Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанның 10 өңірінде "Eolus" атауымен жұмыс істеген қаржы пирамидасына қатысты тергеу басталды

Қазақстанның он аймағында "Eolus" компаниясының атымен қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшелерінің басшыларына қатысты қылмыстық істер тергелуде. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Қаржы мониторингі агенттігінің хабарлауынша, аталған істер Абай, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Жетісу облыстарында, сондай-ақ Алматы, Астана және Шымкент қалаларында тіркелді.

"Eolus" компаниясының шын мәнінде жұмыс істейтінінің дәлелі ретінде ұйымдастырушылар "ENERGY EOLUS QAZAQSTAN" ЖШС-ны бір азаматтың атына тіркеген, кейін оны да өздерінің қылмыстық іс-әрекетіне тартқан.

"Салымшылар қаражатты инвестициялау кезінде ақшаны алу үшін қажетті соманы жинақтай отырып, күн сайын 2,5-тен 3,5%-ға дейін пайда алады. Жаңа пайдаланушы тартылған кезде салым сомасының 10% мөлшерінде біржолғы ақшалай сыйақы, сондай-ақ жаңа пайдаланушының жыл ішіндегі күнделікті табысының 4%-ы төленеді", – деді Қаржы мониторингі агенттігі.

Осылайша жылдық сыйақы сомасы 3000%-ға тең, ал Ұлттық Банктің базалық мөлшерлемесі жылдық 16%-ды көрсетеді.

Қазақстандағы өкіл ақшаны екінші деңгейдегі банктегі өз шотына қабылдайды, содан кейін криптобиржаға  аударып, айырбастауды жүргізеді.  Соңында криптошелек арқылы "energyeolus.top" платформасындағы өз шотына аударады. 

"Тартылған азаматтардың жалпы саны кемінде 3 000 адам, оның ішінде 1 773 салымшы 259 млн теңге сомаға мүліктік зиян келтірілгені жайлы өтініш берген", – деді қаржы мониторингі агенттігінің өкілі.

Талқылау