Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық бойжеткен: Хиджабты шешкеніме өкінбеймін

25 жастағы Айнұр Бекболатқызы осыдан бес жыл бұрын намаз оқымаса да, хиджаб киген. Ол бұл әрекетін курстас қыздарына еліктеушілікпен түсіндірді. Артынша араға ата-анасы түсіп, ол үстіндегі хиджабын шешуге мәжбүр болған. Десе де, бойжеткен бұл әрекеті үшін ешқашан өкінбейтінін айтып отыр.

ма

«Қазір жасым жиырма бесте. Осыдан 5 жыл бұрын орамал тағып жүрдім. Анам да үйде орамал тағатын. Жалпы өзім курстастарыма еліктеп тақтым десем де болады. Қасымда намаз оқитын қыздар да болды. Бірақ жеке өзім орамалды сән үшін тақтым. Намаз оқуыма үйдегі әке-шешем қарсы шығып, маған деген көзқарастары өзгере бастады. Күнделікті тұрмыста, ЖОО-да ұзын көйлек, кең шалбар мен ұзын кеудеше кидім. Пәтерде намаз оқитын қыздармен бірге тұрдым. Тамақ ішу кезінде әңгімеміздің барлығы дін төңірегінде өрбитін. Әрдайым белгілі бір кітаптар ұсынып, олардың жан-дүниемді тазартатынын айтып отыратын. ЖОО-да бізге хиджаб киюге рұқсат бермеді. Жұмысқа орналасатын кездерде де қиындықтар болды. Осылайша оны шешуіме тура келді. Оның үстіне әке-шешем үнемі теріс ағымға түсіп кетуімнің мүмкін екенін айтып отырды», – дейді бойжеткен.

Осы орайда, дінтанушы Қайрат Жолдыбайұлы еліктеушіліктің түрлері туралы сөз етті. Мұнымен қатар, ол Айнұр ханымның жақсы қыздарға еліктегенін меңзеді.

«Әңгімені еліктеушіліктен бастағым келіп отыр. Бұл қасиет кез келген адамның бойында бар. Әркім өзі тұжырым жасап, ақ пен қарасын ажыратып қана қадам жасауы тиіс. Әсіресе, жастар. Көбінесе 18 жастағы өскелең ұрпақ еліктегіш болып келеді. Еліктегіштіктің екі жағы бар. Адам айналасындағы достары мен қоғамнан белгілі бір әсер алып отырады. Біреулер осылайша темекі тартып, қысқа белдемше киіп, кірпік жабыстырады. Өзін жаман жолға түсуге мәжбүрлейді. Енді бірде жақсы қыздар болады. Олардың жүріс-тұрысы дұрыс, орамал тағады. Ешкімге «сен» демей, намазын оқиды. Бәлкім сіз де солар секілді шариғаттың парыздарына мойынсұнып, соны орындағыңыз келген шығар. Сіздің жағдайыңызда еліктесеңіз де, діни біліміңізді жетілдірмегенсіз. Екіншіден, ата-анаңыз қарсылық танытқан. Олар бұл әлемнен алыстау болғандықтан сізді түсіне бермейді. Оның үстіне университетте қысым көрсеткен жандар да бар. Сіз осының барлығына шыдай алмай бұрынғы қалпыңызға келдіңіз. Кей адам керісінше ешкімге қарамастан, мұны жалғастырып кету мүмкіндігіне ие. Яғни еліктеген нәрсеңізді сеніммен бекітуіңіз керек», – дейді Қайрат Жолдыбайұлы.

Безымянный

Ал Абайтанушы Омар Жәлел мырза еліктемес бұрын алдымен иманды көтеріп, діни білімді жетілдіруге кеңес берді.

«Жасыратыны жоқ, біздің университетте орамалды сирек тағады. Ал хиджаб киетіндер жоқтың қасы. Қазіргі қоғамда тұмшалануға қатысты белгілі бір үрей бар. Қара киім мен хиджаб кию, тұмшаланып алу радикалды ағымдардың символикасына айналды. Сақал қойып, балақ қысқарту деген дүниелер де осыған кіреді. Оның үстіне халықтың босқа үрейленбейтінін де айтып өтуіміз қажет. Павлодарға барғанымда маған бір қыз сұрақ қойды. «Ашық-шашық жүретін қыздармен неге күреспейсіздер?» дейді. Осы орайда, адамның иманы жалаңаш, оның киімі тақуалық болады. Егер адамның иманы күшейсе, оның сырты да өзгереді.

Өкінішке орай, бұл кісінің мысалында ішкі әлемінде өзгеріс болмаған. Тек сыртқы келбетін өзгерткісі келген. Шәкәрім айтпақшы, Көп адам сыртын түзеп аласұрды, Киіміне мақтанған бала сынды, Ат болсын, киім болсын, мінез болсын, Құба түгіл істі қыл жарасымды. Бұл – діннің талабы. Осы талап бойынша, адам қай қоғамда өмір сүрсе де, сол қоғамнан ерекшеленбеуі тиіс. Оны пайғамбарымыз да «Әр істе орташа болыңдар» деп айтып кеткен болатын. Дін деген нәрсе біліммен келеді. Діннің не екенін білмейтін адамдар қоғамнан ерекшеленіп, көз түрткі болып, сөз түрткіге айналып, қысымға ұшырап жатады», – дейді Омар мырза.

Айнұр ханымның өзі хиджабты шешкеніне еш өкінбейтінін айтып жатыр. «Мен керісінше «Хиджабты неге кидім?» деген ойда болдым. Қазіргі кезім өзіме көбірек ұнайды», – дейді ол.


Жіберіп алмаңыз:

Билік өкілдері үш тілде сөйлей алатын қазақстанықтардың санын айтты

Мемлекеттік кірістер комитетінің үш қызметкері жол апатынан көз жұмды

Білім министрлігі оқу жылының қысқартылуына қатысты жауап берді

Елбасы ұлттық валютаны қолдану туралы Жарлыққа өзгеріс енгізді

Талқылау