Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

«Қазақтелеком»: Кәсіподақ – жұмыс берушінің көзі мен құлағы

Кәсіподақ – ұжымдағы ахуалдың барометрі. Ол – жұмысшының тілі, ал жұмыс берушінің көзі мен құлағы. "Қазақтелеком" мұны жақсы түсінеді. Осы орайда Астанада ақпараттандыру және байланыс қызметкерлерінің салалық кәсіподақ ұйымымен алғашқы ауқымды форум өтті. Аталған жиында жұмысшыларға қатысты барлық мәселе қаралып талқыланды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

"Біздің компания үшін адами капитал, ұжымдағы әлеуметтік ахуал мен жұмысшылардың көңіл-күйі ең маңызды әрі басымдыққа ие факторлардың бірі. Себебі компания келешегі ең алдымен ынталанған, жан-тәнімен беріліп жұмыс істейтін қызметкерлердің арқасында кемел болатынын жақсы түсінеміз", – деді "Қазақтелеком" АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев.

Басқарма төрағасының айтуынша, компания қызметкерімен қатар оның отбасына да қолдау ауадай қажет. Осы орайда "Қазақтелеком" АҚ жұмысшыларын баспанамен қамтуда пайызсыз несие беру, жұмысшылардың өздері мен балаларына демалыс және сауықтыру кешендеріне жолдама беру секілді шаралар қарастырылған.

"Самұрық-Қазына" қорының қоғаммен байланыс, әлеуметтік-еңбек қатынастары және еңбекті қорғау жөніндегі басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов жұмысшыларды әлеуметтік тұрғыдан қолдау қор ұстанатын басым бағыттардың бірі екенін атап өтті.

“Сонымен қатар жұмысшылардың қауіпсіздігі де маңызды. Осы орайда біз кәсіподақпен әрдайым байланыстамыз, тығыз жұмыс істеудеміз. Өз басым жұмыс бабымен өңірлерге жиі шығып, кәсіподақ жұмысы, еңбек қауіпсіздігі мәселесіне мән беремін. Бәріміз де білеміз биылғы жылды "Қазақтелеком" компаниясы қызметкерлерді әлеуметтік қолдау жылы деп жариялады. Бұл тәжірибені біз өзге де портфелдік компанияларға үлгі ретінде айта жүреміз. Осы жерде маңызды және бір мәселе "Қазақтелеком" өзінің биыл қабылдаған көптеген бағдарламаларымен қолдау деген тек жалақыны өсіру емес, сонымен қатар басқа да ынталандыру тетіктерін іске қосуға болатынын көрсетті", – деді ол.

"Қазақтелеком" АҚ-да жұмысшыларды әлеуметтік қолдаудың бірнеше бағыты бар. Ол туралы аталған компанияның персоналдар бойынша бас директоры Берік Битабаров айтып берді.

"Біздің әлеуметтік серіктестігіміздің төрт негізгі элементі бар. Әрине, алдымен қызметкерлерді қолдау маңызды. Оның ішінде жалақы мәселесі де бар. Содан соң оның отбасына қол ұшын созу. Келесі маңызды жайт еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Сонымен қатар компанияда еңбек еткен зейнеткерлерді қолдау біздің назарда. Одан бөлек, жұмысшы төтенше жағдайға тап болған жағдайда көрсетілетін көмек бар. Тағы бір жаңалық, биыл біз ерекше балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларды қолдау бағдарламасын іске қостық. Нақтырақ айтқанда, ерекше балаларды күтіп-баптау, олардың емі, сол секілді сауықтыру және білім алуы бойынша шығынды компания өтейді", – деді Б. Битабаров.

Оның мәлімдеуінше, ерекше күтімді талап ететін бала тәрбиелеп отырған отбасыларға қолдау көрсету Атырау облысында бастау алып, бүгінде барлық аймақ бойынша кеңінен іске асып жатыр. Оның дәлелі биыл 1 мыңнан астам отбасы аталған қолдауға ие болды.

Сондай-ақ, "Қазақтелеком" АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеевтің сөзінше жұмысшының айтарын басшылыққа, құзыретті органдарға жеткізуде кәсіподақтың орны бөлек.

"Еліміздің түкпір-түкпірінде компания филиалдары бар. Шалғайда орналасқан кеңседегі қызметкердің даусы бізге дамылсыз әрі жедел түрде жетіп отыруы керек. Әрине, бұл оңай шаруа емес. Ол үшін дұрыс коммуникация қалыптастыра білу қажет. Осы орайда барлық қызметкермен тұрақты түрде онлайн конференциялар өткізіп тұрамыз. Бұл ұжымдағы ахуалды бақылауда ұстаудың құралы. Коммуникацияны ілгерілетудің тағы бір жолы – кәсіподақ", – дейді Қ.Есекеев кәсіподақ өкілдерімен кездесу барысында.

"Қазақтелеком" компаниясында әлеуметтік қолдаумен қатар жұмысшыларды ынталандыру, еңбегін елеу шаралары бар.

"Жұмысшыларды ынталандыру барысында мемлекеттік наградалардан бөлек, министрліктер мен ведомстволардың, "Самұрық- Қазына" қорының марапаттары бар. Сонымен қатар компания ішінде де жұмысшылардың еңбегін елеусіз қалдырмаймыз. Сол сияқты түрлі байқаулар өткізіп тұрамыз. Биыл "Қазақтелеком" АҚ-ның 350-ден астам қызметкері марапатталды", –  деді Берік Битабаров.

Одан бөлек, "Қазақтелеком" АҚ жұмысшыларына қысқа және ұзақ мерзімге үстемесіз займ беріледі. Мысалы, биыл 600-ден астам қызметкер қысқа және ұзақ мерзімді займға ие болған.

Бұған дейін айтқанымыздай, компания үшін әр жұмысшымен мен оның қауіпсіз еңбек етуі алдыңғы орында. Осыған орай компаниядағы жұмыс жағдайын жетілдіру мақсатында биыл қызметкерлер арасында 2 рет әлеуметтік сауалнама ұйымдастырылған. Сауалнама сұрақтары жұмысшыларды қажетті құрал-жабдық, техника, жиһаз, жұмыс кабинеті және қызметтік көлікпен қамту секілді мәселелерді көтерді. Сауалнаманың нәтижесінде қандай мәселені назарға алып, шешімін қарастыру керектігі анықталды.

Жиын барысында белгілі болғандай, "Қазақтелеком" АҚ қызметінде кәсіподақ жұмысшыларға ыңғайлы әрі қауіпсіз жағдайды қалыптастыруда белсенді қатысып жатыр. Сол сияқты зейнеттегі қызметкерлер де компания қолдауымен қамтылған.
Қоғамдық ұйымдар жоғарыда аталған бағдарламаларды әзірлеуге белсенді қатысып қана қоймай, олардың орындалуын қатаң бақылайды. Биыл жыл соңына қарай компания басшылығы өз қызметкерлерінің еңбек және тұрмыс жағдайын одан әрі жақсарту үшін барлық деңгейдегі кәсіподақпен жаңа ұжымдық шарттың жобасын талқылауға ниетті.

Талқылау