Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанның үздік танымал қақпашысы қайтыс болды

Фото:Kff_team

Қазақстандық танымал экс қақпашы Андрей Морев 49 жасында дүниеден өтті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қаралы хабарды “Ақтөбе” клубының баспасөз қызметі мәлімдеді. 

“Андрей Валерьевич өмірін футболға арнап, "Ақтөбе" клубының дамуына зор үлес қосты. Ол алаңдағы шебер ойынымен, адалдығымен және жанкүйерлердің сүйіспеншілігіне бөленген нағыз спорт майталманы ретінде есте қалады”, – делінген футбол клубының ресми хабарламасында.

Андрей Морев Ресейдің Омбы қаласында дүниеге келген. Ол мансабында Қазақстан мен Ресейдің бірнеше клубтарында өнер көрсеткен.

Қазақстан Премьер-лигасында Морев 152 матч өткізген, "Жеңіс", "Оқжетпес", "Экибастузец", "Тобыл", "Ақтөбе" және "Қызылжар" клубтарының қақпасын қорғаған.

"Ақтөбе" сапында ол командамен бірге 2007 және 2008 жылдары ел чемпионы атанған. Ал 2008 жылы Қазақстан кубогын жеңіп алған. Сонымен қатар, 2005 жылы "Қазақстанның үздік қақпашысы" атағын иеленген. Бұған қоса Қазақстан ұлттық құрамасында да өнер көрсеткен. Морев футболдағы карьерасын аяқтаған соң Ресейге оралып, бапкерлік курстардан өтті. Кейін балалар академияларында жаттықтырушы ретінде қызмет атқарды. 2018 жылы Морев әлеуметтік желіде өзіне өкпе қатерлі ісігі диагнозы қойылғанын жариялады. Сол кезде дәрігерлер оның тек алты ай өмір сүре алатынын айтқан еді. Дегенмен, ол өмірге деген құштарлығын жоғалтпай, ауыр сырқатпен жеті жылдан астам уақыт бойы күресті.

Айнұр Мұхади
Сейсенбі, 28 Қазан, 2025 15:49
Талқылау