тектес видеолардан көз сүрінеді. Статистиканың оң өзгеруіне былтыр қатаңдатылған заң да көмектесер емес , дейді құзырлы орган өкілдері.

"Қазіргі таңда жалпы білім мекемелерінде арнайы жасөсіпірімдермен іс-жүргізетін мектеп инспекторлары бекітіледі. Осындай әкімшілік құқық бұзушылық немесе құқықтық құқық бұзушылық жасаған балалармен арнайы жұмыс жүргізіледі", - деді қалалық полиция департаментінің аға-инспекторы Айгүл Туарбекова.

Ал психологтар  балалармен полиция емес, ата-аналары жұмыс істеу керек, дейді.  

"Ең бірінші негізгі себебі осы ата-аналар балаларға көңіл бөлмейді. Жеткілікті дәрежеде уақыт өткізбейді. Және ата-ана мен бала арасындағы эмоционалды жақындық жоқ. Көп ата-аналар бала тәрбиесін киіндіру жегіздіру, тұратын жерімен қамтамасыз ету деп ойлайды. Бірақ негізінде бұны мемлекетте жасай алады", - деді психолог Ержан Мырзабаев.

Талқылау