Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанның батысындағы төрт өңірді дамытуға 15 триллион теңгеден астам қаражат жұмсалмақ

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров батыстағы төрт өңірді дамыту жоспарымен бөлісті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Үкімет Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарын дамытудың 2022-2025 жылдарға арналған жаңа кешенді жоспарларын әзірледі. Сондай-ақ қолданыстағы Атырау және Маңғыстау облыстарын дамытудың 2022-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарлары қабылданды. 

"Батыс өңірлерді дамытудың 4 кешенді жоспарын қаржыландырудың жалпы көлемі 15,3 триллион теңге, оның ішінде республикалық бюджеттен – 1,7 триллион теңге", – деді Қуантыров үкімет отырысында.

Премьер-министр Әлихан Смайылов батыс облыстарды әлеуметтік-экономикалық жағынан әрі қарай дамыту және халықтың әл-ауқатын жақсарту өте өзекті мәселе екенін атап өтті.

"Кешенді жоспарлар экономиканың жекелеген салаларын дамытуға ғана емес, сондай-ақ сапалы сумен қамтамасыз ету, білім беру мен денсаулық сақтаудың қолжетімді болуы, жаңа жұмыс орындарын құру сияқты маңызды мәселелерді шешеуге бағытталуға тиіс", –  деді үкімет басшысы.

Мәселен, Ақтөбе облысында өнеркәсіп көлемін 2025 жылға қарай 2,8 триллион теңгеге дейін арттыру және қосымша 39 мыңнан астам жұмыс орнын құру жоспарланып отыр.

Батыс Қазақстан облысында 2 мың шақырымнан астам электр желісі жаңғыртылады. Бұл  желілердің тозуын айтарлықтай азайтады. 38 мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылады. Шамамен 2,1 триллион теңге жеке инвестиция тарту жоспарланып отыр.

Атырау облысында электр желілерінде жиілеп кеткен апатты болдырмау үшін тиісті шаралар қабылданады. 40 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылады. Шамамен 8,3 триллион теңге жеке инвестиция тартылмақ.

Маңғыстау облысында су тапшылығын ескеріп,  су тұщытатын 9 зауыт пен қондырғыны салу және кеңейту көзделуде. Сондай-ақ 55 мыңнан астам жұмыс орны ашылады.

Смайыловтың айтуынша, жобаларға негізінен бюджеттен тыс қаражатты тартуға басымдық беріліп отыр. Бұл өте құптарлық жайт, деді премьер.

"Ең бастысы өңір халқы оң өзгерістерді барынша сезінуге тиіс. Болашаққа сеніммен қарап, жұмыс істеп, табыс тауып, өз бизнесін дамытып, жақсы емделіп, сапалы білім алуы керек. Халықтың тұрмыс сапасын айтарлықтай жақсарту үшін барлық мүмкіндікті пайдаланған жөн", –  деді Смайылов. 

Үкімет құжаттарды мақұлдады.

Премьер-министр құзырлы органдарға кешенді жоспарлардағы іс-шараларды уақытында және сапалы іске асыруды тапсырды.

Талқылау