"Қазақстанның табиғи сұлулығын паш етті": Павел Дуров Көлсайда шомылғаны үшін жауапкершілікке тартылмайды
Видеодан скрин
Павел Дуров Көлсай көліне шомылғаны үшін жауапкершілікке тартылмайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
БАҚ пен әлеуметтік желілерде Telegram мессенджерінің негізін қалаушы Павел Дуровтың Алматы облысындағы “Көлсай көлдері” ұлттық паркінде шомылып жүрген сәті түсірілген бейнежазба жарияланған еді. Экология және табиғи ресурстар министрлігі мамандары оқиғаға қатысты тексеру жүргізіп, шешім шығарған.
"Аталған дерек бойынша қызметтік тексеріс жүргізіліп, Көлсай-2 көлінің маңында шомылуға тыйым салынғаны туралы ескерту белгілері болмағаны анықталды. Сол себепті бұл әрекетте құқық бұзушылық белгілері жоқ. Кездейсоқ орын алған жағдай аумақтың экологиялық тұрақтылығына әсер етпеген. Аталмыш оқиға ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда болу ережелері туралы туристерді жүйелі түрде хабардар етудің маңыздылығын көрсетті. Бұл өз кезегінде Қазақстанның бірегей табиғатын сақтауға, сондай-ақ елдің эко және жауапты туризм бағытындағы тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді", – деп мәлімдеді министрлік.
Оған қоса, Павел Дуровтың бұл әрекеті имидждік сипатқа ие екені айтылды.
"Павел Дуровтың 10 миллионнан астам жазылушысы бар жеке парақшасында жарияланған бейнематериал имидждік сипатқа ие, Қазақстанның табиғи сұлулығын халықаралық аудиторияға паш етті. Мұндай ақпараттық қамту елдің туристік әлеуетін жақсартуға қосылған елеулі үлес", – делінген ақпаратта.
Айта кетейік, бұған дейін "ВКонтакте" әлеуметтік желісі мен Telegram мессенджерінің негізін қалаушы Павел Дуров Алматы облысындағы Көлсай көліне шомылғанын көрсеткен видео жариялағанын жазғанбыз. Алайда керісінше ұлттық парк қызметкерлерінің үстінен қызметтік тергеу басталған.
Артынша әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Алексей Милюк Павел Дуровқа Көлсай көлдерінде шомылуына қатысты тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлаған.

"Қанды Қаңтар" алдында газ бағасын көтеруді қолдаған мұнай сарапшысы тағы сынға қалды: Енді жолақыны қымбаттатуды ұсынды
