"Қазақтелеком" Хромтауды Қазақстанның екінші "оптикалық" моноқаласына айналдырмақ
Телеком-оператор моноқалалардағы инфрақұрылымды жаңғырту бойынша ауқымды жобаны жалғастыруда. Биыл Курчатов қаласынан кейін Хромтауда мыстан оптикаға толық көшу шарасы жүзеге асырылады.

"Қазақтелеком" моноқалаларда мыс желісін талшықты-оптикалық кабельдерге ауыстырады. 2022 жылы телеком-оператор Абай облысының Курчатов қаласында осы жобаны қолға алып, жарты жыл ішінде жүзден астам көп қабатты үйді ескі ADSL мыс технологияларынан оптикалық желілерге өзгертті.
2023 жылдың соңына дейін жоба хромит өндіру бойынша көш бастап тұрған Ақтөбе облысының 29 мыңға жуық тұрғыны бар қаласы Хромтауда іске асырылады. Оптикаға көшу арқылы жергілікті тұрғындардың тиімді тарифтер мен жаңа сервистерді алуға мүмкіндігі бар. Сандық теледидар және TV+ платформасына қол жеткізу, 500 Мбит/с дейінгі жылдамдықтағы интернет, бейнебақылау және "ақылды үй" қызметтері қосылады.

"Оптика техникалық қызметі айтарлықтай арзан және сенімді. Ол жоғары жылдамдықтағы интернетпен қамтамасыз етіп, заманауи цифрлық сервистерді қосуға мүмкіндік береді. Хромтау бойынша 114 көп қабатты үй мен жеке сектордағы екі мыңнан астам тұрғындары қамтылады", – деп атап өтті "Қазақтелеком" АҚ "желі" дивизионы" бірлестігінің қатынау желісі жөніндегі директоры Ғазинұр Райымханов.

Абоненттерді мыстан оптикаға ауыстыру бірнеше кезеңнен тұрады: техникалық мүмкіндікті зерттеу, талдау және тексеру. "Қазақтелеком" желілерін жаңарту кезінде әртүрлі техникалық шешімдерді қолданады. Мысалы, дауыстық шлюздерді немесе ONT-терминалдарды орнату, талшықты-оптикалық байланыс желілерін салу және төсеу.
Үйдің орналасуы мен оператордың магистральдық оптикалық желілерінің қолжетімділігіне байланысты тиімді әдіс таңдалады. Хромтауда 20 шақырымға жуық талшықты-оптикалық желілер салу жоспарлануда, ал Ақтөбе облысы бойынша инфрақұрылымды жаңғырту шеңберінде төрт мыңнан астам абонентті "оптикаға" ауыстыру мәселесі қарастырылуда. Республика бойынша бұл көрсеткіш 53 мың пайдаланушыдан асты. Олар сапалы байланысқа ие.
Компанияның мәліметінше тұтынушылардан келіп түсетін шағымдардың 70 пайызы ескірген мыс желілері арқылы өтетін интернет сапасының нашарлауына байланысты болып отыр. Ал оптикаға ауысу арқылы мәселені шешуге болады. Желілік сервистердің жұмысын қамтамасыз ету үшін 54 мың шақырымға жуық мыс желілеріне әсер ететін технологиялық базаны жаңғырту қажет.

Клиенттерді "оптикаға" көшіру жөніндегі бастама бірнеше жылға есептелген, ол "Қазақтелеком" қаражаты есебінен жүргізіледі. Мұны біздің компанияның стратегиялық міндеттерінің бірі десек болады", – деп атап өтті "Қазақтелеком" АҚ "желі" дивизионы" бірлестігінің сапа жөніндегі директоры Шыңғыс Құсқамбасов.
Биыл Хромтаудан бөлек, еліміздің тағы алты қаласы – Түркістан, Степногорск, Ақсай, Ақтау, Жаңаөзен және Ақсуда да оптикалық желілерге ауыстыру шарасы қарастырылуда.
"Бізден 100 есе жоғары алады": Қазақстан мен шетелдік дәрігерлердің жалақысын салыстырып көрдік