Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтарға неліктен 1414 нөмірінен күмәнді хабарламалар келеді – Министрлік түсіндірді

Цифрлық даму вице-министрі Асхат Оразбек қазақстандықтарға 1414 нөмірінен кейде күмәнді хабарламалардың не себепті келетінін түсіндірді. Мәжіліс отырысында депутаттардың сұрақтарына жауап бере отырып, ол eGov порталы да, 1414 колл-орталығы да бұзылмағанын айтты. Мұның бәрі қазақстандықтардың өздерінің сеніміне байланысты екенін түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: depositphotos

"Қазір eGov бұзылды, ХҚКО бұзылды деген ақпаратқа қатысты айтарым, алаяқтар технологияны қолданбайды. Бүгінде технология бұзылмаған: eGov порталы да, 1414 байланыс орталығы да бұзылған жоқ. Алаяқтар адамдардың сенімін пайдаланады. Мысалы, адамға 1414 порталынан хабарлама келгенде, дәл сол сәтте алаяқ оның жеке парақшасына кіруге тырысады. 1414 хабарламасында код көрсетілген жерде үлкен әріптермен: "Кодыңызды ешкімге айтпаңыз" деп жазылған. Адамдар оны оқымай, кодты алаяққа айтып береді. Сондықтан мұнда ешқандай бұзу жоқ екенін түсіну керек. Өкінішке қарай, адамдар осы кодтарды оңды-солды тарату кезінде қандай жауапкершілік пен мәселе туындайтынын толық түсінбейді", – деп түсіндірді цифрландыру вице-министрі.

Осыған байланысты шенеунік қазақстандықтарды кибергигиена туралы ойлануға шақырды.

"Алаяқтықтар адамдар арқылы, олардың қатысуымен жүзеге асады. Сондықтан қазір кибергигиена мәселелерін көтеру қажет, оны мектептегі білім беруден бастап, ата-аналар мен коммерциялық ұйымдар, соның ішінде банктердің қызметкерлеріне дейін жеткізу маңызды", – деп қосты ол.

Бұл идеяны мәжіліс спикері Ерлан Қошанов қолдады.



"Жақсы ұсыныстар жасап отырсыздар. Менің ойымша, екінші оқылымға дейін комитет ескеріп үлгереді. Оны бөлек заң жобасымен енгізудің қажеті жоқ. Өйткені бұл ұзаққа созылады", – деді Ерлан Қошанов.

Ал қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мадина Әбілқасымова кейбір қазақстандық банктердің клиенттердің жеке деректерін үшінші тұлғаларға бергені туралы ақпаратқа пікір білдірді. Әбілқасымованың айтуынша, "бұл ақпарат, әрине, тексеруді қажет етеді".

"Бізде 2022 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан киберинциденттерге қарсы арнайы жүйе бар. Біз банктермен бірлесіп олардың ақпараттық жүйелеріне шабуылдарды болдырмау шараларын жүзеге асыра аламыз. Жалпы, екінші деңгейлі банктердің ақпараттық қауіпсіздігіне қойылатын талаптар күшейтілді. Банктерге тұрақты түрде тексерулер жүргізіледі. Биыл біз ақпараттық қауіпсіздік мәселелері бойынша 21 банкке тексеру жүргіздік. Әрине, тексеру барысында біз кейбір ескертулер мен бұзушылықтарды анықтаймыз. Ал банктер оларды кейін түзетеді. Алайда кеше айтылған жеке деректердің таралуына қатысты ақпарат бізде расталмайды. Біз қосымша тексеру жүргіземіз. Цифрлық даму министрлігінде де өз функциялары бар. Мүмкін, олар өз тарапынан кейбір бұзушылықтарды анықтаған шығар. Бұл мәселені нақтылау қажет", – деп түсіндірді Әбілқасымова.

Еске салайық, бұған дейін цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі ақпараттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Руслан Әбдіқалықов кейбір қазақстандық банктер өз клиенттерінің жеке деректерін үшінші тұлғаларға бергені туралы ақпаратты растады. Ол банктердің жазаланғанын алға тартты.

Талқылау