Қазақстаннан 41 құтқарушы Түркияға көмекке аттанды
Қазақстанның республикалық жедел құтқару жасағының құтқарушылары, медициналық қызметкерлер және құтқарушы иттер Түркияға көмекке аттанды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Бұл туралы ҚР Төтенше жағдайлар жөніндегі бірінші вице-министрі Ибрагим Құлшымбаев мәлімдеді.
"Өздеріңіз білетіндей, бүгін таңертең Түркия Республикасының орталық бөлігінде бірқатар жер сілкінісі болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның көмек көрсетуге дайын екенін мәлімдеді. Қазір ТЖ министрлігінің құтқарушылары "Бүркіт" әуе компаниясының ұшағына мініп, Астанадан Алматыға барады. Алматыда министрліктің күш-құралы толығымен Түркияға аттанады", – деді Ибрагим Құлшымбаев "Жібек жолы" телеарнасының тікелей эфирінде.
Спикердің айтуынша, Түркияға республикалық жедел құтқару жасағының құтқарушылары бара жатыр, олардың көпшілігінде халықаралық құтқарушы санаты бар. Сондай-ақ, "Апат медицинасы" орталығының медицина қызметкерлерін қосқанда, жалпы 41 адам Түркияға ұшады.
"Өзімізбен бірге апаттық-құтқару автокөліктерін, медициналық жабдықтарды, пневмо-модульдік шатырлар, гидравликалық құтқару құралдарын алдық. Оған қоса, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің арнайы кинологиялық тобы қызметтік иттерді алып барады. Түркияға жеткен соң тағы да байланысқа шығып, жағдайды баяндаймыз", – деді бірінші вице-министр.
Айта кетейік, Түркияның оңтүстік-шығысындағы Кахраманмараш провинциясында зілзала құрбандарының саны мыңнан асты, кемінде 7 мың адам жарақат алды.
Соңғы деректер бойынша, Кахраманмараш, Килис, Диярбакыр, Адана, Османие, Газиантеп, Шанлыурфа, Адияман, Малатия және Хатай провинцияларында 2824 ғимарат қираған.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанмен телефон арқылы сөйлесіп, қайғыра көңіл айтты.
Президент Түркияның зардап шеккен аудандарындағы іздестіру-құтқару жұмыстарына көмектесу үшін Қазақстан шұғыл түрде құтқарушылар мен дәрігерлер жіберетінін, сондай-ақ бауырлас елге гуманитарлық көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді.

"Оқушылармен бір vibe-тамын": Желіде тренд түсірген мектеп директоры жұрттың ықыласына бөленді
