Тәуелсіздік пен елдіктің белгісі: Қазақстандықтар рәміздерді не үшін қадірлейтінін айтты
Тәуелсіз мемлекет үшін рәміздердің алар орны мен маңызы ерекше. Шетелдіктер де елімізді ең алдымен рәміздер арқылы таниды. Әрі бұл құнды белгілермен мемлекетіміздің тарихы, арман-мұраты мен рухы астасып жатыр. Сонымен қатар рәміздер заң тұрғысынан қорғалып, оны қорлағандарға қатысты жаза қатаңдатылған. Ендеше, осындай құдылықтарымызды қаншалықты қастерлеп жүрміз? Бұл туралы Stan.kz тілшісі ел тұрғындарының пікірін сұрап көрді.
Мемлекеттік рәміздер – кез келген мемлекеттің ажырамас бөлігі, оның егемендігін көрсететін негізгі атрибуты. Конституциялық заңға сәйкес мемлекеттік рәміздерге ту, елтаңба мен әнұран жатады. Олар тек қана эстетикалық талаптарға ғана емес, тарихи және саяси тұрғыдан белгілі мәнге ие болуы керек.
Заңдағы мемлекеттік рәміздердің мәртебесі қандай?
Елдігіміздің белгісіне айналған мемлекеттік рәміздер заң тұрғысынан қорғалады. Бүгінгі таңда рәмізді қорлағандарға 3 мың айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Тиісті өзгеріс заң жобасына биыл ғана енгізілді.
"Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің "Мемлекеттік рәміздерді қорлау" 372-бабына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Нәтижесінде, мемлекеттік рәміздерді қорлау дерегі үшін айыппұл 3 мың АЕК дейін ұлғайтылды және қоғамдық жұмыстарға тартудың мерзімі 900 сағатқа дейін арттырылды", – деді Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов.
“Мемлекеттік рәміздер – елдіктің белгісі”
Рәмізді қорлағандарды қатаң жазалау туралы шешіммен Алматы тұрғыны Дидар Халық толықтай келісетінін мәлімдеді.
"Мемлекеттік рәміздер – елдіктің белгісі. Олардың республикамыз, халқымыз үшін маңызы жоғары екенін түсінемін. Сондықтан оларды қорлауға, әрине, түбегейлі қарсымын. Өз басым мұндай шараларда туды таптап, лақтырып, басқа да оғаш қылықтар жасағандарға қатаң жаза қолдану керек деп ойлаймын. Себебі жаза қолданбаса, ертегі күні рәміздерді сыйламайтындар қатары артуы мүмкін", – дейді Дидар Халық.
Ал Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ магистранты Рысбек Арапханұлы рәміздерді еліміздің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін ажырамас атрибут деп білетінін айтады.
"Әр ұлт өз тілін қалай қастерлесе, мемлекеттік рәміздерді де бағалау әр азаматтың парызы болуы шарт. Өзге мемлекеттерге қарасақ өз елінің туын қалай қасиет тұтып, қадірлейтінін байқаймыз. Алайда қай елде болмасын, жетесіз жандар жетерлік. Ондай адамдарды заң негізінде жазаға тарту керек. Ал негізінен мемлекеттік рәміздерді қадірлеуді отбасыдан, балабақшадан бастап бүлдіршірдердің, өскелең ұрпақтың бойына сіңіру аса маңызды. Сонда ғана өз елінің нағыз патриоттары, рәмізді қастерлейтін азаматтар саны көбейеді", – деді Рысбек.
Рысбек Арапханұлының бұл пікірімен жас мұғалім Ақжарқын Мұқади де келіседі. Оның пайымдауынша, рәмізді қадірлеу еліне деген сүйіспеншіліктен басталады. Мұны әр адамға жас күнінен бастап сіңіру керек.
"Қазіргі таңда оқушылардың патриоттық сезімін арттыру үшін алғашқы сабақты әнұранды айтудан бастаймыз. Осылайша балаларға әнұранның және өзге де рәміздердің қадірін жеткізуге тырысамыз. Ұстаздық етіп жүргеніме бір жылға жуықтады. Мен де елімнің патриотымын, мен үшін мемлекеттік рәміздер үлкен маңызға ие. Өкінішке қарай, жаңалықтардан немесе әлеуметтік желіден кей адамдарды туды немесе елтаңбаны аяқ асты еткенін көріп жүрміз. Келешекте мұндай адамдардың санын азайту үшін өз оқушыларыма рәміздердің мән-маңызын түсіндіріп отыруға тырысамын. "Тәрбие тал бесіктен" деп бекер айтпаған, сондықтан рәміздің маңызын әр адам артынан ерген жастарға түсіндіруі керек", – дейді ол.
Рәмізді қорлағандарға қандай жаза қарастырылған?
Елімізде рәмізді қорлағандар қатаң жауапқа тартылады. Сонымен қатар рәмізді дайындау үшін арнайы лицензия қажет.
Бұған дейін рәміздерді қорлағандарға қатысты жаза жеңіл еді. Мәселен, 2015 жылы Шымкент қаласында тумен қоқыс шығарғандар 198 мың теңге айыппұл төлеп, құтылып кеткен еді. Ал бүгінгі таңда айыппұл мөлшері 10 миллион теңгеден асады.
Мемлекеттік рәмізді қорлағандарға қатысты жаза күшейтілгенімен, елде мұндай деректер азаймай тұр. 2022 жылы әлеуметтік желіде туды қапшық ретінде пайдаланып, қоқыс шығарғандардың видеосы қызу талқыға түскен еді. Видео авторының сөзінше, бұл оқиға Жетісу ауданындағы Бөкейханов көшесіндегі сенбілік кезінде орын алғанын жазды. Алайда Жетісу ауданының әкімдігі бұл ақпаратты жоққа шығарды.
Ал Павлодар облысында қоқыс арасынан елтаңба табылды. Кейін прокуратура өкілдері аталған дерекке байланысты тексеріс жүргізілгенін мәлімдеді. Сонымен қатар орта мектепті бітіріп, мұқабасында елтаңба бейнеленген аттестатын қоқысқа тастаған оқушы да көптің сынына қалған еді. Кейін мектеп түлегі қазақстандықтар кешірім сұрап, видео жариялаған. Айта кетейік, заңға сәйкес мемлекеттік рәміздерді қайта қолдану мүмкіндігін болдырмау үшін ұсақтау тәсілі арқылы жойылады.
Айта кетейік, Рәміздер туралы заң 1992 жылдың 4 маусымында қабылданды. Ал Рәміздер күні 2007 жылдан бастап "Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы" заңға қойылып, ұлттық мерекелерге қатысты жаңа қаулы қабылданған соң тойлана бастады.
Тәуелсіздік алған соң Қазақстанның рәміздерін Шәкен Ниязбеков (ту авторы), Жандарбек Мәлібеков пен Шота Уәлиханов (елтаңба авторлары), Шәмші Қалдаяқов пен Жұмекен Нәжімеденов (әнұран авторлары) дайындады.
31 жылда еліміздің рәміздеріне бірнеше рет өзгеріс енгізілді. Мәселен, әнұран 1992 және 2006 жылдары екі рет қабылданды. Себебі 1992 жылы әнұранның мәтіні мен музыкасына байқау жарияланған. Алайда байқау нәтижесінде Қазақ ССР-дің әнұранын қалдыру туралы ешім қабылданыпты.
Ал 2006 жылы жаңа мемлекеттік әнұран бекітілді. Оның негізі ретінде "Менің Қазақстаным" патриоттық әні алынды. Әнді 1956 жылы Шәмші Қалдаяқов, ал мәтінін Жұмекен Нәжмеденов жазған. Кейін мәтінге экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев өзгеріс енгізді.
Сонымен қатар 2018 жылы елтаңбадағы "Қазақстан" жазуын латын әліпбиімен "QAZAQSTAN" деп жазу туралы шешім қабылданды.

Желіде қазақстандықтарды біздің өңірде күшті жер сілкінісі болады деп қорқытып жатыр: Болжам қандай?
