Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Елімді мен сүймесем, кім сүйеді?": Сингапурда қызмет еткен қазақ азаматы неге елге оралғанын айтты

Мағжан Советбек – танымал америкалық бизнесмен Стивен Шварцман ұсынатын Schwarzman Scholars стипендиясын иеленген екінші қазақстандық. Қытайда білім алып, Сингапурда энергетикалық саясат мәселелері бойынша зерттеуші болып жұмыс істеген. Бірер жыл бұрын 27 жастағы отандасымыз шетелдік компаниялар ұсынған жоғары жалақыға, жайлы өмірге қарамастан, еліне оралады. Қазақстанға қайтып келудегі себебін ол еліне деген ерекше сағынышымен түсіндіреді. Елімді мен сүймесем, кім сүйеді деген Мағжан өзін еш ойланбастан патриоттар қатарына қосады. “Қытай Гарвардының” түлегі қазақстандықтарды елі үшін жан-тәнімен қызмет етіп, ата-баба алдында жауапкершілікті сезінуге шақырады. Stan.kz тілшісіне ол еліне не үшін оралғанын және оның түсінігінде патриотизм не екенін айтты.  

мағжан советбекМағжан Советбектің Цинхуа университетінде түскен сәтінен фото 

Шетелдік компанияда жұмыс істеуді армандадым, алайда өз еліңе ештеңе жетпейді

27 жастағы Мағжан Назарбаев Университетінің түлегі. 2018 жылы әлемнің түкпір-түкпірінен дарынды жастарды жинайтын "Қытай Гарвардына" Schwarzman Scholars стипендиясын жеңу арқылы түскен. Ол Азия бойынша үздік университетте "Экономика және бизнес" бағыты бойынша білім алды. Айтуынша, бұл стипендия жыл сайын әр елдің бір азаматына ғана бұйырады. Сол себепті бәселекелестік өте жоғары.

"Бағдарлама бойынша 40% америкалық, 25% қытайлықтар қамтылады. Ал 35% қалған елдің студенттеріне қарастырылған. Менімен бірге бұл бағдарламаға төрт мың адам өтінім берсе, оның 135-і ғана стипендиант атанды. Мен Қазақстаннан жалғыз өзім өттім. Бірақ осыған дейін бір қазақстандық жеңген екен", – дейді Мағжан Советбек.

Жас ғалымның айтуынша, шетелде тәлім алуы оған үлкен тәжірибе болды. Өйткені Гарвард, Колумбия сынды үздік университеттердің профессорларынан дәріс алып, әр елдің мықты студенттерімен жүріп шыңдалған. Қазақстанда оқытушының түсіндіруімен өтетін дәрістің мұнда ашық талқылау түрінде өтетіні оны таңғалдырды.

"Шетелдік білімнің артықшылықтары, ерекшеліктері көп. Әрі әр өңірдің лидерлері жиналған білім ордасы болғандықтан, бәсекелестік жоғары болады. Бірақ "Қазақстанда нашар, бізде мынау жоқ, дамымаған" деп айту қате, өйткені оған әсер етуші факторлар өте көп. Екі түрлі мәдениет, алайда еліміз білім жүйесіне көңіл бөлгені жөн деп санаймын", – дейді Schwarzman Scholars стипендианты.

Қытайда магистрлік білім алған жігіт әрі қарай шетелдік компанияларда жұмыс істеуді армандаған. Осыған дейін көңілінен шыққан Сингапурдан жұмыс тауып,  2020 жылы қарашадан бастап өзге елде он ай қызмет етті.

Мұнда оның айлық табысы 1 миллион 200 мың теңгеден асты. Ол Energy Studies Institute ұлттық зерттеу институтында энергетикалық саясат мәселелері бойынша зерттеу жүргізді. Айтуынша, орталықта мұны саяси тұрғыдан қарастырып, жобалардың негізінде қандай заң қабылдануы керек екенін ойластырылады. Мысалы, елде сутегімен жүретін автобус шығару жоспарланса, ол үшін мемлекет не істеуі тиіс, қанша инвестиция құяды және қандай заң қабылдануы қажет екенін зерттеген. Соның арқасында Мағжан Сингапур саясатын жақсы біліп алғанын айтты.

 

Өзге елдің азаматтарымен сені ештеңе байланыстырмайды

НУ түлегінің пайымдауынша, алғашында шетелдік өмір оның көңілінен шықты. Жоғары жалақы ала отырып, жаңашыл идеяларды дамытқан. Әрі қалалардың көрнекі жерлерінде саяхаттап, өмірі қызыққа толды. Кейіннен дәулетті өмір кешсе де, жабырқап, өзіне бір нәрсе жетіспейтінін ұға бастайды.

"Уақыт өте келе маған коммуникация, яғни орта жетіспегенін түсіндім. Бұл жерде жүрген қазақтармен, орыстармен де араласып, достасуға тырысқаныммен, Сингапурде жаныма жақын серігім табылмады. Өйткені рухани тұрғыдан жақындық байқалмады. Қоршаған орта маңызды болғандықтан, өзімді жалғыз сезінгендеймін", - дейді ол.

Оның еліне деген сағынышын карантин өршіте түскен. Себебі өзге елде төрт қабырғада жалғыз қалғанда, қазақстандық достарының өмірі тамаша болып көрінді.

"Сайып келгенде, әр қазақстандықпен жақындық сезіледі, байланыс бар. Ол біздің тарихпен, түп-тамырымызбен байланысты. Ал өзге елдің азаматтарымен сені ештеңе байланыстырмайды", – дейді Советбек.

Осылайша, үш ай толғанып, жақындарымен ақылдасып, Қазақстанда мұндай табысқа кенелмейтінін сезсе де, Отанына оралуға шешім қабылдайды. Ер жігіт қазіргі таңда бұл шешіміне өкінбейтінін, өз елінде әлдеқайда бақыттырақ сезінетінін жеткізді. 

"Кәсібім алға баспай, сәтсіздіктер орын алған кезде “өзге елде қала беруім керек па еді?" деген ойлар мазалайтыны рас. Бірақ көп жағдайда мен өз шешіміме ризамын", – дейді алматылық.

Жастар шетелде өмір сүріп көруі тиіс, бірақ...

Оның мәлімдеуінше, шетелде адам еңбегі жоғары бағаланады. Осы себепті де жастардың басқа мемлекетке қызығатынын, сол жерде өмір сүргісі келетінін атап өтті. Әрі дамыған елдерде адам құқықтарының бұзылуына жол берілмейді түсіндірді.

"Алайда жастардың шетелге кету тенденциясына тосқауыл қойылмауы керек. Білсін, өз көздерімен көрсін, өйткені мұны сөзбен түсіндіру мүмкін емес. Егер оларға мүмкіндік бермесек, өзге мәдениетке, өзге елге қызығушылығы қалып, іштей өкініш болады. Бәрі жаппай шетелге кетіп қалады дегенге сенудің қажеті жоқ, бәрібір де туған жеріне оралатындар баршылық. Бір жыл, он жыл, тіпті отыз жыл болсын, олар қайтып келеді. Әрі қайта оралғандар үлкен тәжірибені елге ұсынады", – дейді жас зерттеуші.

Мағжан Советбектің пікірінше, жат елде сіңісу қиын және көбісі осы себептен қайтып келеді. Мұнда адамдар өзінің ешкімге аса керек емес екенін түсіне бастайды, ал елінде оны қажет ететін жақындары мен достары бар. Оның пайымдауынша, шетел қоғамында адамдардың бірі үшін бірінің жаны ашымайды.

Әрі шетелдегі өмір әлеуметтік желіде көрсетілгендей, мінсіз емес екенін алға тартты. Барлық ел, тіпті жастар үздік деп санайтын Америка, Сингапур, Швейцария елдерінің өз кемшіліктері бар. Әрі мұны жастар өз көздерімен көріп, саралаған кезде өз елінің қадірін түсінеді.

“Мәселен, Сингапур тұрғындары маған тұйық, жабық адамдар болып көрінді. Шетелдің азаматы болғандықтан, басқа қоғам өкілімен етене араласу қиынға соғады. Белгілі бір шекара, жасандық байқалды. Сингапурлықтармен, сондағы басқа елдің азаматтарымен тілдесуіміз тек өз еліміздің жағдайын, халқымызды айтып берумен шектелетін. Тіпті Сингапурдағы қазақтармен тіл табысу оңайға соқпады. Осы елге үйреніп алған қазақтардың Қазақстан туралы басқаша ойларын есту жағымсыз әсер қалдыратын”, – дейді ол.

"Елімді мен сүймесем, кім сүйеді?.."

Қытай Гарвардының түлегі қазақстандықтарды елі үшін жан-тәнімен қызмет етіп, ата-баба алдында жауапкершілікті сезінуге шақырды. Отан алдындағы жауапкершілікті сезінетін саналы азаматтан патриот ұғымын қалай түсінетінін сұраған едік. Ол “патриот болу” дегенге түсінік бере отырып, өз елін, ұлтын неге сүйетінін айта кетті.

“Мен үшін патриот болу деген – ұлт үшін жанашыр болу, еліңді шексіз сүю. Өзімді еш ойланбастан патриотпын деп атай аламын. Патриот болудың бірі қыры – еліңді себебі үшін жақсы көру емес, шынайы барымен сүю, шын ықыласыңмен ұнату”, – деп түсіндіреді Мағжан.

Оның түсінігінде Отанды жақсы көруге ерекше себеп керек емес, шынайы жақсы көру – ол оны кемшілігімен қоса қабылдау. 

"Менің елім көп қиыншылық көрді. Ұлтымыз, тарихымыз кемсітілді. Түрлі репрессия, аштық кезеңдерін бастан өткізді. Сол себепті ата-баба алдында жауапкершілікті сезіну керек деп санаймын. Елімді, ұлтымды мен сүймесем, басқа кім сүйеді?! Біз үшін басқа біреу сүймейтіні анық қой", – деді ағылшын тілінің маманы.

Ол сондай-ақ қазақ тілді өнер иелері мен отандық өнімді дамытуға үлес қосып жатқан жастардың еңбегін жоғары бағалайтынын, олардың шынайы патриот екенін атап өтті. 

"Қазіргі таңда Ninety one, Ирина Кайратовнаның мүшесі Кука сынды әншілер, Бейбіт Әлібеков сынды кәсіпкерлерді ұлт жанашырлары қатарына қосар едім. Соңғы кезде жастардың қазақ мәдениеті үшін ерекше алаңдап, қазақ өнеріне жанкүйер болып жүргендерін байқаймын. Жас болса да, ұлттың дамуына үлес қосуда. Шетелдік өнім, шетелдік өнерпаздарға қарағанда, өзіміздің тұлғаларды қолдауды жөн көремін", – дейді ол.

Ана тілімнің алдындағы жауапкершілікті сезіндім...

IELTS ағылшын тілін білу көрсеткішін халықаралық бағалау тестінен 8.5 жинаған ол қазіргі таңда тіл үйретумен айналысады. Ағылшын тілі орталығының негізін қалаған ұстаз тек қазақстандықтарға емес, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан және Молдова азаматтарына да білім береді екен. Соған қарамастан, ол өз блогын таза қазақ тілінде жүргізуге шешім қабылдаған. Оның айтуынша, мұндай әрекетке оның бұрыннан қалыптасқан ұлттық сана-сезімінен бөлек, Нью-Йорктағы оқиға түрткі болған.

"Жаңа жылда Нью-Йорк қаласында қазақстандық отбасымен таныстым. Балалары америкалық мектепте қара нәсілділермен ағылшын тілінде оқиды. Олардың бұл елде жүргендеріне бірнеше жыл болған. Соған қарамастан, бүлдіршіндер таза қазақ тілінде сөйлейді. Ер адам орыс тіліне бейім екені байқалса да, қазақша сөйлеуге машықтанып, өз ұрпағына қазақи тәрбие беруге тырысады. Оны көріп, жас отбасының жауапкершілігін сездім және соны арқалауға тырыстым", – дейді жігіт.

Қазақстандық өнердің жаңа деңгейге шығып жатқаны қуантады

Қазақстанда соңғы жылдары қандай жағымды өзгерістерді байқағаны жайлы Мағжаннан сұраған едік. Ол саналы, білімді жастардың көбейіп, өнердің өркендеп жатқаны Қазақстан сияқты жас мемлекет үшін үлкен нәтиже екенін атап өтті. 

Оның айтуынша, әркім өз ісін шын көңілмен әрі ұлтының өркендеуі үшін жасағаны жөн. Әрі қазақ тілі мәртебесін көтеру, ұлтты дамыту мәселесін өзінен бастағаны жөн деп айтты.

"Осыған дейін орыс тілінде блог жүргіздім. Бірақ осы жағдайлардан соң бәрін өзімнен бастауды жөн көрдім. Неге мен өз жұмысымды басқа тілдің даңқын арттыруға жұмсауым керек?! Менің тілім салғырт қарайтындай ойыншық емес қой. Қазақ тілді ақпарат аз, контент жоқ дейміз, бірақ қазақша контентті мен жасамасам, басқа кім жасайды?! Тілді көтеру үшін әркім өз жұмысын тыңғылықты істеуі тиіс. Мысалы, Ninety One әндеріне орыс тілді халықтар, өзге ұлт өкілдері де тыңдап, біздің мәдениетке қызыға бастады емес пе?! Дәл осылай кез келген салада өз мәртебемізді көтере аламыз", – деп аяқтады сөзін зерттеуші.

Талқылау