Қазақстандық әйел енесінің туған ұлын құлдыққа сатып жібергенін айтты
Несібелі ханым өзінің шетелде құлдықта болғанын айтып шағымданған-ды. Айтуынша, күйеуі екеуін құлдыққа енесі сатып жіберген. Алайда оның бұрынғы күйеуі мен енесі мұның барлығын жоққа шығарып отыр.
Фото: instagram.com/aielbaqyty/
Бұл туралы “Әйел бақыты” бағдарламасында айтылды.
Қазақстанда жыл сайын 200-250 адам құлдыққа түседі. Олардың біразы – өзге елден келген азаматтар. Айта кететін жайт, оларды өз таныстары, кей жағдайда туыстары алдап шақырып алып, кейін қомақты қаржы үшін күң мен құл етіп сатып жібереді. Өзбекстанның азаматы 16 жасар Дильбарды немере әпкесі Алматыға шақырып, бір пәтерге апарып тастайды. Зорлықтың құрбаны болған қызды бейтаныс адам құтқарады. Ильхонды туған ұлы Қарағандыдағы құрылысқа шақырып, ақысын төлеудің орнына қорқытып, керісінше таяқтың астына алған. Осы секілді жағдайлар елімізде көп. Солардың бірі Несібелінің басынан өтіп отыр.
Қандасымыз Несібелі Ибрагимова табыс табудың жолында енесінің айтқанына көніп, Мәскеуге аттанды. Алайда туған анасындай адамның өзін алдап-соққанын біле қоймады. Себебі, барған жерінде ақша табудың орнына біреулерге тегін жұмыс істеп, қалдықпен тамақтанып, 8 ай бойы құлдықта күн кешкенін айтып жатыр. Өткен бағдарламалардың бірінде көзіне жас ала отырып айтып берген оқиғасының анық-қанығына жету жолында эфирге тағы да келіп отыр.
«Мәскеу қаласынан келгеннен кейін мен Шымкенттегі «Сана сезім» деген орталыққа бардым. Олардың қолдарында менің алдымда қашып келген аға-әпкелерім бар екен. Олардың барлығы орталықтың көмегіне жүгініп отыр. Шамамен 6 адам. Бірақ осы адамдардың арызын ешкім тексеріп жатқан жоқ. Кеше «Әйел бақытынан» шыққаннан кейін менің контактіме бірнеше адам жазып, «Біз де сол жерде болдық. Сіз көргеннің барлығын біз де көрдік. Сіз батыл екенсіз. Кезінде біздің олай қашып шығуға дәрменіміз жетпеді» деп айтып жатыр. Арасында менің сөзімді растайтындар да бар. Олардың барлығымен бетпе-бет кездестім. Әлия, Фатима деген балалар үйінің қыздары. Олар қазір Жанар, Жансұлу деген әпкелерінің қолында. 15-16 жастарында балалар үйінен шыға салысымен пойызбен алып кетіп отыр. Тіпті, сол жерден босанып келді. Балаларының әкесінің кім екенін білмейді», – дейді Несібелі ханым.
Алайда Несібелінің бұрынғы күйеуі Нұрдәулет пен оның анасы жоғарыда айтылғандардың барлығын жоққа шығарып отыр. Олар Мәскеудегі дүкенде еш жәбір көрмегенін тілге тиек етті. Осы орайда, қазақстандық заңгер Айнұр Мәметова бұл іске өзі тікелей араласқан екен.
«Несібелінің бұрынғы жолдасымен телефон арқылы сөйлестік. Бастапқыда Жансұлу ханымға хабарласқан болатынбыз, бұл кісінің орнына бұрынғы жолдасы жауап берді. Барлығын жоққа шығарып, өзін қорғап сөйледі. Одан кейін Ереже Бертай сол жерде сөйледі. Бұрынғы жолдасы ол кісіні танымайтынын айтты. Яғни өзі жауаптан қашып, нақты ешнәрсе айта алмады. Ертесінде СІМ-ге өзім хабарластым. Ол жердегі мақсат – Несібелі мен Ертайға құлдықтан қашып шығуға не себепті көмектеспегенін анықтау. Еуропа және СНГ басқармасының басшысы Ерболат Ибрагимұлының айтуы бойынша, ол адамдармен қазір еңбек қатынасы жоқ. «Сол кезеңдегі адамдардың барлығы тиісті жазасын алған. Қазір елшілікте жұмыс жасамайды» деп жауап берді.
Одан кейін СІМ-нің ресми өкіліне хабарластық. Өзі еңбек демалысында болғандықтан, орнына Ержан Мұстафин деген азамат жауап берді. Қазір осы оқиғаға байланысты тексеріс жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бірақ арнайы мәлімдеменің негізінде ғана жауап бермек. Сіздің бағдарламаңыз оларға сұраныс жіберді, ал олар ресми түрде жауап бермеді. Негізі үш күн ішінде жауап берулері керек. Ережеп Ертай осы эфирге келмес бұрын елшіліктің үстінен шағымданған екен. Сол шағымды да қарастырып жатыр. «Ал Несібелі шағымдану үшін арнайы сұраныс қажет. Содан кейін ғана біз ресми түрде мәлімдейміз» деді. Бірақ мұны күтпестен, Несібелі де олардың үстінен шағымданды», – дейді заңгер.
Аталған бағдарламаға Несібелімен құлдықта бірге болған азаматтар мен оның бұрынғы жолдасы, енесі шақырылған екен. Келіншек ешнәрседен қорықпайтынын айтып жатыр. «Бүгін енем мен бұрынғы күйеуімнің студияға келетінін білдім. Мен олардан не үшін қорқуым керек? Мені құлдыққа салған олардың туған аға-жеңгесі. Қарға-қарғаның көзін шұқымайды. Сол құлдықты өз көзіммен көріп отырмын. Егер менің сөзім рас болмаса, менің алдымдағы аға-әпкелерімнің жанайқайы қайда қалады?», – дейді Несібелі.
Осыдан кейін студияға Нұрдәулет мырза келіп өзін ақтап алуға тырысты. Алайда азаматтың денсаулығы сыр беріп қалған сыңайлы. Көздері жасаурап, үсті-басы тілімденген. «Мен әжемнің қолында өстім. Әкем қайтыс болған соң, анам екінші рет тұрмысқа шықты. Екеуіміздің қарым-қатынасымыз жақсы. Ата-әжем қарапайым қазақы тәрбие берді. Қазығұрттағы мектепте орташа бағамен оқыдым. Әжем көз жұмған соң қатты күйзелдім. Осылай қиналып жүргенімде ағам Мәскеуге жұмысқа шақырды. Ол жерде құлдықта болдым деп айта алмаймын. Айына 120 мың теңге алып отырдым. Осы уақытқа дейін Мәскеуге 4 мәрте бардым. Барлық ақшамды жинап алып кетіп отырдым. Жұмысты кезекпен істейміз. Күнделікті сағат 9-да тұрамыз. Үш бөлмелі пәтеріміз бар. Ал Несібелі айтып отырғандай дүкеннің жертөлесі болмаған. Күнделікті сүт, шай, ботқа ішіп-жедім», – дейді Нұрдәулет мырза.
Осыдан кейін Нұрдәулет мырза мен Несібелі ханым бір-біріне сөз бермей, жанжалдасып кетті. Студия отырғандар кімнің сөзінің рас екенін түсінбей дал болды. Ал психолог Марал Сарбасқызы оларға бірнеше сұрақ қойып, ақиқатты анықтауға тырысты. Осы сәтте студияға Зарина есімді бойжеткен келіп, Нұрдәулет мырзаның сөзін жоққа шығарды. Тіпті, оны қалай жабылып ұрғандарын айтып берді.
«Нұрдәулет сен неге өтірік айтып отырсың? Сені менің көзімше аямай ұратын еді ғой. Мен сол жағдайдың барлығын өз көзіммен көрдім. Сол жерде 6 жыл бойы істедім. Тіпті, саусақтарымның сынған кезі болды. Барлық жерімде жара бар. Сенің айтып отырғаның өтірік. Оны өзінің туысқаны Жансұлу да ұратын. Екеуіміз бірге жұмыс жасағанбыз. Мені Зарина деп атымды атап отыр. Яғни мені таниды. Бұл келушімен сөйлесіп қалса немесе тауардың мерзімі өтіп кетсе ұратын. Бәрімізді бір бөлмеге алып барып, оны жабылып ұрғызатын. 2012 жылы мені анам шетелге шығарды. Осы Сәкен мен Жансұлудың дүкенінде істедім. 6 жыл бойы қандай қорлық көргенімді айта алмаймын. Соншама халық құлдыққа түсіп қалып жатыр. Олардың айыбы неде? Мені бала күтушісі ретінде алып кеткен еді», – дейді Зарина ханым.
Осыдан кейін Нұрдәулеттің анасын айыптаған тағы бір азамат студияда өзінің басынан өткен ауыр күндер туралы айтып берді. Мұнымен қатар, психолог Марал Сарбасқызы Нұрдәулеттің анасының адамгершілігі жоқтығына қайран қалғанын жеткізді. Әзірге аталған іске қатысты белгілі бір шаралардың қолданылып-қолданылмайтыны белгісіз.
Құрметті Stan.kz сайтының оқырмандары! Өрелі адамдар жайында айтар өнегелі әңгімеңіз немесе қызықты фото, видеоңыз немесе бізге айтар ұсыныс-тілектеріңіз бар болса, [email protected] поштасына хат жазуларыңызға әбден болады.
Жіберіп алмаңыз:
Әйелі сотталған қазақстандық азамат қызын тастап, көлікті алып қашқан
Күйеуінен күдіктенген әйел оның қалтасына мүшеқап салып беріп жүр
Қазақ жігіті салақ әйеліне үй шаруасын үйрете алмағанын айтып налыды
Ақтөбелік әйел күйеуінің опасыздығына көз жұмған құрбысына ашуланды