Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қазір айттап жүретін кезең емес": Шымкент қаласының әкімдігі тұрғындарға жүгінді

Шымкент қаласының бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан қаладағы эпидемологиялық жағдай туралы сөз қозғады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Мұқан

Ол өткен тәулікте елімізде 5314 адам, Шымкентте 416 адам ковид инфекциясын жұқтырғанын алға тартты.

"Бұрын-соңды ковид жұқтырған мұнша адам анықталмаған. Антирекорд. Шымкент қаласындағы эпидемиологиялық жағдайға байланысты карантин шаралары күшейтіліп отыр. Демалыс күндері толық локдаун. Қоғамдық көлік, мейрамхана, базарлар, сауда үйлері мен ойын-сауық орталықтарының жұмысы тоқтатылады. Таразының бір басында бизнес пен қызметкерлердің мүддесі, екінші басында халықтың денсаулығы мен адамдардың өмірі тұр", - дейді әкім орынбасары.

Осыған орай, ол бизнестен шектеу шараларына түсіністікпен қарауды сұрады.

"Бірер апта эпиджағдайды бақылап көреміз. Жағдай жақсарып жатса, шектеу жеңілдетіледі. Бизнестің табысты жұмыс істеуіне әкімдік аса мүдделі. Дегенмен, халықтың саулығы аса қымбат. Шектеу - уақытша. Бардың орны толады, ең бастысы жақындарымызға жанашыр болайық. Шымкент қаласының тұрғындарын да шектеу шараларына түсіністікпен қарап, көпшілік орындарға бармай, сақтанып жүруді өтінеміз. Әсіресе, үйде аяғы ауыр келіндері бар ата-енелер мен әкелер сақтанып жүргені абзал, мүмкіндігінше қонаққа бармай, қонақ шақырмаған жөн. Алдымызда Құрбан айт келе жатыр. Қазір айттап жүретін кезең емес. Бас аман, бауыр бүтін болса, айт та, той да ешқайда қашпайды", - деп қосты Шыңғыс Мұқан.

Әкімдік өкілі Шымкентте 15 500-ден астам жүкті әйел барын атап өтті. Сөзінше, соңғы уақытта коронавирус жұқтырған жүкті әйелдер көп түсуде. 

Оның сөзіне сүйенсек, бүгінде Шымкентте 2 564 нақуас емделіп жатыр (1 346 науқас ауруханаларда, 1 218 науқас үйлерінде). Сонымен бірге коронавирус індетін жұқтырған науқастармен қатынаста болған 6 379 азамат амбулаторлық бақылауда.

"Шаһарда мамандандырылған инфекциялық 2 196 төсек-орын бар. Дәрі-дәрмек пен өкпені жасанды желдету құрылғысы (ИВЛ) жеткілікті. Жағдай әкімдіктің қатаң бақылауында. Дегенмен, ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеген жөн. ", - деп түйіндеді ол.

Айта кетсек, Шымкент вакцинация салдыруды 50%-ға жеткізген жалғыз аймақ.

Бүгінде қалада де өзге аймақтардағыдай короновирус жұқтырғандар саны артып келеді. Бір күннің ішінде Шымкентте 416 адамнан вирус анықталған. Ал былтыр ол 150 ден аспапты. Жансақтау бөлімдерінде 200 төсек бар болса, оның елу бес пайызында науқас жатыр. Дегенмен стационардағы төсек саны екі мыңнан асады. Қосымша орын жеткілікті, дейді өңір басшылығы

Дидар Халық
Бейсенбі, 15 Шілде, 2021 18:34
Талқылау