Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Роза Рымбаева: Мен ешқашан атақ үшін еңбек еткен адам емеспін

Халық әртісі Роза Рымбаева жақында Қазақстанның Еңбек Ері деген атаққа қол жеткізген еді. Осы марапаттан кейін қатты шабыттанған әнші сахнаны тастамауды шешіпті. Роза «қазақтың бұлбұл әншісі» атанған Бибигүл Төлегенованың жолын қуамын дейді. Бұл жайында Рымбаеваның өзі Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында айтты.

Роза Рымбаева

45 жыл сахнада өнер көрсеткен халық әртісі Роза Рымбаева денсаулығы сау болып, дауысы қарлықпаса, 90-ға келгенше ән салуға дайын. Әнші Бибигүл Төлегенова, Ескендір Хасанғалиев, Нұрғали Нүсіпжановтың жолын қумақ ниетте.

«Мен ешқандай атаққа еңбек еткен адам емеспін. 45 жыл сахнада өнер көрсетіп келемін. Құдай денсаулық берсе, дауысым дұрыс болса, әрі қарай да шырқаймын. Халық өзі біледі, өзінің әншісін өзі таңдайды. Халық оның құрметті атағына, марапатына қарамайды. Әрине, құрметті атаққа ие болудың өз жауапкершілігі бар. Ал Бибигүл Төлегенова, Ескендір Хасанғалиев, Нұрғали Нүсіпжанов сынды апа-ағамыз 90 жаста сахнада ән шырқап жүр. Оның үстіне шәкірт тәрбиелеп, жастарға үлгі көрсетіп келеді. Бұның өзі керемет емес пе?» - дейді Қазақстанның Еңбек Ері.

Әнші бұрын өзінде бар атақтардың барлығын Кеңес өкіметі кезінде алған екен. Ол Еңбек Ері марапатына ие боламын деп еш ойламапты.

«Қазақстанымыздың бірінші рет құрметті атағына ие болып отырмын. Себебі, бұған дейін атақтармның барлығы Совет одағы кезіндегі атағым», - деп ағынан жарылды әнші.

Осылайша, Рымбаева сахнада өмір бақи ән салмақ. Оны әншінің өзі қалайды.

Талқылау