Қазақстаннан әкелінетін барлық тауарға 25% баж салығы енгізіледі: Трамп Тоқаевқа ресми хат жолдады
Фото: Gaelen Morse/Reuters
АҚШ президенті Дональд Трамп 7 шілдеде Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолдаған хатында 2025 жылдың 1 тамызынан бастап Қазақстаннан әкелінетін барлық тауарға 25% көлемінде кедендік баж салығын енгізетінін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ақ үй басшысы хат мәтінін Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында жариялады.
"2025 жылғы 1 тамыздан бастап Қазақстаннан АҚШ-қа жеткізілетін кез келген және барлық тауарларға 25% көлемінде кедендік баж салығы салынады. Бұл мөлшерлеме барлық салалық баждардан бөлек енгізіледі. Бұл хатты сізге жолдау мен үшін үлкен құрмет. Себебі бұл біздің сауда қатынастарымыздың беріктігін және Америка Құрама Штаттарының сіздердің ұлы еліңізбен елеулі сауда тапшылығына қарамастан ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екенін көрсетеді", – делінген құжатта.
Фото: Әлеуметтік желіден скрин
Трамп АҚШ пен Қазақстанға сауда қатынастарын талқылауға бірнеше жыл берілгенін атап өтті. Алайда қазір Вашингтон "ұзақ мерзімді тапшылықпен күресу маңызды" деп санайды. Америка президенті бұл баж салығы АҚШ аумағында тікелей өнім өндіретін компанияларға қатысы жоғын айтты.
“Егер сіз қандай да бір себеппен өз тарапыңыздан баж салығын енгізсеңіз, оның мөлшеріне қарамастан, оған біздің 25% мөлшерлеме қосылады. Бұл баж салықтарының саудадағы кедергілерді түзету үшін қажет екенін түсініңіздер. Сауда теңгерімсіздігі – біздің экономикамызға және, шын мәнінде, ұлттық қауіпсіздігімізге елеулі қауіп төндіреді”, – делінген хатта.

"Шетелде билетсіз, қонақүйсіз далада қалдым": Қазақстандықтар авторлық тур сатып аламыз деп 2 млн теңгеге дейін қаражаттарынан қағылған
