Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанның мемлекеттік қарызы 31,8 триллион теңге болды

Фото: pixabay.сom

2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның мемлекеттік қарызы 31,8 триллион теңге болды. Көрсеткіш Жалпы ішкі өнімнің 23,7 пайызы болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қаржы министрі Мәди Такиев мәжілістің жалпы отырысында республикалық бюджеттің орындалуы туралы есеп берді. Сол кезде еліміздің мемлекеттік қарызы қанша екенін айтты.

"Мемлекеттік қарыз белгіленген шекте тұр. Жалпы ішкі өнімге шаққанда 23,7% немесе 31,8 триллион теңге. Өткен жылы бюджет тапшылығы 3,649 триллион теңге немесе Жалпы ішкі өнімнің 2,7 пайызы болды. Бюджет кірістері 97,2% деңгейінде орындалып, 19,6 триллион теңге болды. Ал шығыстар 23,6 триллион теңге болып, 98% орындалған", – деді Мәди Такиев.

Министр 2024 жылы нақты Жалпы ішкі өнім өсімі 4,8% деңгейінде тіркелгенін, инфляция 9,8%-дан 8,6%-ға дейін төмендегенін айтты.

"2024 жылы бюджетке түсетін ақша азайды. Өйткені ірі кәсіпорындар геосаяси жағдай мен тасымалдаудағы қиындықтарға тап болды. Оның үстіне мемлекет бұрынғыдан үш есе көп 1,2 триллион теңге қосылған құн салығын қайтарып берді. Осы екі фактор бюджетке айтарлықтай қысым түсірді. Сонымен қатар көлеңкелі экономиканы қысқарту жұмыстары жалғасып датыр. Цифрландыру арқылы салық әкімшілендіруі нәтижесінде бюджетке қосымша 1,28 триллион теңге түсті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 37% артық", – деді министр.



Мәди Такиевтің айтуынша, өңірлерді қолдауға 7,1 триллион теңге, әлеуметтік салаға – 8,8 триллион теңге бағытталған.

"2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап ынтымақты зейнетақылар 9%-ға индексацияланды. Сондай-ақ базалық зейнетақының ең төменгі және ең жоғары мөлшері артты. 2024 жылы зейнетақының ең төменгі жиынтық мөлшері 86 068 теңге, ал ең жоғарғысы 197 873 теңге болды. Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) төленетін әлеуметтік жәрдемақылар 7% өсті. Атап айтқанда, еңбекке жарамдылықтан айырылу және асыраушысынан айырылу бойынша 1,38 миллионнан астам адам жалпы 958,3 миллиард теңге көлемінде төлем алды", – деді министр.

Министрдің айтуынша, елеулі қаржы инфрақұрылымдық және инвестициялық жобаларға бағытталды.

"12 мың шақырым автожол салынды және жөнделді. 62 елді мекенде 213 мың адамға газ жеткізілді. "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында 105 мектептің құрылысы аяқталды. Сондай-ақ 460 денсаулық сақтау нысаны пайдалануға берілді. Ал 2025 жылға дейін тағы 195 нысан салынып, 32 аудандық аурухана жаңғыртылмақ", – деді министр. 

Бұдан бөлек, министр бюджет қаражатының жұмсалуын ашық ету мақсатында Қаржы министрлігінің бақылауы күшейіп, мемлекеттік аудитке цифрлық құралдар енгізілгенін айтты. Жыл қорытындысы бойынша қаржыны игермегені үшін 73 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылған.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанның мемлекеттік қарызы 63,7 миллиард долларға жеткені туралы жазған едік. 

Жұмаділлә Нұрила
Сәрсенбі, 18 Маусым, 2025 13:24
Талқылау